Қарақұмнан шыққан Қажымұхан
Бір замандарда «Қарақұм дегенше қарағым десеңші» деген атауға ие болған құтты мекен мақтаныштардан кенде емес. Әсіресе, бұл ауыл туралы сөз бола қалса көпшілік күресімен танылғанын тілге тиек етеді. Рас, солай болған. Оны көзеөргендер әлі де айтып, осынау ирек – ирек құмдар арасынан шыққан балуандаррдың қадамына зер салып, жыл сайын жаңалық күтеді. Бейбітшілік кепілі саналған спорт саласының кәсіби мерекесі күні қарсаңында Қарақұмнан шыққан Қажымұқан деген атаумен әңгіме өрбітуіміздің сыры тереңде жатыр. Өйткені, Қарақұм – қазақ күресі ту тіккен жер. Марқұм Көлбай Данабаев алғаш Қазақстан чемпионы атанып, жерлестері ғана емес барша облыс халқы бөркін аспанға атқанын тарихтан білеміз. Қазіргі айтпағымыз Нұрым Сәлімгерей төңірегінде.
Жаңа ғасырдың алғашқы асуларында Нұрым алысқа көз тікті. Анау бір Табылды Досымовтың «Қыр баласы тауға қарап өспейді, Қыр баласы қол созады аспанға» деген шымыр шумақтарымен шыңдалған ұл бозкілем төрінде атой салды. Елеулі Досжановтай білікті бапкер баптаған Қарақұмның қара баласы жаурыны жер искемей ел абыройын асқақтатып, әркез жеңіс жалауын желбіретіп жүрді. Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған Нұрым «Әлем чемпионы» болып көк байрақты биікте желбіретті. Одан бөлек «Евразия барысы» атанып, талай мәрте әлемдік деңгейдегі кубокқа қол жеткізді.
Спорттық жолында төгілген тер текке кеткен жоқ. Қарақұмнан шыққан Қажымұқан қаншама рет қарсыластарын қоғадай жапырып, жанкүйерлердің үмітін ақтады. Өз ісіне шындап берілген Нұрым Сәлімгерейұлы жеңіске деген құлшынысының арқасында абыройын асырып, мерейін тасытты. Алысқанды алып та, шалып та жыққан балуан бір ғана қазақ күресінің айла – тәсілін меңгермей дзюдо, самбо сияқты спортта шарықтай көрінді. Сәл жоғарыда айтқан спорт түрлерінде де шеберлігімен танылып, халықаралық дәрежеде спорт шебері деген салмақты құжатты еншіледі. Жер қозғалса қозғалмайтын ауыр салмақтағы Нұрым әбжіл қимылымен қарсыласына жолбарысша атылып, ойда жоқ тәсілді қолдану арқылы ес жиғызбастан бозкілемнен сыртқа ығыстыратын. Осындай ерекшелігімен дараланған майталман спортшы өзін облысқа ғана емес республикаға, онан қалды жер жаһандағы спорт сүйер қауымға мойындата алды.
Қазіргі таңда Қызылорда облыстық Теннис мектебінде директордың орынбасары қызметін атқаратын Нұрымның нұрлы жолы бағындырған белестері, асқан асулары кейінгі буынға үлкен мотивация болатыны айдан анық.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ








