Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бостандық аңсаған бозбала

Бостандық аңсаған бозбала

Кеңес өкіметі – адамзат тарихындағы қатыгез де қаһарлы алып империя болды. 70 жыл жер-жаһанды тітіркендіріп өткен бұл мемлекет тарихы – қанды оқиғалар, халықтың қырғындары, алапат аштық, жойқын репрессиялармен есте қалды. Адамдарды ізгіліктен, еркіндіктен айырып, қорлықтың небір сұмдықтарын өз халқына аяусыз көрсеткен КСРО ақыры қанды шеңгелді қуатынан айырылып, бір-ақ күнде жойылып тынды. Әрине, оның жойылуына ата-әжелеріміздің қандай да бір жағдайларда түрлі-түрлі қарсылықтарының, бостандықты, тәуелсіздікті арман еткен рухты күрестерінің әсер еткені сөзсіз. Сол күрестерден шайқалған тамырсыз дарақ құлады. Сондай ішкі арпалыстың, халықтың өз еркіндігін аңсауының кішкентай бір көрінісі бүгінгі әңгімемізге арқау болып отыр.
Қосжан ағаны ес біліп, етек жапқалы, яғни кішкентайымнан білемін. Ол кісі менің әкемнің туған бажасы. Қаратереңде тұра¬тын. Аралға келсе, міндетті түрде біздің үйге соғатын. Көруге көз тоятындай жігіт ағасы болды. Оның орта бойлы тұлға бітімі күреске түсетін жұп-жұмыр палуандарды елестететін. Төртпақ, екі иығына екі кісі мінгендей қапсағай кісінің қимылы өте ширақ болатын. Қалың шашын қысқартып алып жүретін. Үнемі күлімсіреп, жүзінен жылылық лебі есіп тұратын. Қарлығыңқы шығатын үні нық болатын. Бесінші-алтыншы сыныптарда оқып жүрген кезімізде ол туралы әңгімелер құла-ғымызға еміс-еміс тие бастады. Үйде әңгіме арасында оның басынан өткен оқиға айтылып қалатын. Әуелі естігенде бір түрлі тосырқап қалғанымыз да шындық. Кеңес өкіметіне қарсы тұрған оның әрекетін еш түсіне де алмадық. Біздің «сүйікті» Отанымызға қарсылық еткеніне таңданғанбыз.
Қосжан Жиенәлиев Қасқақұлан ауылдық кеңесінің аумағында 1922 жылы жұ-мыс¬шы отбасында туған. Көзжетпес ауылындағы мектептің 7 сыныбын бітірген. Жұрт қатарлы комсомол мүшесі болған. Ұзынқайыр балық зауытында жұмысшы боп жүрген. Алайда еті тірі, анау-мынауға көне бермейтін бозбаланың ойында не болғанын білу қиын. Дегенмен жас жігіт Қосжанның өзгелер ойламаған әрекетке барғаны ол кез үшін үлкен қылмыс еді. Елдің ішіндегі барша жақсылары мен жайсаңдарын жойып отырған, әр адамның соңына шам алып түсіп, аңдуда болатын қапас қоғамда оған деген титтей қарсылық көрсету оңай емес-тін. Албырт жүрек, өр кеуде, қазақтың еркіндік сүйгіштігі бойында бар Қосжан бір түнде ірі малдың жауырын сүйегіне баттитып «Долой СССР!» деп жазып, жұрт көретін жерге тастаған екен. Бұл оның нағыз қаһармандығы еді. «Совет өкіметі жойылсын!» деп жазу түгілі, ойлаудың өзі ол заманда мүмкін болмайтын. Жауырын сүйектегі жазудың иесін тауып, тергеу орнына, НКВД-ның қолына белсене жүріп хабарлаушылар да табыла кетті. Ресми құжаттарда былай деп жазылған: «Жиенәлиев Қосжанның жауырын сүйекке Кеңес өкіметі мен партия көсемдерінің аттарын көрсетіп, контрреволюциялық сөздер жазғандығы алдын ала тергеуде және сот тергеуінде айыпкердің қылмысы мойнына толық қойылды.
