Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақын атындағы ауыл

Ақын атындағы ауыл

Туған жер. Әркімнің кіндік қаны тамған жер – Мысыр шаһары. Абай жылы, Абай күні. Жүрегі қазағым деп соққан  кез келген жан ұлт мақтанышы атанған, күллі жаһан мойындаған біртуар тұлғаны ұлықтау үстінде. Тоқсан жыл бұрын ақпарат айдынына  желкен керген аудандық «Толқын» газеті де өз кезегінде хәкімнің айрықша болмысына бойлап, жүрегінен шыққан сырлы сөздерін кеңінен насихаттады. Оны көзі қарақты, көкірегі ояу ойлы оқырман жақсы білер. Қазіргі айтпағымыз басқа. Яғни бас тақырып қойып, айдар таққанымыздай, ақын атындағы ауылдың жайы болмақ.
Иә, кезінде қара қойымен Одаққа танылған киелі өлке жаңа ғасырда да алға озды. Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба және Қошқар ата тұқымдары жыл санап артып, шүйгінді көкорай шалғын үсті тұяқтыға толды. Әсіресе уақыт ағымымен үндескен еңбекқор қауым мал өсіруге белсене кірісіп, үкімет тарапынан көрсетілген қолдаулар негізінде бірінен соң бірі шаруаларын шалқытты. Үлкен-кіші мына заманда жалқауға ғана жұмыс жоқ екенін ұғынып, мал басын асылдандыруға бет бұрды. Кәсіпкерлік те өркен жайған мекенде азық-түлік дүкендері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейе түсті.
«Таныс аймақ, таныс маң». Топырағына аунап өскен перзенттерінің бірі ретінде ақын атауын еншілеген ауылға баруға мен де асығамын. Ара-тұра жол түсе қалса, жүрегім балаша алып-ұшып жазық даладағы еңселі үйлерді көргенде, көңілімді қуаныш кернейді. Табылды ақынның сөзінше жеткізсек, қаншама қыр баласының аспанға қолын создырған білім ұясы ең бірінші алыстан қол бұлғайды. Ғимараттың күтімі де бөлек. Көгалдандыру барысы да ерек. Осындағы білім бұлағынан сусындап, қияға қанат қомдаған жастардың  еліміздегі таңдаулы білім ошақтарында дәріс алып, қазіргі таңда қоғам дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқаны жергілікті ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегінің жемісі екенін ұғындыра түседі. Нақтысы, шәкірті алға озса, мұғалім біткен тақым қысады ғой. Сапалы білім, саналы тәрбие беруді мақсат тұтқан мектептегі педагогтардың түгел дерлігі өз істеріне тиянақты. Толымды тірлігімен, баянды бастамаларымен дараланған ұжым Абай жылы аясында қаншама рет мазмұнды шаралардың ұйытқысына айналды. Нақтырақ тоқталсақ, Абай атын еншілеген үлкенді-кішілі азаматтардың басын қосып, келелі кездесулер өткізді. Тәрбиелік мәні орасан аталмыш басқосуларда салиқалы әңгімелердің тіні тарқатылып, тұшымды ойлар қаузалды.
«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген тәмсілді жүрек кестесіне тоқыған ауыл тұрғындары ерлікті дәріптеуді де бірінші кезекке қоя білді. Округ орталығының көрнекі жеріне ескерткіш тақта орнатып, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ұрпақ жадында жаттау жолында орасан іс тындырылды. Ислам дінін дәріптеуде де жұртшылық  белсенділік танытып, дәстүрлі дінді ұлықтауға біркісідей жұмылғанын Алланың жердегі үйі саналған мешіттен-ақ оңай аңғарасың. Бірін айтып, біріне кетті демессіз. Жергілікті елжанды азамат, жүрегі жомарт жан Абай Қазыбеков ауыл мешітіне ұдайы қамқор қолын созды. Сонымен қатар ауылдың ажарына ажар қосып, «Аналар аллеясын» тұрғызуды да қолға алды.
Ирек-ирек құм арасында темір жол тартылып, тепловоз үні естіледі дегенде, бәзбіреулер күмәнмен қараған кездер болған-ды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарқын бастамасымен бүгінде «Абай» стансасы арқылы Арқа төсіндегі Нұр-Сұлтан қаласына қатынау тиімді жолдардың біріне айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы да көрегендік танытты. Жыл басында «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты танымдық мақала жариялап, бұл бастама «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштасатынын барша қазақстандықтарға үндеді. Енді, міне, Президент осы жылдың 10 тамызын Абай күні деп белгілеп, қазақ халқы бөркін аспанға атты. Абайдан қалған ұлы мұраларды санаға тоқу арқылы ұлы ойшылды тың қырынан тани түсетін жыл, әсіресе жас санаға серпіліс әкелгені даусыз. Оған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ақын шығармаларына терең үңілген сайын адамзат баласы биікке ұмтылып, алысқа құлаш ұрады, – деген сөзі айқын дәлел.
Рас, Абайдың ұстанымын ұстанған ұлт алға озады. Жаман әдеттен бойды аулақ ұстап, асыл істерге ұмтылуды әр шығармасына арқау еткен данышпанның өсиет сөздерін қаперге алған жанның бойында ақыл мен парасат қатар жүреді. Бір сөзбен айтқанда, бақыт кілтін адаспай табуға жол меңзейді. Сіз де өзіңіз армандаған бақыт кілтіне қол жеткізгіңіз келсе, Абаймен сырласып, көкірегіңіз Абай деп сайрасын. Іздегеніңізді табасыз.
11 тамыз 2020 ж. 697 0