Қасым батыр Аралға келгенде
Қазақта "Батыр кім?" дегенде, есімі аталатын жандар бар. "Батырлық білекте емес, жүректе" деп айтылған сөз бар, алайда білекті де, жүректі де қас батырлардың алдыңғы сапынан табылатын жаужүрек қаһармандардың бірегейі – атақты партизан, екінші дүниежүзілік соғыстың айбынгері – Қасым Қайсенов. Бертінгі бейбіт заманда қолына қалам алып, қан майданда басынан өткерген отты жылдарын арқау етіп ондаған кітап жазған белгілі жазушы да еді. Заманында оның қаламынан шыққан кітап оқырмандардың іздеп жүріп оқитын туындылары болды. Бала кезімізде оның жорық жолдарын жақсы білетін едік. Иә, ел басына күн туған ауыр шақта ерлігімен, көзсіз батырлығымен ерекшеленген Қасым Қайсеновтің даңқы айрықша аспандап тұрған. Қазақ халқының осындай ержүрек перзенті өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында айдынды Аралға ат басын тіреген. Сол сапарында батырды көріп қалдық.
Қарағанда көз тоятын дарабоздың болмыс-бітімі, кескін-келбеті "Мынау қаһарман" деп айтуға татырлық, кеуделі, тау тұлғалы азамат екен. Айтқандай, батыр-жазушының жолы Аралға түсіп тұрған сияқты. Жаңылыспасақ, батыр партизан Қасым Қайсенов біздің жерлесіміз, алашқа аты белгілі ақын Мешітбай Құттықовпен өте жақын сыйлас, дос көңіл сырлас, рухани жақын аға-інілі болған іспетті.
Аралға батыр келген соң, онымен халықтың кездесетіні – ол жылдары бұлжымас дәстүр. Кездесу орталықтағы аудандық мәдениет үйінде (бұрынғы теңіз портының "Маяк" клубы) өтті. Даңқты кісімен кездесу кешіне Арал жұртшылыы өте көп жиналды. Клуб ішіне тұмсық батпай қалды.
Алпаң-алпаң басқан құрметті қонақты сахна төріне сол кездегі Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бодаш Уәлиев өзі бастап алып шығып, оның ауданға келу мақсаты туралы айтты. Ол кезде Қазақстан Жазушылар одағының Алматыдағы мүшелері іссапарлатып өңір-өңірді аралап, ел-халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысатын. Өз оқырмандарымен ой бөлісетін, алғаусыз әңгімелесетін. Жұрттың ой-пікірін тыңдайтын.
Ұзамай сөз қадірменді қонаққа берілді. Қасым батыр сұсты адам болғанымен де, миығынан сәл күлімсіреп, бір риза кейіпте болды. Халықпен емен-жарқын амандасып алып, зор денесімен ырғала қозғалақтап қойып, барынша ақтарыла, ағынан жарыла сөз саптады.
– Мен осы Арал өңірін біздің қазақтың қазақшылығының қаймағы бір бұзылмаған, ата-бабамыздың барша салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұмытпаған киелі жер деп есептеймін. Осы жағынан да Аралдың халқын, балықшы жұртын өте жақсы көремін, бурыл тартқан басымды иемін,– деп, көкжал бітімді Қасым батыр өзінің әр айтқан сөзіне, айрықша қимыл-қозғалысына сүйсіне қарап, тамсанып отырған жұртшылыққа ризашылық көңілін жайып салды. Десе дегендей-ақ, батырдың өзінің туған жері – Өскемен жағында орысы молдау, жергілікті ұлт өкілдері аз болғанына іштей налыңқырап тұрғандай кейіп танытып, еміне тыңдап отырған аралдықтарға үлкен жүрегімен тебірене үн қатты. Зал толы адам құшырлана қол соғып жіберді. Бірінші хатшы Бодаш аға басқарған ауданның жұбы жазылмай келген барлық басшылары марқайып-ақ қалды. Өйткені батырдың гүрілдеп сөйлеген жағымды үні әсерлі еді.
Қасым Қайсенов батыр десе деуге тұрарлықтай, дене тұрқы ірі, шойыннан құйғандай сом да мығым екен. Дөңгелек жүзі қызыл шырайлы, нұр тамып тұрғандай.
