Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Портты қала қызметкерлерінің еңбегі

Портты қала қызметкерлерінің еңбегі

Айдынды Арал өлкесінің көркін келтірген теңізіміз бұрындары көлемі жағынан дүниежүзі бойынша төртінші орынды алған болатын. Теңіз жағалауында кәсіптің түр-түрі дамып, саяхаттап келуші туристер де күн санап артатын. Балғын балалық шағын теңіз жағасында өткізген бүлдіршіндердің де қуанышында шек болмайтын. Сондай-ақ қаламыздан шыққан түрлі өнімдерді шетелге экспорттап, оған қоса кемелерді қабылдап алып тұратын порт бар еді.
Теңіз порты 1935-1980 жылдар аралығында жұмыс істеп, мыңдаған халықты жұмыспен қамтыды. Теңіз тіршілігімен ұштасып жатқан ыстық естеліктер жайында сөз қозғайық. 1976 жылдары Теңіз порты халықтық бақылау тобының есеп беру жиналысы болып өткен. Атаулы жиында бақылау тобының председателі М.Ізбасаров 1973-1976 жылдар аралығына дейінгі халық бақылаушылары тындырған істер жайында жан-жақты баяндама жасаған екен. Бұл уақытта теңіз портында 40 халық бақылаушысы болған. Бір халықтық бақылау тобы, үш бақылау постысы жұмыс істеген. Сонымен бірге олар ішкі резервтерді іске қосу, үнем тәртібін күшейту жолында тынымсыз еңбек еткен. Жиналыс барысында Теңіз портының басшысы Бақи Нысанбаев: «Халық бақылаушылары әрдайым бізге көмектесіп отырады. Дегенмен атқарылуға тиісті жұмыстар да аз емес. Мысалы жұмыс орнын даярлау, еңбекті ұйымдастыруда кемшіліктер бар. Соның салдарынан вагонның, қайықтың жүк тиеу кездерінде бос тұрып қалуы кездеседі» – деп жұмыс барысындағы кемшіліктерді атап өткен екен.
Тағы айта кетсек, 1976 жылдары Теңіз порты ұжымы КПСС XXV съезінің тарихи шешімдерімен жігерлене отырып, бесжылдықтың алғашқы күндерінен бастап-ақ қарқынды еңбек еткендерін көрсеткен екен. Еңбектерінің нәтижесінде 20 мың тонна жүк өңдеуді қамтамасыз ете білген. Осындай нәтижеге қол жеткізген жүкшілер бригадасы тынымсыз теңіз тіршілігіне зор үлес қосқан. Атап өтер болсақ, Ж.Сайғондиев, Ә.Биболатов және басқа да еңбегі сіңген қызметкерлер есімі ерекше аталады. Бригада мүшелері әрдайым жұмыс істеу үстінде болған. Сондай-ақ олар жұмыстың ыңғайына қарай басқа да қалаларға барып жұмыс істеген.
Теңіз портында елеулі еңбегі сіңіп, сылақшы қызметін атқарған З.Алдабергенова:
– Мен Теңіз портында сылақшы болып көптен еңбек етіп келемін. Әрбір мамандықтың өзіндік құпиясы, қыры мен сыры болады. Алғашқы кездері көптеген қиыншылықтарды жеңуге сол кездері еңбек еткен тәжірибесі мол апайлар көмектесті. Міне, қазір бұл мамандықты толық меңгеріп, алдыңғы қатарлы жұмысшы атанудамын. Біздің бригадада он адам ынтымақтаса еңбек етуде. Олардың барлығы да көп жылдан бері осы салада жұмыс істеп, тәжірибелерін толықтырған жандар. Сондықтан да болар, ай сайынғы тапсырма мен міндеттеме артығымен орындалады. Мен КПСС XXV съезі алға қойылған жаңа міндеттермен жігерлене отырып, биылғы жылға жаңа межелер белгілеп алдым. Онда негізінен атқарылатын жұмыстың сапасы мен тиімділігін жақсарту басшылыққа алынған. Әрине, бұл қиын нәрсе. Міндеттеме алу бір ерлік, оны орындау мың ерлік дегендей мен бар күш-жігерімді серттен шығу үшін жұмсаймын,– деген бір естелігінде.
Міне, кішкене естеліктердің өзінде теңіз портының тынымсыз еңбек еткендігі жөнінде білуге болады. Ондағы әр бөлімге жауапты мамандардың өзі жұмысты адал және аса жауапкершілікпен жұмыс істегендері көрініп-ақ тұр. Қаншама әлем елдеріне зат тасымалдаған теңіз портының таңғажайып естеліктері бір бөлек. Енді ол – тарих.

А.НҰРЛАНОВА
23 қазан 2022 ж. 503 0