Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Головкин мен "Канело" төртінші рет жұдырықтасса таңғалмаймын" - Том Леффлер

"Головкин мен "Канело" төртінші рет жұдырықтасса таңғалмаймын" - Том Леффлер

Орта салмақтағы экс-чемпион Геннадий Головкиннің (38-1-1, 34 КО) промоутері Том Леффлер FightHype.com сайтына берген сұхбатында қазақстандық пен Сауль "Канело" Альварес (52-1-2, 35 КО) арасында өтеді деген жекпе-жек туралы ойын айтты. Осыған дейін боксшылар Лас-Вегаста жұдырықтасқан. 2017 жылы өткен бірінші жекпе-жекте олар тең нәтижемен аяқтаған. Ал бір жылдан соң қазақстандық боксшы карьерасында бірінші рет жеңіліс тапты. Сөйтіп WBC, WBA (Super) және IBO титулдарынан айырылды. Леффлердің сөзінше, олар рингте төртінші рет кездесуі мүмкін. Бірақ боксшылар әлі үшінші жекпе-жекті өткізу жайлы келіспеген. Дегенмен, осыған дейін Головкиннің командасы үшінші кездесу өткізуге қызығушылық танытқан еді. Сондай-ақ промоутер орта салмақта мықты боксшылардың көп екенін алға тартып, олардың да Головкиннің қарсыласы атануы мүмкін екенін айтты. "Орта дивизионда қазіргі уақытта мықты боксшылар көп. Олардың қатарында Дэнни Джейкобс та бар. Джейкобсты тек Сауль Альварес пен Геннадий Головкин жеңе алады. Сондықтан біздің тізімде Дэнни Джейкобс, Деметриус Андраде мен Джермалл Чарло бар. Джарретт Херд та орта салмаққа көтерілсе біздің тізімге кіруі мүмкін. Меніңше, алдағы уақытта орта салмақта айтулы жекпе-жектер болады. Егер Альварес пен Головкиннің арасында төртінші жекпе-жек өтетін болса, мен таңғалмаймын", - деді Том Леффлер. Головкин келесі жекпе-жегін 8 маусымда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өткізеді. Оның қарсыласы - Стив Роллс (19-0, 10 КО). Боксшылар 164 фунтқа дейінгі аралықтағы салмақта өнер көрсетеді. Бұл бокс кеші қазақстандықтың DAZN компаниясымен үшжылдық келісімшартының алғашқы жекпе-жегі.
https://kaz.tengrinews.kz
27 мамыр 2019 ж. 877 0