Жанқожаның серігі – Боздақ батыр
Батырдың іші біліп отыр, ұлықтың меңзеп отырғаны 1730 жылдың 10 қазаны күні Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз руларының орыс патшасының қол астына кіру жөніндегі берген анты. «Әбілқайыр хан да қайбір жетіскеннен бодандық қамытып мойнына ілді дейсің» деп ойлаған батыр осы сәттегі өзінің жағдайын да ой елегінен өткізген еді. «Біздің ауылдың бәрін алып келіп отырған қу екенсің ғой» деді де қойды. «Қайбір бізді жарылқауға келгенмін дейсің» деп күбірледі Сәйеке ишан. «Өзім деп келгенің жақсы екен, жауласа келсең қайтер едік» деп сөз қосты Бекмырза. «Жауласқаны құрысын, жауласа-жауласа болдырған жоқпыз ба?» деп отырғандардың жүзін шолып өтті Ақтан батыр. «Дұрыс айтасыз, жауласу – қан төгу. Не керегі бар оның» деген әскербасының сөзін Жанқожа бөліп кетті: «айтылғанның бәрі орынды, ал енді сол халқыңа не алып келдің, немен жарылқайсың, соны айтшы».
– Әлде, көшіп кету ойларыңда бар ма, Ерепей мырза?
– Жоқ, батыр, көшпейміз,– деп полковник күлкісін жия алмады.
– Енді қуғанмен кетерсің бе, сен орыс, – деп күлді отырғандар.
– Кетпесең, отыра бер. Тек тартып алдым, қорыққаннан берді демесең болды. Қазақ ешкімнен қорыққан емес, керек болса, өлімнен де тайынбайды. Соны біліп қойыңыз, Мырза! – деп бұл сөзді айтқанда, күлкінің көлеңкесі де қалмай, батырдың қабағы салбыраңқырап кеткендей болды.
– Білеміз, жақсы білеміз. Сіздің халықтың батыр халық екенін, – деп еріксіз бас изеді ұлық.
Осы кезде дастарқанға үлкен ас келіп, өрбіп келе жатқан әңгіме одан әрі үзіліп қалған еді....
Қонағасының соңында батыр мен әскербасы арасында құпия кездесу болды, екеуі Хиуа ханына қарсы бірлесіп соғысудың жайын талқылады. (Т.Елемесов "Жаңқожа. Аралдағы ақырғы айқас" А.2007 ж.)
Тарихи-әдеби шығармаға өзек болған бұл деректі оқиға 1847 жылдың күзінде болған. Біз бұл деректерден ел тағдырының ертеңін ойлаған Жанқожаның жанына ерген жас та болса еліне бас болған үзеңгілес серіктері Жетес би, Бекмырза хан, Үмбет би, Боздақ батыр сияқты айбынды бабаларымыз жайлы мағлұматтар аламыз. Көркем шығармаға арқау болған бұл оқиға жайлы күмәнді пікір де болмауға тиіс. Өйткені осы оқиғаларды ізін ұзатпай қағаз бетіне түсірген орыс зерттеушісі В.Аничковтың еңбегінде «Райым бекінісін салған генерал-майор Обручев Жанқожаның «онымен арымасын айту үшін әдейі келгенін» сөз етеді. Батыр да оларға деген жылы ықыласын танытқан, «орыс солдаттарына 100 қой сойып, үш күн бойы қазақтың қонақжайлық құрметін көрсеткені жайлы деректер бар.