Жанындағы кісіге бірдеңе айтпақ боп бір жағына бұрылғанда, бүкіл денесімен бұрылатындай. Сөз майын тамызған әңгімешілдігі әп дегеннен-ақ жиналған халықты өз ауанына тартып елітіп әкетті.
– Мен Ұлы Отан соғысы басталғанда он сегіз жастағы бозбала едім. Мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан балаң жігіт болғаныммен де, қандай екенімді көз алдарыңа елестетіп, содан біліңдер, салмағым жүз он келі тартатын,– деп бастады Қасым аға жан-жағына шүйіле бір көз жіберіп алып. – Атан түйені тартатындай қара күшімнің молдығына қарады ма, мені әскерге шақырылғандардың қатарына іріктеп алып, диверсанттар дайындайтын мектепке алды. Диверсант дегеннің кім екенін білесіңдер ме? Ол – бүлдіруші, қиратушы, құртушы, жоюшы. Біздерді, диверсанттарды арнайы тапсырмамен бір топ қылып, ұшақпен түнде апарып, жау тылына апарып тастайды. Біздердің сондағы жұмысымыз – жау қолындағы аумақта партизан отрядтарын құрып, фашистердің темір жолдарын қирату, көпірлерді жарып жіберу, ту сырттарынан келіп немістердің басына тозақ орнату, яғни көздерін жою, өлтіру...
Батыр сұстанып кеткендей. Қызыл шырайы қара күрең тартып, желкесі күжірейіп кетті.
– Мені сол соғыста бес рет жау тылына, от пен өрттің ортасына, өмір мен өлімнің арасына тастады. Бұл бүгінде айтқанға қызық, ал ол кезде ажалмен арпалысып әйтеуір аман қалып жүрдім. Ұшақпен қараңғы түнді жамылып ұшып шығамыз. Бір уақытта белгіленген нүктеге келгенде белгі беріп, парашютпен қарғып-қарғып кетеміз. Ауыр салмағымның пайдасын сол парашютпен әр секіргенде көрдім. Төбеден тастаған тастай керекті жерге топ етіп дәл түсемін. Ал салмағы отыз-қырық келі шығатын радист қыздардың парашютін жел айдап әкетіп, қалың орман ішінен бірнеше күнде әзер тауып алған кездеріміз де, қанша іздесек те ақыры таба алмай, хабар-ошарсыз кеткен кездері де болды.
Мен жау басып алған аймақта фашистерге қарсы ерен қимыл көрсеткен атақты Ковпактың партизан отряды құрамында болдым. Неміс оккупанттарының зәре-құтын ұшырған Сидор Артемьевтің құрамында болып, елдің батыс бөлігін, Украинаны неміс фашистерден азат ету үшін талай-талай қантөгіс шайқастардың бел ортасында болып қатыстым. Талай рет немістермен қоян-қолтық келіп соғыстық. Небір қанды көйлек жолдастардан көз алдымда айырылдым. Соғыстың аты – соғыс. Менің соғыстағы күндерім туралы тыңдағыларың келіп отыр. Қай әңгімемді айтсам екен, туысқандар? – деп батыр партизан Қасым Қайсенов залдағы жұртшылықтан ұсыныс жауап күткендей бір сәт үнсіз, кідіріп тұрып қалған. – Сендерге немістен тырағайлап қашқанымды айтайын ба, әлде сұм немісті бастырмалатып қуып ұстағанымды айтайын ба?
– Немісті қуғаныңызды айтыңыз...
– Фашистерден қашқаныңыз қызық болар... – деп зал толы халық бір уақ екі жарыла дабырласа шуласып кетті.
– Қасеке, қашқанңызды да, қуғаныңызды да айта беріңіз... Аралдықтар екеуін де тыңдайды... – деді батырдың қасында отырған аудан басшысы Бодаш Уәлиев оған бір, халыққа бір қарап, "тынышталыңдар" дегендей ишарат білдірді.
