Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлімсақтан бүгінге жеткен іздер

Әлімсақтан бүгінге жеткен іздер

Айдынды Арал өңірінің арыдағы да, бері­дегі де ұзақ тарихына үңіліп, жылт еткен тың, жаңа дерек, айтылмаған айғақ тапсақ, соны әрі қарай үңги зерттеп, табылған жай­ларды тиянақтап, жамағатқа жеткізуге тырысып отырамыз. Туған топырақтың сонау әлімсақтан үзілмей арқау тартқан замандар көшіндегі терең тарихы үнемі қызықтырып жүреді. Адамзаттың дыбысты тілі шығып, сөйлей бастағалы бүкіл өткен дәуірлері асыл да қымбат сөздерінде, атау­ларында көп тарихтар мөрленіп қалып жатуы - табиғи құбылыс.

Бұл турасында ғалымдар, зерттеушілер жазған қызықты да керемет еңбектер бар­шылық. Басқаны қойғанның өзінде күллі әлемнің мәдениет тарихындағы ұлы оқиға болған - руна жазуының оқыла бастауының өзі қаншама тарихи құбылыстардың бетін ашып, өткен күннің айғақты суреттерін біз­дерге жеткізді. Сондай-ақ осы руна жазуы түбі түркі халықтарының тіліндегі түрлі -түрлі тілдік құбылыстарды ашып, оның ғас­ырлар бедеріндегі дамуын көрсететін бұл­тартпас айғақ болған жоқ па?!
Бізге де бір ой тосыннан келген. Қара­пай­ым ғана жай атау. Ойланта бастады. Алты ата Әлім тайпасының бірі Қарасақал аталады. Қарасақал атты ру атауының қайдан шыққандығы туралы ел аузында тараған аңыз-шежірелік әңгімелер бар. Әлімнің Айнық, Тегінболат деген екі бала­сы болған. Тегінболат қопа, қою, қара сақал­ды, алып денелі, жау жүрек батыр адам екен. Онымен соғысқан жаудың әскер басшылары өз сарбаздарына: "Анау қара сақалды дәуге жоламаңдар, жоласаңдар құрисыңдар" деп ескертіп жүреді. Осыдан ол қара сақалды батыр атанып жүріп, ақыр аяғында азан шақырып қойған аты Тегін­болат ұмытылып, Қарасақал аталып кет­кен-мыс.
Бұл - ел жадындағы шежірелік бір аңыз. Ру-тайпа атын иеленген есімдердің бәрі қазақтың шежіресінде батыр болып келеді. Көшпенділердің мың жылдық тарихына қарасақ, өр Алтайдан Қара теңізге дейінгі ұлан-ғайыр аймақты, сайын-сахараны ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ат жалында жүріп, үлкен-үлкен ұлыстарын, қабырғалы қағанаттарын, он сан жұртты ұйыстырған ордаларын құрғанын білеміз.
Бүгінгі әңгімеміз тарих парақтарын ақ­тарудан гөрі, халқымыздың санасында мөр­леніп қалған аманат сөздерге үңілу болып тұр. Осы біздің Арал өңірін мекен­деген алты Әлімнің төрт баласының есім­інде "қара" сөзі кездеседі. Олар - Төртқара (Қарамашақ), Қаракесек және екі Қара­сақал. Неліктен деп іздеп, ой жүгіртіп, сөз мәнін түптеп қарасақ, "қара", "қария" сөз­дерінің бұрынғы бір мағыналары "негізгі", "төл", "байырғы", "үлкен" деген мағына береді. Оның бір айқын мысалдары "қара шаңырақ", "қара жер" деген қазақ үшін өте бір киелі сөздерде тұр. Жалпы, тек қазақ тілінде ғана емес, түркі тілдес халықтардың да атауында, яғни қарақалпақ, қарайым, қарашай, тағы басқалар да бар.
Осы жағынан келгенде ойымызға түрт­кі болып отырған, этимологиясын іздеп от­ырған Қарасақал этнонимін "Қара+сақ+ал" деп бөліктерге бөліп, әр бөліктің мағыналық жағына назар аударғымыз келіп отыр. "Қара" сөзінің мағынасы белгілі болды ғой. Одан кейінгі бөліктердің мағынасын ашу үшін арғы тарихқа бір көз жүгіртіп өтейік. Арғы замандардан бері шалқар сулы осы Арал өңірі мен осы теңізге құятын қос дария бойын мекендеген халықтардың тарихи іздерін қарайық.
