Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліміздің үздік киберспортшысы командасымен қош айтысты

Еліміздің үздік киберспортшысы командасымен қош айтысты

Киберспорттан шетелдік командаларында бақ сынап жүрген санаулы қазақстандық ойыншылардың бірі Дәурен AdreN Қыстаубаев Faze Clan командасынан кетті. Бұл туралы спортшының өзі Twitter парақшасында жазды: - FaZe командасымен бірге ойнағаныма және жарыстарда жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Бұл жақсы тәжірибе болды. Бұрыннан еуропалық командада ойнауды қалаған едім, - деді Дәурен Қыстаубаев. AdreN-нің орнына Virtus.pro командасынан Филип NEO Кубски есімді ойыншы келді. Дәурен Қыстаубаев Faze Clan командасына 2019 жылдың қаңтар айында ауысқан еді. Жаңа командасымен ELEAGUE Invitational 2019 және BLAST Pro Series Miamі турнирлерінде топ жарды. Дәурен Қыстаубаев Faze Clan сапында жаңадан қосылған ойыншы болғанына қарамастан капитан атанған болатын. Алайда өзінің айтуынша ағылшын тілін жетік меңгермеген оған мұндай лауазым қиынға соққан. Командадан кетудің де бір себебі әріптестерімен еркін сөйлесе алмайтынында болып отыр. Енді қазақстандық ойыншы өзі тіл табыса алатын, орыс тілді командаға ауысуды жоспарлап отыр. Дәурен AdreN Қыстаубаев жанкүйер қауымға Gambit Esports командасының сапында жүргенде танылды. Gambit Esports ұжымымен Польшаның Краков қаласында өткен PGL Major Krakow 2017 әлем біріншілігінде күтпеген жерден CS:GO ойынынан чемпион атанды. Сонымен қатар, Virtus.pro, Astana Dragons, HellRaisers,"dAT Team және HS.GG сияқты командалардың сапында өнер көрсеткен.

14 мамыр 2019 ж. 890 0