– Жарайды, Бөке, мен қашқанымды да, қуғанымды да бір әңгіменің ішіне сыйдырып айтып берейін,– деп, түкті қалың қабағы бір көтеріліп басылған батыр жылы жымиып қойды. – Партизан отрядтары ну орманның ішінде болғанымен де, байланысшылары, хабаршылар әрбір мекенде болады. Сондай байланысшымыздың бірі – орман шетінде жалғыз үй отыратын, оларды "хутор" дейді, Иван деген жетпістерге келген қаба сақал орыс шалы болатын. Бір үйде қой-сиырын жайғап жалғыз өзі тұрады. Сол маңдағы немістердің жүріс-тұрысын үнемі содан білеміз...
Бірде үш партизан болып жолға шықтық. Басшысы – мен. Әдеттегідей хабар алуға хутордағы Иван шалға келдік. Әуелі жақындағанда жан-жақтан тың тыңдадық. Сезік тудыратын ештеңе жоқ. Айнала тып-тыныш. Кешкі алакөлеңке уақыт еді. Жылдам қимылдап, зып етіп үйге кіріп келдік. Кірсек, іргедегі аласа орындықта отырған шал үрейлі. Көзі ұясынан шығып кеткен. Қаба сақалын уыстай ұстап, кемсеңдеп: – Қамауға түстіңдер. Сыртта немістер. Бірнеше күннен бері аңдып жатыр. Мені біліп қалыпты,– деп зарлап қоя берді. Сөйтсек, сезікті шалды неше күннен бері әурелеп, ештеңе айттыра алмаған соң, түбі бір келер деп, партизандарды күтіп, үйді айнала қоршай тығылып жатыр екен. Біздің топты әдейі үйге қарай өткізіп жіберген болды. Қолға тірілей түсіреміз деген ойлары болған болуы керек.
Шынымен де, сырттан шаң-шұң шулаған немістердің дауыстары, жүгірген аяқтарының дыбыстары, есікті әлдене ауыр затпен тіреген дыбыстары шыға бастады.
Бұқпантайлап барып терезеге жақындап қарасам, немістер үйді қоршап алыпты. Аңдай қарап, құлақ түрдім.
– Орыстар, беріліңдер... – деген дауыстары естілді.
– Бізге тірі шығу жоқ. Не өлдік, не қолға түстік,– деп қасымдағылар жанұшыра айқайлап жіберді. Ол кезде кеңес солдатының жау қолына тірілей түсуі сатқындықпен пара-пар еді. Ал немістің қолына партизандар түссе, жақын деревня халқын қойша иіріп әкеліп қойып, тұтқындарды ел алдында азаптап өлтіреді.
Мен бір сәт ойланып тұрдым да:
– Терезе ашыла ма? – дедім алақтаған шалға қарап.
– Сыртқа қарай ашылады,– деді ол әлі де қорқыныштан дірілін баса алмай.
– Ендеше, қазір мен терезені ашып қаламын. Сол кезде екеуің дайын тұрып... – дедім мен қасымдағы қос партизанға бұрылып бұйыра. – Қолдарыңдағы төрт-бес гранатаны бірінен соң бірін түйдекте де, жан-жаққа лақтырыңдар. Мен де лақтырамын. Сол сәтте Иван терезеден сыртқа секіріп, орманға қарай жүгіреді. Сонан кейін іле сендер, соңдарыңнан мен де ұмтыламын сыртқа...
Дәл сол айтқанымдай болды. Он шақты граната айналаны жаңғырта жарылып жатты. Алас-қапаста жарыса терезеден секіріп, жандәрмен орманға қарай зыттық. Мұның бәрі қас-қағымда болды. Ес жиятындай уақыт жоқ. Кімнің қайда, қалай жүгіргенін де аңдамай қалдық. Немістердің де автоматтары сартылдап, гранаталары үй маңында жарылып жатты...
