Тышқан жылындағы тарихи оқиғалар
Шығыс күнтізбесіне сәйкес алда келе жатқан 2020 жыл – тышқан жылы саналады. Қазақ халқы тышқан жылын молшылық, береке, татулық, тыныштық жылы деп санаған. Расында да тышқан жылы қазақ тарихында қиыншылық, аштық, жұт немесе жаугершілік секілді есте қаларлықтай оқиғалар бола қоймаған екен. Керісінше бұл жылдардың көбін көшпелі бабаларымыз мамыражай тірлікте, молшылықта өткізіпті. Тышқан жылы Қанжығалы Бөгенбай (1684), Жалаңтөс (1576), Келмембет (1648), Махамбет Өтемісұлы (1804), Балуан Шолақ (1864), Дінмұхамед Қонаев (1912) сынды ұлы тұлғаларымыз дүниеге келген жыл екен. Ең қызығы, Қазақ ордасының негізі де осы тышқан жылы құрылған.
1456 жылы Керей мен Жəнібек хандар қазақ халқының тұнғыш жеке мемлекеттік құрылымының негізін қалады. Хандық негіздегі бұл басқару жүйесі 1465-1847 жылдар аралығында дамыды. Яғни төрт ғасыр бойы, Кенесары Қасымұлы заманына дейін жалғасты. Территориялық аумағы Еділден Жайыққа дейінгі территорияны, Сырдария мен Әмудария өзендерінің аралығын сондай-ақ, Хорасан жерін түгел қамтып жатты. Сол секілді қазақ халқының негізгі құндылығына айналған әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» да тура осы тышқан жылында (1684 жылы) қабылданғанын айта кету керек. Ары қарай даталар сөйлесін: 1468 жылы Әбілхайыр хан көз жұмды.
1684 жылы Күлтөбенің басында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің қатысуымен «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылданды. «Жеті жарғының» толық нұсқасы сақталмаған. Оның үзінділерін К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларынан оқуға болады. «Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін пайдаланып келді. Ал кейбірі тіптен Қазан төңкерісіне дейін қолданылды.
1708 жылы жоңғарлардың кезекті шабуылы басталды. Бұл шапқыншылық Қазақ хандығының оңтүстік аудандарына айтарлықтай нұқсан келтірді. 1720 жылы Павлодар,Өскемен бекіністері салынды 1744 жылы Орынбор бекінісі салынды 1744 жылы Әбілмәмбет хан қазақ хандығының орталығын Түркістанға көшірді. 1756 жылы ойрат нояны әрі Жоңғарияның соңғы билеушісі Әмірсана Абылайдан пана сұрап келді. Абылай оны уақ-керей тайпасының көсемі Қожабергенге аманат етіп тапсырды.
1756 жылы «Шүршіт қырылған» қырғыны болды. Дәл осы жылдың қара күзінде яғни 17 қазаны күні қазақ даласына 20 мың қолмен басып кірген қытай әскеріне ойсырата соққы берілді. Абылай ханның «Қылқұйрық» яғни қолына таяқ ұстауға жарайтын еркек кіндіктің барлығы атқа қонсын деген жарлығы бойынша бір қолдың астына жиналған күллі қазақ батырлары менмендеп келген жаудың мысын басып, жалғыз күннің ішінде түгін қоймай қырып жіберген. Абылайдың өзі шайқас өткен жазықтан жарты шақырымдай ғана жерде орналасқан қос төбенің бірінде қосынын құрып, бұйрықтар беріп отырған. Аз уақыттың ішінде жауды ықтырған қазақ қолы шүршіт армиясын Шідерті өзеніне әкеліп тіреп тұрып қынадай қырып салады. Қытайдың 20 мың әскерінен 1600 адам әрең тірі қалған. Ал қазақ қолынан 570 адам қаза табады. Қытай әскерінің шығыны өте көп болғанын қазақ жеріне жасаған жорықты сырттан қадағалап отырған Ресей әскерилері де растайды. Сібірлік Бригадир В.Якобидің «Батыс жорығына аттанған қытайдың жиырма мың әскерінен Селенгі шекарасына тек мың алты жүзі қайтып оралды» деген мәліметі осы сөзімізге куә болса керек.
1768 жылы белгілі жырау, қолбасшы, дипломат Ақтамберді Сарыұлы қайтыс болды. 1780 жылы күз айында Абылай хан дүниеден өтті. Кейбір деректерде 1781 жылы қайтқаны айтылады. 1780 жылы Бөлекей хан Бұхар әмірінің қолдауымен Кіші жүздің Шөмекей руының және қарақалпақтардың басым бөлігінің ханы болып сайланды.