Тергеу ісі 1942 жылдың 20 наурызында аяқталып, айыптау қорытындысы 22 мамырда шығарылған, оны Қызылорда облыстық НКВД басқармасының бастығы 23 мамырда, облыс прокуроры 28 мамырда, облыстық соттың қылмыстық істер қарайтын сот коллегиясының дайындау мәжілісі 3 маусымда бекіткен Қызылорда облыстық соты 1942 жылғы 29 маусымдағы үкімімен айыпкер Жиенәлиев Қосжан 10 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын өтегеннен кейін 3 жылға сайлау-сайлану құқын жоюға сотталған». Өз көкейіндегі ұлы арманын білдірген жас жігіт 10 жылын Сібір тайгасындағы баскесер мен саяси тұтқындар қамалатын лагерьлерде өткізді. Үлкендерден естігеніміз, ол осы сотталған шағы туралы айта бермейді екен. Тек апайтөс, батыр мінез жігіттің істі боп жүрген қазақ азаматтарына жасаған қамқорлығы, оларды өз қорғауына алуы туралы әңгімелер елге аңыз боп жеткен. 10 жылын өтеген жігіт 22 жасында шашы қудай аппақ болып туған жерінің топырағына аяғы тиген. «Өрт ішінде мақтаны сақтайды» деген осы шығар.
Қосжан ағаның кіші шешесі Алтын Махамбетжанқызы кейініректе «Қошекемді милициялар келіп ұстап, қолына кісен салып айдап әкетті. Үш шалдың, үш шаңырақтың ортасындағы жалғыз еркек кіндікті бала еді. Еңіреп жылап қала берді. Оны айдауылдар Қазалының тас түрмесіне апарып қамады деп естідік. Ол кезде Қазалы теңіз қолтығындағы айнала дүниеден бейхабар біздер үшін жердің түбі. Артынан іздеп, қуалап бара алмадық. Пәлен жылдан кейін Қошекемнің өзі он екі мүшесі түгел, аман-есен келді ғой» деп еске алып, көзіне жас шыланып, шүкіршілік айтып отыратын.
Қосжан ағаның жайын бірде Қазалы ауданы Бірлік ауылында тұратын нағашым Аязбаев Жаппасбайдан сұрап сыр тартқанмын.
Сонда бүгінде 84-ке келген қарт: «Қиын кездер ғой. Қосжанның жауырын сүйекке жазғанын білген Жармақ Көтен Белден Боқ (бұл кісінің атын әдейі айтпады, ауыл жұрты да оны солай атап кеткен екен) деген кісі қастық қылып ұстап берген. Жас жігітті арамзалықпен торға түсірген әлгі шала сауатты мұғалімді ел жек көріп, бетіне түкіретін» дегені бар.
Елге оралған Қосжан Әбжанұлы балық колхоздарында жұмыс істейді. Орысша өте сауатты болған екен. Содан да болар, балық тресі оны 1960 жылы Ресейдің Астрахань қаласындағы 10 айлық курсқа жіберіп, 3 разрядты кеме механигі мамандығын алып шыққан. «Одесса» атты кемеде мамандығы бойынша жұмыс істеген. Кейін теңіз тартылар тұста Қызылорда қаласының іргесінде ашылған балық тоғаны ашылғанда, сонда механик боп ауысып жұмыс істеп жүргенінде 1982 жылы көрген азап, мехнатынан да болар алпысқа да келмей қайтыс болыпты.
Кеңес өкіметіне өрімдей жап-жас басымен сес көрсеткен жас жігіттің көп сыры ішінде кеткені анық. Коммунизм атты елесті қуған темір торлы мемлекетте мұндай адамдарға орын табу қиын еді. Бұл мемлекеттің зорлықшыл, азаптағыш жүйесін көзбен көрген олардың жан дүниесінде қандай аласапырандар болып жатты екен. Мойнындағы үлкен айыптау жылдар бойы жүзіне шіркеу болғаны ақиқат. Соңғы ақтауды көруге де жазбапты. Өйткені «Қазақ ССР прокуроры орынбасарының Қазақ ССР Жоғарғы сотының Президиумына 1990 жылғы 30 қаңтарда жолдаған наразылығы бойынша Жиенәлиев Қосжан жөнінде Қызылорда облыстық сотының 1992 жылғы 29 маусымдағы үкімі бойынша оның әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, істі бұзуды және өндірістен қысқартуды сұраған. Ол толық ақталды» деген қаулыны көрмей кеткен.
Қаншама өмір қиыншылықтарын, НКВД-ның адам төзгісіз азаптауларын, жосықсыз айыптауларын көрсе де, Қосжан аға аман-есен оралған соң, Әлиқызы Күлпарамға үйленіп, он бала сүйген. Бүгінде олар үлкен бір әулеттің бұтақтары боп кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде бақуатты өмір кешуде.
Ұлы ұшан Аралдың айдынды жағалауындағы қоңырқай тірлікті балықшы ауылдан қар астынан жарып шыққан бәйшешектей суыққа тоңса да, онысын еш сездірмей нұрлы өмір кешкен арда азамат Қосжан Жиенәлиевтің біз білетін азды-көпті талайлы тағдыры осындай...

Е. ЗЕЙНЕТҰЛЫ
Арал қаласы
16 желтоқсан 2019 ж. 1 019 0