Мұқыш баққан жылқы семіз болды

1931 жылы Қызылорда облысында Исаев атындағы совхоз ұйымдасқан болатын. М.Нұржаубаев осында бірінші күннен бастап жұмыс істей бастайды. 1937 жылы Қарақұм ауылдық Советінің қарамағындағы Киров атындағы колхозға көшіп барады. Мұнда ол жылқышы болып тағайындалады. Кеңшардың төлін аман сақтап қалу міндеті жүктелген М.Нұржаубаев бұл мамандықты тез меңгеріп, өз ісінің нағыз шебері болып алады. Ол өз алдына, Мұқыштың бағуындағы малдар шаруашылықтағы ең семіз мал еді. Қыстың боранды аяздарында оның бағуындағы үйірлі жылқы әрқашан қауіпсіз жағдайда бағылды. Ол жылқыға күні бұрын өріс әзірлеп, мал түнейтін жердің айналасына шөптен ықтасын жасайтын. Мұқыштың қарауындағы колхоздың жылқылары боранды қыстан қысылмай, шығынсыз шығатын болған. Сондай еңбектің ескерілер тұсы болса керек, 1947 жылы М.Нұржаубаев қажырлы да жемісті еңбегі үшін Ленин орденімен наградталады. Бұдан кейінгі ең абыройлы марапат СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1948 жылғы 23 шілдедегі жарлығы бойынша оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Әйгілі малшы көп жылдар бойы колхоздың жылқысын бақты, іріленген Абай атындағы колхозда жылқы фермасының меңгерушісі, «Қарақұм» совхозында жылқышы болып жұмыс істеді.
Осылайша еңбек майданында мерейі үстем болған жылқышы Мұқыш 1958 жылы зейнеттің зерлі шапанын иығына жапты. Бұдан кейін де қол қусырып қалмаған жылқышы ауыл өміріне етене араласып, жылқышы қауыммен тонның ішікі бауында бірге араласты. Өзі білген құнды кеңестермен бөлісті, кейінгі жылқышы қауымның жақсы нәтижелерге жетуіне жердемдесті. Осылайша есімі тарихта қалған тарлан ер, кейінгі ұрпағы ұран етіп айтар ұлағатты жандар қатарынан табылды. Мұның барлығы адал еңбектің арқасы.
Дайындаған: А. БИСЕНОВ