Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерге тағзым

Туған жерге тағзым

Жуырда Тараздан келген қонағымыз Қаршыға Әбілтайқызы Қарақұм елді мекеніндегі орта мектептің жанынан өтіп бара жатып, құдды бір паркте жүргендей екі-үш сағаттан астам қызықтап жүріп алды. Шашбауын көтеріп барған қонағымның мектеп ауласындағы тамаша көрініске тамсанғаны сондай, мен де осы жолдардың авторы қолыма қалам алып, сүйікті басылымым «Толқын» газеті арқылы игі істің жанашыры еңбекқор жандар жайлы айтқан тұшымды ой-пікірін зерделі оқырмандарға жеткізуге асықтым. Әрине бұл игі істің ар жағында қаншама еңбек жатыр десеңізші...
№59 Қарақұм орта мектеп ұжымының бұрынғы басшысы Шәрбану ханым бастаған техникалық қызметкерлерінің еңбегін көріп, қайынсіңлім де, өзім де риза болдым. Иә, әрбір дұрыс әрі жүйелі басқарып ұйымдастыра білген жұмыс өз нәтижесін берері сөзсіз. Біз қонағынымызбен үлкен қалада жүргендей әсерде болдық. Шыжып тұрған күннің ыстығына қарамай тамсана ұзақ аялдап қалыппыз. Әрине еткен еңбек бағалануы тиіс деп ойлаймын. Шынында да қаланың қызы өсіп тұрған шыршаға да, жеміс ағаштары, алма бағына да ұзақ қарап тұрды. Мектептің ауласы түрлі гүлдермен көмкеріліп, жайқала өскен екен. Бұл да мектеп директоры болған Шәрбану Жанкүшікованың ұжымды ауызбіршілікке шақырып, ұйыстыра білгенінің арқасы ғой. Қайынсіңлім гүлдердің жанында фотоға түсірші деп қолқа салды. Шіліңгір шілденің аптап ыстығында мектеп ауласында егілген гүлдерді ықыласпен суарып тұру қажырлы еңбек пен үлкен ыждағаттылықты талап ететіні сөзсіз. Сол еңбектің нәтижесінде аулаға да, мектептің жан-жағына да сән беріп, жайқала өскені көз қуантады. Ол сөз арасында «аудандағы барлық мектептер мен балабақшалардың ауласы да осындай ма?»деп сауал тастады. «Шәрбану ханым бүгінгі таңда ротация, яғни алмастыру, ауысу тәртібімен қаладағы №260 орта мектепте де өз іс-тәжірибесін жүргізуде» дедім. Аудандағы 60-қа жуық шағын, орталау және орта мектептер мен балабақшалар да осы іс-тәжірибені жалғастырып кетсе нұр үстіне нұр болар еді деп жатырмын. Еңбек демалысында жүрген соң басқа мектептерге де баға бере алмаймын, дедім қонағыма. «Еңбектің қайтарымы міндетті түрде болады», – деп Шәрбану қыздарының бәлкім осы еңбегін бағалап, аудандық мәслихаттың депутаты етіп сайлады. Бұл да болса халықтың көрсеткен үлкен сенімі ғой деп айтып жатырмын. Еңбеккерлердің тындырымды жұмыстарын шеберлікпен үйлестіріп басқара білген аудандық мәслихаттың депутаты Шәрбану ханымға ризашылығымыз шексіз болды. Қаршыға қайынсіңлімнің нәті дәрігер сарапшы ғой. Арал қаласына қарағанда Қарақұмның ауасы да таза, тіпті экология аздау секілді ғой. Тіпті бұл жақта маса атаулы да жоқ екен деп жатыр. Ал қалада көк маса және еңсеңді бір көтере алмайсың, таза экологияның әсері ме деп жатыр.
«Туған жердің түтіні де ыстық» демекші, жұбайы қарақұмдық Берекет пен немерелері Әлихан мен Айбек Қарақұмның сары алтындай піскен ақ құмына түсіп, бассейніне шомылып, қатты ұнап қалғаны соншалықты, Таразға қайтқылары келмей қалды. Байырғы мектеп түлектері орталарынан қаржы жинап, балаларға бассейн жасап берген екен. Осындай ауылдағы рәтті іске қалай риза болмассың. Қайсыбір күні қонағымды қаладағы «Жалаңтөс Баһадүр» аллеясына, «Рәміздер», «Тәуелсіздік» алаңдарына қыдырттым. Қала жастарына ел болашағы балаларымызға аудан әкімі Серік Сағитжанұлы да барлық жағдайды жасапты. Керемет ұлы еңбектің нәтижесін қаншама қала қонақтары көріп жатыр. Түңгі қала тіршілігіне де риза болып қалды. Тек «Жалаңтөс Баһадүр» аллеясында ашылған субұрқақтың біз барған сенбі күні жұмыс істемей тұрғаны қынжылтты. Аталмыш алаңдардағы ойын алаңдары өте жайсаң, керемет жасалыпты деп Жәнібек пен Керей ханның отанынан келген білікті дәрігер, ару қызымыз Қаршыға Тарғынова риза болып,туған жеріне төркінжұртындағы ел ағаларына алғаусыз ақ тілегін жаудырды.
Қ. ДӘУІТОВА
04 тамыз 2023 ж. 146 0