Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралдан шыққан ДАЛА ҚЫРАНЫ

Аралдан шыққан ДАЛА ҚЫРАНЫ

Қасиет тұнған Қарақұмның құмына ойнап өскен Еңбек деген палуан жігіт жайлы ол мектепте оқып жүріп-ақ топ жарып, еліміздің көк байрағын көкте желбіреткенде ақжолтай жаңалық етіп газетіміздің алғашқы бетінде жариялағанымыз бар еді. Одан бері де бес жылға жуық уақыт сырғып өте шығыпты. Жақында ержетіп, еңбекке араласқан Еңбектің «Дала қыраны» атты республикалық турнирде топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінгенін естіп өзімен тілдескен едік.
Еңбек Сақтағанов 2001 жылы Қарақұм ауылында қоныс тепкен Жалырасы Сақтағанов пен Шыныгүл Кенжалиеваның шаңырағында кенжесі болып дүние есігін ашады. Еңбектің есімін есітіп «Қандай ерекше есім» деген ойда болдыңыз ба? Мен де де сондай қызығушылық оянып өзінен сұрағанымда, әкесі Еңбек есімді қимас досынан айырылып қалып қиналып жүрген шақта, өмірге келген ұлын досының құрметіне, соның есімімен атаған екен. Ал жастайынан Қарақұмнан шыққан палуан, күрескер алдынғы буын ағаларының өміріне қанығып өскен Еңбектің күреске деген қызығушылығы ерте жастан оянады.
– Ауылда күрес спорты жақсы дамығанын атап айтар болсам, КСРО-ның спорт шебері атанған ауданға белгілі азамат Көлбай Данабаев, «Қазақстан барысы» атанған Нұрым Сәлімгерей менің жерлестерім. Біз бала болып ойнасақ та, теледидар көрсек те күрестің айналасынан асып кетпеуші едік. Осылай шыңдала түстім. Ең алғаш ауылдағы жаттықтырушы ағайым Елеулі Досжанов менің бағым мен бабымның қатар шабуына септігін тигізді. Ең алғашқы жеңісім облыстық «Алтын белбеу» жарысында бірінші орын алған болатынмын. Осы дода менің спорттағы жетістіктерімнің бастауы болды. Әрі қарай алдымнан тек даңғыл жол ашыла түсті, – деп бастады жас спортшы әңгімесін.
Талантты, дарынды жасөспірімге қырағы көз талай бапкердің көзі түспей қоймады. Жан-жақтан ұсыныс түседі. Бір жағы жас спортшы үшін үлкен қалада мүмкіндік те көп. Осыны ойлаған ол 2015 жылы Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы спорт колледж интернатына қазақ күресі бөліміне оқуға түседі. Бұл спортшы саңлақтар мекенінде бапкер Болатпек Кенеевтың темірдей тәртібімен жүрген Еңбектің еңбегі ақталды. Ол қазақ күресі, самбо күресінен Қазақстан республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы болып, спорт шебері атағын алды. Халықаралық жарыстарға қатысып, өзіне сенім артақан жандарға селкеу салмай жеңіс тұғырынан көріне білді.
– Биылғы жылы Шымкент қаласындағы жоғары оқу орнын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Қазіргі таңда ішкі істер саласында еңбек етудемін. Бала кезден елімді әлемге танытатын спортшы болуды армандаған соң қандай жағдай болса да спорттан қол үзген емеспін. Қазіргі таңда елімізде жас спортшыларға деген қолдау көп. Жайлы спорттық мектептер, үйірмелер кез-келген өңірде жұмыс істеп тұр. Мұның өзі бір бақыт қой. Бізге тек жаттығуға тыңғылықты қарап, жарыста топ жару ғана керек, – дейді Еңбек.
Еңбек үшін спорт өмірінің бір бөлшегі іспетті. Тіпті бірде дәрігерлер оның спортпен шұғылдануына мүлдем болмайтынын айтып тыйым салған. Бірақ жас жігіт олардың бірін де құлаққа ілмеген.
– Спорт тартыстан тұратын дода болған соң бөз кілемде жеңіс үшін жан алысып, жан берісу – спортшы үшін де, оған қолдау көрсетіп отырған жанкүйер үшін де ең қызықты сәт. Сондықтан бізде жеңіл жарақаттану жиі болып тұрады. Бірде кезекті жарыстан соң тізем қатты жарақаттанып, ауруханадан бір-ақ шықтым. Тіпті аяққа ота жасалуы керек болған еді. Бірақ мен отадан бас тарттым. Алматы қаласына барып тыңғылықты емделе бастадым. Дәрігерлер маған спортты қою керектігі туралы айтқанда, ол сөзге аса мән берген жоқпын. Өйткені ішімде қалайда күресті тастамаймын деген ұстаным болды. Осылай кейін жарыс жолына қайта шыққан едім, – деді Еңбек.
Еңбек Жадырасынұлы жуырда Астана қаласында өткен «Дала қыраны» республикалық турнирде топ жарғаны туралы жоғарыда атап өткен болатынбыз. Қазақстанның бас палуанын аталған додаға ол 90 келі салмақ дәрежесі бойынша қатысып жеңіс тұғырынан көрінді. Және 4500000 қаржылай сыйақыға қолжеткізді.
Алдына айқын мақсат қойып, соған жету жолында табанды еңбек ете білген жас палуан Еңбектің атына заты сай азамат екендігіне көзіміз жете түскендей. Сөзі мығым, арманы асқақ, жеңіске құштар спортшыдан әлі де күтеріміз көп. Алдағы уақытта Еңбектің атымен, атағымен мақтанатын күн келсін.
Назерке БАҚЫРАН
26 желтоқсан 2023 ж. 967 0