Шежірелік деректер бойынша Боздақ батырдың руы – Жақайым, оның Көлімбеті, Мөңке аталығынан, Жетес, Үмбет билермен қатарлас өмір сүрген. Ұрпағының берген мәліметі бойынша 1822 жылдар шамасында дүниеге келген. Әкесі Ақжол да өз заманында жаужүрек батырлығымен көзге түскен. Құмбазар жотасының етегінде «Ақжолдың тақыры» деп аталатын жер аты бар. Өзі жатжерліктермен болған шайқастарда ерен ерліктер көрсетіп, аты әйгілі болған. Асау Барақ батырдың үзеңгілес серігі екен. Әрі оның Оңай атты туған қарындасын алған, Боздақ содан туады. Ел аузында қалған әңгімелерде Боздақтың ерен күштің иесі, жүрек жұтқан батыр, аса сұлу жүзді, тұлғалы адам болғандығы айтылады. Кейінгі бір жылдары Қазалыға генерал-губернатор келетін болып, алдынан жергілікті жердің адамынан кімді шығарамыз деп ойласып жатса керек. Сонда «ондай адамыңның сөзге жүйріктігі Жетестей болсын, мырзалығы Құлбарақтың Сердалысындай болсын, көркемдігі Боздақтай болсын» деп айтылатын сөзді әлі күнге дейін ел арасынан естуге болады. Боздақ жайлы жырлар да болған. Бір-жар көнекөздер 1944 жылы Қазалының Ақтүбек деген жерінде Сәуел деген жыраудың «Боздақ батыр» қиссасын бір түн бойы жырлағанын тыңдаған екен, бірақ үзінділерді айтқаны болмаса, есінде қалмаған.
Жанқожа батыр қаза болғаннан кейін, Қазалыдағы орыс әкімшілігі оның орнына Сыр, Арал өңіріндегі Шекті руларының басқарушылығына арнайы жарлық шығарып, Боздақ батырды тағайындаған. Көп жасаған Бақа деген көріпкелдігі бар қарт батыр оның қайтпас қайсарлығы мен кесек мінезді ісіне тәнті болып: «Балам-ай, бағың болар-ау, өміріңді білмеймін» деген екен. Соның айтқаны келіп, Боздақ бұл қызметті ұзақ атқармаған,
1866 жыл шамасында қастасқан қаскөйлер қолынан қаза табады. Өкімет мемлекеттік тапсырманы орындау жолында шейіт болған батырға құрмет көрсетеді. «Боздақ-Шүңгіл» деген жерді ұрпағына өмірлік пайдалануға беріп, жас қалған балаларын есіркеп, Кәдірімбет пен Нарымбетті екі болысқа судья, Мақанды уезге полицей етеді. Олар осы дәрежелерін өле-өлгенше атқарып өткен екен. Келер жылы Ақ патшаның «Сыр қазақтарын басқару» жөніндегі жарлығы шығады. Хан билігі жойылып, ел басқаруда екі-үш руға бір болыс, ру ішіндегі ата бас сайын бір ауылнай, болыс сайын бір судья сайланады.
Айдарбек-Жақайым болыстығына Орынбай би, Тілеу-Қабақ болысы болып Есет батыр, Төртқараға – Үмбет би, Құрманай – Құттыққа Итжемес, кейін Құлбарақ болыс болып сайланады. Жетес би уездік жер қазысы болып белгіленеді, оның міндеті әр болыстың қонысын, егісі мен өріс жерін бөліп беру, ел ішіндегі дау-шарларды шешу.
Туған жерінің азаттығы жолындағы күресте ойып алар орны бар Боздақ батырдың жеке тұлғалық қасиеттері жайлы әңгімелерде ел ішінде сақталып қалған. 50-жылдарда «Октябрь» колхозының жерін су басып қалу қаупі төнеді. Сыр өңірінде көп жылдар бойы ауылдық кеңесті, колхозды басқарып, елге сыйлы аға болған Шынтемірдің Жұмахметі деген кісі: "Үш күн түсіме Боздақ атам еніп аян берді, менің жатқан жерімді су басады, денемді басқа бір жоғарылау жерге көшіріп апарыңдар" дейді. Денесін қазып алып, Құмбазардағы қорымға қайта жерледік, сонда арада қаншама жылдар өтсе де бұзылмай, аппақ күйінде өзгерместен жатқанына таңғалып едік» деп еске түсіреді екен.