1780 жылы Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай ханым дүниеден өтті. 1792 жылы Кіші жүздің ханы Нұралы ханның інісі Ералы таққа отырады. 1804 жылы қазақтың өр рухты ақыны, батыр әрі қолбасшы Махамбет Өтемісұлы дүниеге келді. 1816 жылы Қазақтың соңғы хан-сұлтандардың бірі – Бөкей таққа отырды. 1828 жылы Қазақтың суырып салма ақыны, әншісі, композиторы Жапар Құттыбайұлы өмірге келді.
1840 жылы Орынбордың генерал-губернаторы граф В.А.Перовскийдің кепілімен патша үкіметі Кенесарыға кешірім жасалды. Кенесарының тұтқынға алынған туған-туыстарының барлығы да түрмеден босатылды. Араға бір жыл салып яғни 1841 жылдың қыркүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Сөйтіп Қазақ хандығы қалпына келтірілді. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады.
1864 жылы 8 қаңтарда Торғайда Ыбырай Алтынсарин мектебінің салтанатты ашылуы өтті. 1864 жылы атақты әнші-композитор, ақын әрі жауырыны жерге тимеген балуан – Нұрмағамбет Баймырзаұлы (Балуан Шолақ) дүниеге келді.
1876 жылы қыркүйек айында Қазақстан аумағы бойынша Орал қаласында Ресей империясы Мемлекеттік банкінің тұңғыш бөлімшесі ашылды. 1876 жылы қоғам қайраткері, қазақ халқынан шыққан тұңғыш құқық магистрі Жақып Ақбаев (1876–1934) дүние есігін ашты.
1888 жылы Бақыткерей Құлманов қазақ оқымыстыларының ішінде алғаш болып Петерборда магистрлік диссертация қорғады. Ол Ресейді бірінші және екінші Мемлекетті Думасына депутат болып сайланған адам.
1888 жылдың 1 қаңтарында «Дала уалаяты» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Аталмыш басылым Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде шығатын «Акмолинские областные ведомоства» газетіне қосымша ретінде шығарылған ресми газет. Ол 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін шығып тұрды . Алғашқы редакторлары - Ешмұхамед Абылайханов пен Дінмұхамед Сұлтанғазин еді 1900 жылы Алматы қаласындағы қазіргі Қазақ мемлекеттік филармониясының негізі қаланды. Бұл қазақ даласында құрылған алғашқы оркестр болды.
1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы төте нұсқадағы Қазақ әліпбиін қолданысқа ұсынды. Осы жылы «Оқу құралы» қазақша әліппесінің бірінші кітабы шығады. 1912 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев дүниеге келді 1912 жылы мамырда Қазақстанда Спасск мыс қорыту зауытында ереуіл болды. 1924 жылы Қазақ АСКР-ның (Қазақ Автономиялы Социалистік Совет Республикасының) Конституциясының жобасы қабылданды.
1924 жылы қыркүйек айында Қазақ Автономиялы Әкімшілігі территориясын межелеу барысында елдің астанасын Орынбордан көшіру туралы мәселе қойылды. Алғашында ел астанасын Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында қаулы болды. Алайда, Мәскеудің араласуымен ел астанасы Ақмешітке ауыстырылады деп шешім қабылданды.
1936 жылы Қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі 1-ші онкүндігі болып өтті. 1936 жылы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы болып өзгерді. 1936 жылы жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Сайын Мұратбеков дүниеге келді; 1972 жылы Қазақ КСР-нің су кодексі қабылданды.
1972 жылы Мюнхен Олимпиадасында алғашқы қазақ баласы Әлжан Жармұхамедов баскетболдан әлем чемпионы атанды. Әлжан Жармұхамедов - қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы. Монреаль Олимпиадасының қола жүлдегері (1976), яғни қатарынан мәрте Олимпиада ойындарының жеңіс тұғырына көтерілген спортшы.
1970 жылғы Әлем чемпионатының қола, 1978 жылғысының күміс жүлдегері атанған. Дүниежүзілік универсиаданың жеңімпазы (1970), Еуропаның 3 дүркін чемпионы (1967, 1971, 1979 жылдары), 1971 өткен Еуропа Суперкубогінің иесі әрі Кеңес Одағының 10 мәрте чемпионы (1970-1980) атанған дарын иесі. 1996 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу (ЯСЖТ) шартына қосылды.
1996 жылы 16 желтоқсанда ‑ Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды. 2008 жылы Астанада «Қазақ елі» монументі ашылды. Монументтің биіктігі 91метр. 2008 жылы 2 желтоқсанда 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды.
Автор: Бүркіт НҰРАСЫ.
e-history.kz