Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қажымұқан турнирінде Руслан Әбдіразақов жеңімпаз атанды

Қажымұқан турнирінде Руслан Әбдіразақов жеңімпаз атанды

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекеніндегі Қажымұқан атындағы орталық стадионында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 148 жылдығына орай қазақ күресінен дәстүрлі халықаралық турнир өз мəресіне жетті.

Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Ордабасы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа Ресей, Өзбекстан, Моңғолия елінен келген және еліміздің барлық облыстарынан 300-ге жуық палуан қатысты.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мəлік Отарбаев жəне облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Құрметті жиылған спортсүйер қауым! Бүгінгі байрақты бәсеке баршамызға құтты болсын. Еліміздің палуандары мен көршілес елден келген мықтылар бас қосқан додада шын мықты топ жарып шығады. Әр ел өз балуанын үкілеген үмітпен қосып отыр. Спорт – мықтылар сайысатын, күш сынасатын әділ алаң. Баршаңызға сәттілік пен жеңіс тілеймін», - деді Мәлік Отарбаев.
Екі күн бойы боз кілем үстінде өткен сайыста спортшылар 8 салмақ дәрежесінде жеңімпазды анықтады. Бұл жолғы турнирге палуандар жоғары дайындықпен келгендерін байқатты. Әр белдесуде көрермендерді шеберліктерімен таңқалдырып, тартысты жекпе-жектер өткізді.
Айта кетейік, түйе палуанға «Нива» автокөлігі сарапқа салынды. Жарыста 32 балуан өнер көрсетіп, финалға екі қазақ палуаны мен екі моңғолиялық жігіт іріктеліп шықты.
Тартысты өткен белдесулер нәтижесінде үшінші орынды Моңғолия палуаны Дорж Анар иеленді. Ал, соңғы сында алматылық Руслан Әбдіразақов пен моңғолиялық Серік Бердімұрат кездесіп, бар күштерін ортаға салды. Нәтижесінде, Руслан Әбдіразақов қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Ал жүлделі екінші орынды моңғолиялық Серік Бердімұрат алды.
Қажымұқан Мұңайтпасұлының 148 жылдығына орай қазақ күресінен өткен дәстүрлі халықаралық турнирдің бас жүлдесіне тігілген «Нива» автокөлігінің кілтін Руслан Әбдіразақов иемденді.
Жарысқа қатысқан 8 салмақ дәрежесіндегі қалған жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы тағайындалған естелік сыйлықтармен марапатталды.
20 мамыр 2019 ж. 1 570 0