Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының әкімі Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Қызылорда облысының әкімі Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Абай күні аясында Қызылорда қаласындағы «Мұрагер» мектебіне барып, Абай ескерткішіне арнайы гүл шоқтарын қойды.
Аймақ басшысы айтулы күнде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының маңыздылығы мен Абай мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттаудың салмағын саралады.
«Бүгін қазақ руханияты үшін айтулы күн. Мемлекет басшысының жарлығымен ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтой жылы бекітіліп, республика көлемінде аталып өтілуде. Ұлы Абайды ұлықтау арқылы халқымыздың ұлттық қадір-қасиетін, рухани-адамгершілік құндылықтарын, әдебиетіміз бен мәдениетімізді әлемге тағы бір қырынан таныта аламыз. Абай күнін атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Жас ұрпақ Абай мұрасын оқу арқылы тәлім мен тәрбие, ізгілік пен адалдықты ту етеді, – деді облыс әкімі.
Айтулы күнде облыс әкімі білім ошағы ғимаратындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп, «Мұрагер» мектебіне Абай есімі берілетінін атап өтті.
Абай күні аясында аймақта «Абай мұрасының ұлттық әдебиет пен мәдениеттегі маңыздылығы» атты республикалық онлайн конференциясы, «Абай – адамзат тарихындағы ұлы тұлға» тақырыптарында Абай оқулары, халық артисі Ерсайын Төлеубайдың «Абай» спектаклінің онлайн көрсетілімі ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, мектеп оқушылары арасында Абайдың қара сөздерін оқудан челлендж, сурет байқауы онлайн форматта аталып өтіледі.
Атап өту қажет, өңірдегі 4 білім беру ошағына, 86 көшеге Абай есімі берілген. Жаңа оқу жылына қарай «Мұрагер» мектебіне Абай есімін беру жұмыстары басталып кетті. Аталған білім ошағында Абай мұралары жинақталатын болады. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы Назарбаев даңғылының бойында орналасқан аллеяға Абай есімі беріліп, оның қара сөздері тасқа қашалып жазылған. Ал, Абай ауылындағы мектеп ауласына бюсті, «Мұрагер» мектебінің ауласына ескерткіші орнатылған.
10 тамыз 2020 ж. 1 903 0