Жан алқымға тығылып оқтай ұшып қалың ағаштың ішіне де еніп кеттім. Арт жағымнан үздіксіз, бей-берекет атқан автомат үні дарылдайды. Біреулер соңымнан дүркірей басып, өкшелей қуып келе жатыр. Үсті-басымды ағаш бұталары сойып қашып келемін. Әйтеуір оқ тигеннен саумын. Сөйткенше, аңдап қалдым: менің алдымда қараңдап біреу жүгіріп барады. Қалың ағаш іші қара көлеңке. Әлгі жанымдағылардың біреуі болар. Тура соның соңынан салдым. Ол кезде мен жүгіргіш едім. Бастырмалата ілесіп келемін. Алайда ол жеткізбей келеді. Онан сайын барымды салып ұмтылсам, алдымдағы адам жүгірісін үдете түседі. Арақашықтықты жақындатар емес. бірақ ізінен қалмадым, көз жазбадым. Ал артымдағы дүбір біразға дейін қуалап отырда да, бір уақыттарда басылды-ау деймін.
Тарпылдай қуалап, алдымдағы адамға жетем деп бір сағаттай жүгірген болармын. "Әй, тоқта..." ,– деп айқайлағандай да болдым.
Бір уақыт алдымдағы адам кілт тоқтай қалды. Тасырлатып, екі иінімнен дем алып, жетіп келдім. Мәссаған, жақындай бере аңдадым, әлгі адамым – кәдімгі фашистің өзі. Екі қолын көтеріп, дір-дір етеді. Тізерлеп отыра қалды. Келе қолын артқа қайырып байлап тастадым. Бір-екі түн жүріп, партизандар қосына алып келдім. Кейін сұрап білсек, немістер үйді қоршап, біздерді енді қолға түсіреміз деп жатқан. Кенеттен жарыса жарылған гранаталарды көргенде, сырт жақтан тағы да партизандар келіп қалды ма деп, сужүрек байғұс неміс далақтап қаша жөнелген екен. Одан ізіне мен түсіп алғанмын ғой. Қаша-қаша тілі салақтап, ақыры қол көтеруге мәжбүр болған.
Міне, сөйтіп, мен өзім жауыз немістердің қоршауынан шыға қашып келе жатып, бір немісті қуалап отырып (жолдасым ғой, жетсем деп ізінен қалмағанмын ғой) қолға түсірдім... – деп аяқтады қызғылықты әңгімесін батыр партизан Қасым Қайсенов.
Қазақ халқының екінші дүниежүзілік соғыста арыстандай айбатымен, жолбарыстай қайратымен жау-дұшпанын жапырған батыр перзентінің аралдықтар тыңдаған бір соғыс хикаясының бір үзігі осындай болатын.
Сөз орайы келгенде халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің есіміне байланысты бір жайды айта кетсем деймін. 2013 жылы Қазақстан, Ресей, Украина мемлекеттерінің бірлесуі арқылы 4 сериялы "Қасым" атты керемет телетуынды экранға жолдама алған. Батырдың украин жерін жаудан азат ету жолындағы ғаламат ерліктерін арқау еткен осы фильмде Қасым батырдың ойы арқылы берілетін балалық кездегі бейнесін Киев қаласының тұрғыны, 4-сынып оқушысы Максим Соколов жақсы ойнап шықты.
Бұл кекілді қара баланың анасы – біздің жерлесіміз, бүгінде Украина -Қазақстан достығына үлес қосып жүрген айдынды Аралдың тумасы, қаламыздағы №64, №14 мектептерде ұстаздық еткен Алмагүл Кенжебаева. Алмагүл Әбсаматқызы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін басынан өткізген жүректі қызымыз.
Ата жұрты украин болса да, жас талант Максимнің нағашы жұрты – қазаққа тартқан кескін-келбеті, бет-бейнесі қаншама баланың ішінен таңдалып алынып, бала Қасымды сомдауға мүмкіндік берген екен. Әкесі Сергей Соколов кезінде Арал қаласында БҰҰ-ның өкілі қызметін біршама жыл атқарған.
Қазақтың қаһарман тұлғасы, от жүректі батыры Қасым Қайсенов кейінгі ұрпақ үшін елдікке, отансүйгіштікке баулитын ғибратты ғұмыр иесі. Батырға қатысты әрбір деректің рухымызды шыңдауда атқаратын рөлі зор. Соларды еске алу арқылы ерлік ешқашан ұмытылмайды, ұрпаққа ұран боп, халық жадында мәңгілік қалады деп есептейміз.
Ерғали АБДУЛЛА,
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі