Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елордада дуатлоннан ашық қалалық турнир өтеді

Елордада дуатлоннан ашық қалалық турнир өтеді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын 23 маусымда өтетін дуатлоннан ашық қалалық турнирге шақырады. 

Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше аталған спорттық шара төртінші мәрте өткізіліп, Елорда күніне орайластырылған ең ірі спорттық бұқаралық жарыс болып саналады. 
«Нұр-Сұлтан Дуатлон-2019» жарысында 16 жастан асқандардың барлығы қатыса алады. Ол үшін 21 маусым, сағат 18.00-ге дейін елордалық триатлон федерациясының www.triathlonastana.kz сайтында тіркелу қажет, 22 маусымда сағат 12:00-21:00 аралығында «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда тіркелгендерге бастапқы топтамалар таратылады. 
Жарысқа қатысушылар үш қашықтықты бағындырады – жүгіру, веложарыс және тағы да жүгіру. Жүгіру қашықтығы 5 және 2,5 км құрайды, спортшылар 20 км велосипедпен бағындырады. Бұл кезеңде міндетті түрде қатысушының өз велосипеді және шлемі болуы керек. Дуатлонның толық регламенті Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының www.madeniet-sport-astana.kz сайтында жарияланған. 
Жарыс таңғы сағат 08:00 «Бәйтерек» монументінің жанындағы алаңнан басталады. Жүгіру жолы Қонаев көшесі, Қабанбай батыр даңғылы, Ақмешіт көшесі, Достық көшесі және Мәңгілік ел даңғылы арқылы өтеді. Сонымен қатар, Қонаев көшесінен бастап, Тұран даңғылының бойымен «Астана жұлдыздары» монументіне дейін (Қабанбай батыр даңғылымен айналма жол) 20 шақырым жолды қатысушылар велосипедпен жүріп өтеді. Мұнда қатысушылар кері бұрылып, Тұран даңғылымен Достық көшесіне дейін, Мәңгілік ел даңғылымен жүреді, жарыс Қонаев көшесінде мәресіне жетеді. «Нұр-Сұлтан Дуатлон-2019» жарысы барысында қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған көшелерде көлік қозғалысы шектеледі. 
Айта кетейік, дуатлон қашықтығын бағындыруға ең көп дегенде 150 минут уақыт беріледі, ал бұл уақыттан асқан спортшылар жарыстан шеттетіледі. 
Жарысқа жіберілген спортшылар 4 жас санатына бөлінеді – 16-дан 29-ға дейін, 30 – 39 жас, 40 – 49 жас, 50 жас және одан асқандар. Әрбір жас санаты бойынша жеңімпаздар қашықтықты бағындыруға жұмсалған ең аз уақыт бойынша анықталады. Хронометраж арнайы қондырғының көмегімен жеке есептелетін болады. Жарыс соңында 1, 2, және 3-орын алған чемпиондар марапатталады, сондай-ақ, тіркелген спортшылар арасында лотерея ойнатылып, бағалы сыйлықтар ұтысқа тігіледі.
18 маусым 2019 ж. 554 0