Ерлігі ел жадында

Негізі Арзмағанбет ата 1908 жылы осы Арал ауданында дүниеге келген. 1941 жылы Одақтас елдер құрамына «Соғыс басталды» деген суыт хабар тарай бастағанда, кейіпкеріміз 33 жастағы жігіт ағасына айналған дер шағы. Кері шегінер жол жоқ. Осылайша сол жылдың қыркүйек айында Коми АССР-і Княжн-Погост аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанады. Кіші сержант шенімен 1942 жылдың көктемінде Карел майданы, 13 армия құрамындағы №126 таулы атқыштар корпусының құрамында ұрысқа түскен майдангер өлім мен өмір арасындағы арпалысты сәттерді бастан өткерген екен. Қателіктер кешірілмейтін қан майдан даласынан есен-сау елге оралу оңай шаруа болмағаны түсінікті. Кейіпкеріміз сондай сүрлеулі, соқпақты жолдардан өтіп, бейбіт күннің берекесін сезінген жан.
Алайда соғыс жылдарындағы қасіретті кезеңдердің қара таңбасы Арзмағанбет атаны қай уақытта болмасын ауыр күрсіндіретін. Енді қайтсін, қан майданда бірге болған қанды көйлек достарының ажал құшуы, жазықсыз жандардың көз алдындағы шарасыз көрінісі кейіпкерімізді ойландырмай қоймасы анық. Қазіргі бейбіт күннің қадірін сол кісілерден артық сезінер ешкім болмағаны анық. Ақиқатында Арзмағанбет Өскімбаев майдан өтінде 1945 жылға дейін болды. 1942 жылы Пестсам-Киркенеск соғыс операциясына қатысып, Луостари ауданын жаудан тазартуға атсалысады. Бұл маңды қорғап, жаудан тазалау оңай болмаған. Айнала ми батпақ, жолсыз әрі таулы өлке болатын. Тіпті кейбір жерлерде солдаттар жау оғының астында жүріп, тауға альпинистерше өрмелей соғысқан күндер аз болмаған. Әсіресе Куорпукас атты таулы-гранитті жотаны жаудан тартып алуда жауынгерлер нағыз ерлік таныта білді. Бұл ұрыста Арзмағанбет ата да болған.
Бұдан бөлек, 1944 жылы кіші сержант А.Өскімбаевтың №126 таулы атқыштар корпусы жанкешті ұрыстар жүргізе отырып, Коми жеріндегі Сальмиярви, Тарнет, Ахмалахи және Мункельвен елді мекендерімен қатар Клистервати көлін жаудан азат етуде ерліктің ерен үлгісін көрсетеді. Ал 1945 жылы Еуропа жеріндегі Сырин, Блющув и Камень қалаларымен Одер өзені үшін болған шайқастарға қатысып, осы жылдың мамыр айында Чехословакия жерінде соғысты аяқтайды. Осылайша талай ұрыста жау өтін талқандаған таулы атқыштар корпусы Ұлы Жеңіске айрықша үлес қосады. Алайда Одақ сенім артқан құрамында Арзмағанбет сарбаз бар №126 таулы атқыштар корпусы сол жылы Қиыр Шығысқа аттанады. Ондағы мақсат – милитаристік Жапониядағы соғысқа қатысу. Алайда Жапон жеріндегі соғыстың бітуіне байланысты сарбаздар елге оралады.
Міне, бір басына жетерлік ерлігі елге мәлім Арзмағанбет ақсақал елге келген соң да еңбек майданында тер төккен. Осы Арал қаласында Портта Қарағанды баржы мекемесінде шпикер, "Коммуна" теплоходында әскери-теңіз флотының құрам командирі қызметтерін атқарған. Бейбіт күннің бақытына кенелген батыр ізін жалғар 2 қыз, 1 ұлынан тараған немере-шөберелерінің қызығына кенелді. Осылайша еліміздің ерлік тақтасында есімі алтын әріптермен жазылған қарт майдангер 1992 жылы 84 жасында өмірден озған.
А. БИСЕНОВ