Тарих оқулықтарына көз жүгіртсек, қазақ даласында дәуір кешіп күллі әлемге жауынгерлігімен, өрлігімен аты шыққан ел-тайпалардың бірі - сақтар. Ал осы сақтар біз­дің заманымыздан бұрынғы бірінші мың­жылдықта Арал теңізінің маңында,  Сырдария мен Әмударияның төменгі ағысының жағалауларында да мекендеген. Оларды "парадарайя сақтары" деп атағаны мәлім. Осы жерде талантты жерлес ақын­ы­мыз Оңталап Нұрмахановтың "Пара­да­райя сақтары" деген өлеңдер кітабы еске түседі. Ақынның желден жүйрік қиялы бағзы бір замандарға жүйткіп жетіп:
Ажарын күн қақтаған,
Мігені - айғыр ақтабан.
Жорықта жауын жапырып,
Еркегі тажал таппаған.
Уақыт, сана, қақпаны,
Тұқиян - тектің қатпары.
Күнге найза қақтаған
Парадарайя сақтары,-деп сол бір ата-бабаларымыздың рухынан нәр алғандай шабыттана толғай жырлайды.
Шынында да, сақтар - өз заманында өте-мөте жауынгер халық болған. Сақтардың жауынгершілік айбаттылығы сондай - еж­ел­гі грек авторы Фукидидтің айтуынша "Еу­ропалық патшалықтар түгілі Азияның өзін­де сақтарға қарсы келетін бірде-бір халық жоқ".
Дала жиһангерлері - сақтардан бізге жеткен теңдесі жоқ жәдігерлер - ескі дәуір­лер қорымынан табылған "Алтын адам". Бүгінде "Алтын адам" бейнесі Қазақстан егемендігінің символына ай­налып, ұлт­ымыздың рухын асқақтатып тұр. Ал, сол сақтардың әйел патшалары Томирис (Тұмарханым), Зарина, сақтың саңлақ сар­базы - Шырақ туралы аңыздар біздерге де жетіп отыр.
Сақтар өмір сүрген дәуірдің арғы-бергі тұстарындағы іргелес өмір сүрген ел-тайпалар - қаңылы, үйсін, кердері, керей, найман ұлыстарының қазір де қазақ хал­қының ішінде, сондай-ақ бауырлас қара­қалпақ, башқұрт, ноғай сияқты халықтар­дың да құрамында рулар атауымен кез­десетінін жақсы білеміз. Демек кешегі мемлекетке ие болған ұлыстар атауы ру түрінде сақталып жетіп отыр.
Ал солармен қатар өмір сүрген күллі Азия мен Еуропаны тітіркендірген сақ этнонимінің із-түссіз жойылып кетуі мүмкін еместігі анық. Тіпті бір бөлек заңғар ғал­ымдарымыз, зерттеушілеріміз ұлтымызға атау болған "қазақ" сөздерінің ішінен сақ этнонимін көретіндігін айна-қатесіз дәлел­деп жүр. Ғылыми еңбектерінде біздің ұлт­ымыздың атауының шығуының бір нұсқа жолы болып аталады.
Қоғам қайраткері, атақты тарихшы Мұхамеджан Тынышпаевтың: "Қазақтың ең ұсақ рулары тарихының өзі милади жыл санауынан ары кететіндіктен, алаштың ең ірі тайпасы - алшындардың тарихы да ғасыр­лар қойнауына ұласуы тиіс. Ендеше оның іздерін географиялық атаулар мен тарихи деректерден іздестіріп көрейік" деген сөзі кім-кімге де ой салады. Және де рулар атауының пайда болуына үңілуге жетелейді.
Қалай десек те, «сақ» этнонимі біздің пайымдауымызша, мақаланың басында айтып өткеніміздей, "Қарасақал" руының атауында сақталған "қара" сөзі негізгі "үлкен" дегенді білдірсе, екінші түбірі "сақ" еш өз­геріссіз көзге көрініп тұр. Ал үшінші бөлігін "ұғул" деген ежелгі түркі сөзі десек (қазіргі тілмен айтқанда "ұл" деген мағынада), яки келе-келе ол сөз "ұл" болып өзгеріп, бұл атау құрамында тұрып орфоэпия заңы бойынша "ал"-ға айналып кеткендей. Қорыта айтсақ,  Қарасақалдың толық мағынасы "нағыз немесе байырғы сақ ұлы" дегенге саяды. Қараңыз, "Қара+сақ+ұғул=­Қара+сақ+ұл=­Қарасақал".
Халықтың ішінде ауыздан ауызға көп тараған "Әлім-Шөменнің ішіндегі биі - Төрт­қара, батыры - Қарасақал, мырзасы - Шөме­кей" деген сөздің астарында үлкен тарихи қатпарлар, тарихи жайттар жатқанын дуалы ауыз үлкендеріміз дәлелдеп те береді. "Хал­ық айтса қалт айтпайды" дегендей, сол бір ержүрек халықтың сарқындысы екендігі халықтық санадан көрініс беріп тұр емес пе.
Оның бергі жағында, айдынды Арал теңізі мен қос өзен Сырдария мен Әмудария­ның төменгі сағасында мекендеген, ата қоныс қылған кейінгі Кіші жүз атаулары­нынан да «сақ» этнонимінің дыбыстың өзгерген нұсқалары кездесуі заңды деп білеміз. Айтылар сөзіміздің дәйегі көп болуы үшін оларды да айта кеткен жөн. Өйткені кейінгі халықтарды құраған тайпалар, ұлыстар көктен түскен жоқ. Ондаған ғас­ырлар бойы осы аймақта жергілікті тұр­ғындар ретінде тіршілік етіп, түтін түтетіп, ел-жұрт болып «қарамашақ» түрінде келеді.
Әлгі айтқанымызға тағы бір мысал - "Қарамашақ" атауы. Біз оны жаңағыдай "Қара+баба+сақ" сөздерінен жасалынған деп топшылаймыз. Қазақ тілінде "б, м" дыбыстары ауысып айтыла беретіндігі белгілі. Мысалы, "бағана- мана", "бұны - мұны". Осындай дыбыстық өзгерістерге салсақ, "баба+сақ" сөзі уақытпен бірге өзгеріп "ма+сақ=ма+шақ" болып ауызекі айтылып кеткен.
Тағы бір ірі тайпаға атау болған "Қара­кесек" сөзі де "қара+қас-сақ=қара+­кес+сек=­қаракесек" түрінде өзгеріске ұшыраған.
Бүкіл жер жаһанға аты шыққан, бір­неше ғасырлар бойы күшті мемлекет болған "сақтардың" қазіргі қазақ, қарақалпақ сияқты туыстас халықтардың арасындағы ру аттарында осылайша сақталуы заңды­лық деп білеміз.
Иә, бүгінгі Шекті, Кете руларының атауларын да зерттеушілер мыңдаған жылдардың арғы жағында өмір сүрген тайпа, ұлыс ежелгі мемлекеттердің қал­дықтары деп  ғылыми дәлелдермен ай­қын­дап отыр. Бүгінгі біздің де өзіндік топ­шылауымыз әлгі ру атауларының дәуір­лерімен тұстас келеді. Атақты ғалым Ақ­селеу Сейдімбек өзінің "Қазақтың ауызша тарихы" атты кітабында ру атаулары ту­ралы: "Тарихи әлеуметтік ұлы сұрыптау­ларды бастан кешкен мемлекеттік жара­лымдар аясындағы соңғы түзілімдердің бірі деп Қазақ хандығын, оның құрамындағы ру-тайпа бірлестіктерін, сол ру-тайпа­лардың ұйысуынан пайда болған қазақ ұлтын атаған жөн. Яғни, қазақ халқының тарихы өзінен-өзі Қазақ даласын есте жоқ ескі заманнан бері қоныс-тұрақ еткен ру-тайпалардың тарихы боп шығады" деп ғылыми тұжырым жасайды. Иә,   әлімсақ­тан (бұл сөз де «Әлім», «сақ" этнонимдері бар, бүгінгі мағынасы «өте ерте заманнан бері» дегенді білдіреді) бері тартқанда біздер бергі бір дәуірлерді былай қойғанда ежелгі сақтардың, жауынгер халықтың, тарихта елеулі орны бар баба ұлыстың нағыз, байырғы ұрпақтары, мұрагерлерміз деп көкірек кере айта алуымызға қақымыз бар.
Ерғали Абдулла,
Арал қаласы 
29 желтоқсан 2020 ж. 1 080 0