Бұл күндері батырдың Әйтеке би кентінде тұратын немере ұрпағы Әлқуат Мақанұлының ата-тегінен дарыған кейбір қасиеттеріне кім-кім де болса таңырқай қарағандай. Сексен жастың сеңгіріне аяқ басқан қария деуге келмейтін бақуатты ақсақалдың бойындағы күштің халық емшісі ретінде көрініс беріп отырғанын көрдік. Арнаулы орындардың мұқият тексеруінен өтіп, «халықтың және дәстүрлі емес медицина тәсілімен сауықтыруға» рұқсат сертификатын алған. Халықаралық емшілер қауымдастығының құрметті мүшесі. Ақсақал өзінің бойындағы тылсым күшті ғарыш кеңістігі арқылы берілетін белгілермен байланыстырады. Осы қасиеті арқылы ол алдына келген сырқат жанның науқасын анықтап, ем-дом жасайды, түрлі болжамдар жасауға мүмкіндік берілетінін айтады. Аян арқылы берілген елес бейнені сол сәтінде қағазға түсіріп, кейін майлы бояумен өрнектеп салатын суретшілік қабілетіне таңдана қарайсың. Боздақ атасының бейнесін де осы қабілетінің арқасында салғанын түсіндіреді. Ақсақалдың ел-жұртының салт-дәстүрі, тарихы жайлы айтар зерделі ой-пікірлері көп-ақ. Соның бірінде оның осы күндері ұрпағы өсіп-өркендеп, үлкен елге айналып отырған Көлімбет баба жайлы айтқан болжам-дәйектері бізді де ойландырып тастады. Айтуынша, баба сүйегі Ресей жерінде Ақтөбеден Орскге баратын күре жолдың арқа бетінде 25 шақырым жердегі Қос Естек деген жерде жатыр деген өзі білетін дәйекті алға тартады, жанында немересі Тәңірберді бірге жерленген.
Айта кетсек, ақсақалдан естіген мәліметтерге байланысты осыдан бірнеше жыл бұрын ынталы ұрпағының қатысуымен шағын экспедициялық топ болып Ресейдің Орынбор облысына қарасты жерлерді аралап ата-бабалардың өткен тарихына байланысты ел аузында айтылып жүрген жайларды білуге талпыныс жасалған болатын.
Біз көрген Орынборға қарасты Ақбұлақ ауданы мен Орыск (бұрынғы атауы Жаманқала) төңірігінде қоныс тепкен тұрғындардың дені қазақтар екен.
Өздерін Әлімбіз дейтіндердің қарасы көп сияқты. Уақыт ағымына сәйкес бөгде елдің ыңғайына бейімделгенімен, туған тілі мен дінін, салт-дәстүрлерін ұмыта қоймағандығы байқалады. Кездесе қалсаң, түбі бір туыстығын сездіріп, құшақ жая шүйіркелесе кететін қазақи қалпын көресің.
Шежіре тарихты пайымдайтын көне көздер қатары сирек. Байқарлығы аяқ басқан сайын қазақша жер-су атаулары жиі кездеседі. Сұрастыра келгенде, шежіреде айтылатын ата-бабалар есімдері алдыңнан шыға келеді. Баселек,Тәңірберді деген өзен Әйтембетовка, Бостай жер атаулары бар. Көне қорымдардағы құлпытас жазулары ескі шағатай, араб қаріптерімен таңбаланған, оны арнайы мамандар ғана оқуы мүмкін. Көз көріп, қолға түскен деректер көне тарихымыздың көмескі іздеріне жетелейді. Ата-бабаларымыздың тәңірі нәсіп етіп, ат ойнатып, ғұмыр кешкен қасиетті қазақ жерінің бір пұшпағы екендігіне шүбәсіз сенесің.
Оның беймәлім сырларын анықтау үшін әлі де болса зерттеп-зерделей түсу қажеттігі сезіледі.
Біз бұл мақаламызда ел есінде қалғанмен де, есімі ескерусіз келе жатқан Жанқожа батырдың ізіне ерген айнымас серігі – Боздақ батырдың қилы тағдырын, қаһарман ерлік жолдары жайлы дәйекті деректерді ұсына отырып, жас ұрпақ санасында өткен тарихымызға деген құрмет сезімін тудыруды мақсат еттік.
Президентіміз Қ.Ж.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласындағы: «Түптеп келгенде, ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан әрбір халық бөтен идеологияның жетегімен жүрмей, өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазу керек» деген тұжырымына ден қойдық.
Үргенішбай ҚУАТ