Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық жауынгерлердің соғыс кезінде болған әскери бөлімдері

Аралдық жауынгерлердің соғыс кезінде болған әскери бөлімдері

Аралдық жауынгерлер соғыстың басынан аяғына дейін барлық әскери бөлімдер қатарында елімізді қорғау үшін соғысты. Десек те, негізінен Ақтөбеде, Қазалыда жасақталған әскери бөлімдер қатарында көптеп кездеседі.
1941 жылы қараша - 1942 жылы наурызда Ақтөбеде республиканың батыс облыстары – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда тұрғындары еріктілері қатарынан 101-ші жеке қазақ ұлттық атқыштар бригадасы құрылды. Аралдық жауынгерлердің көбісі осы бригада құрамында болып, жаумен шайқасты. Оның құрамына төрт атқыштар және миномет батальоны, артиллерия, танкке қарсы және миномет дивизиондары, саперлік және медициналық-санитарлық роталар және басқа да материалдық-техникалық қызмет бөлімшелері кіріп, жалпы саны 4219 адам болды.
Бұл бригада 1942 жылдың шілдесі мен 1944 жыл аралығында 39-шы және 4-ші екпінді әскерлер құрамында «Марс» («Ржев шайқасы») деген атпен көптеген жауынгерлік қимылдарға белсене араласты. «Ржев қанды қасабы» шайқасында (Орыс зерттеушісі Дмитрий Жук тапқан деректер бойынша, сол ұрыста: 101-ші бригада 1300 адамынан айырылған).
Жаумен шайқастардағы ерліктері үшін 1944 жылдың шілдесіне дейін 101-бригаданың 1063 жауынгері мен офицерлеріне ордендер мен медальдар берілді. Шайқастардың барысында майдандағы армияны толықтырудың территорияға қарамайтын жүйесіне байланысты құраманың ұлттық құрамы біраз өзгерді. Майданға аттанар алдында жауынгерлер мен командирлердің 80 пайызы қазақтар болса, 1944 жылдың басында 18,3 пайыз қазақтар болды.
1944 жылы 4 шілдеде бригада таратылып, адам құрамы 47-ші және 90-шы атқыштар бригада құрамаларына берілді.
Алайда осы шайқастардың кейбір тікелей куәлері мен белгілі тарихшылардың айтуларынша, қазақ жауынгерлері аталған арпалыстар кезінде де таңғажайып ерлік үлгісін көрсетеді. Осының бір дәлеліндей, 100 және 101-ші бригадалар полктері – соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы, полковник Кәкен Әбенов кезінде мынадай естелік айтқан еді. Қарт майдангер 1943 жылы тамыз айында бас қолбасшы Сталиннің өзі Берия мен Абакумовты ертіп, Калинин және Батыс майдандарының саптарын аралаған кезінде Ржев түбіндегі 100-ші, 101-ші бригадалар тұрған Хорошево деревнясына арнайы соққанын, сөйтіп қазақ жауынгерлерінің хал-ахуалын білгенін тамсана жазады. «Меніңше бұл кездейсоқтық нәрсе емес, – дейді қарт офицер, Сталин қазақтардың жоңғар басқыншыларын талқандағанын айтпағанның өзінде, 1812 жылы Наполеонға қарсы соғысына, сондай-ақ орыс-швед және орыс-түрік шайқастарына қатысқанын жақсы білген. Сталин 101-ші бригада жауынгерлеріне 1942 жылы қызығушылық танытқан. Кеңес Одағының Маршалы, КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің мүшесі Климент Ворошилов бригада жасақталып жатқан Ақтөбе қаласына келеді. Бригаданың оқу-жаттығулары нәтижелеріне риза болған ол, өзінің мұнда Сталиннің тапсырмасы бойынша әдейі келгенін, көсемнің баяғыда біздің ата-бабаларымыз жоңғар шапқыншыларын жайратқандай, мына жауды да күйрете соғуға аманат айтқанын жеткізді. Біз, 101-ші және 100-ші бригадалар сарбаздары осы «бата» арқылы егіз ағайындылардай Ржев доғасындағы ұрысқа кірдік»...
1942 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде сол кездегі 101-ші ұлттық бригадасы командирінің орынбасары, капитан Мұса Сәдібековтің хаты жарияланды. Онда: «Біз ұрыстарға дайынбыз. Менің бөлімімдегі қазақ жастары әскери істерді жетік меңгерген. Біздің жігіттердің моральдық-саяси деңгейлері жоғары, жауынгерлік даярлықтың үздіктері. Мұндай бағаны бізге Қорғаныс Халық комиссарының өзі берді. Бөлімнің жеке құрамын лайықты әзірлегенім үшін ол маған сәйгүлік ат мінгізді» депті қазақ офицері.
Аралдықтардың ең көп әскер сапында болған дивизияларының бірі  –292-ші атқыштар дивизиясы.
1941 жылы қараша-желтоқсанда Ақтөбеде 74-ші теңіз атқыштар бригадасы болып құрылды (оның бастапқы адам құрамының жартысына жуығы Тынық мұхит және Солтүстік флоттары кемелерінің теңізшілері болды).  Бригаданың үш атқыштар батальоны, екі артиллерия және миномет дивизионы, жабдықтау және қызмет бөлімшелері, жалпы саны 3 мыңнан астам адам болды.
1941 жылы қарашада пойыздармен Мәскеуге жеткізіліп, Мәскеу қорғаныс аймағы әскерлерінің құрамына қосылды. Әскери бригада 1942 жылдың маусым айында қатарларын толықтыру үшін резервке жіберіліп, 292-атқыштар дивизиясы болып қайта құрылған.
1942 жылдың қыркүйегінен бастап Сталинград майданына жіберіліп, Котлубань, Паньшино, Вертячий және тағы басқа елді мекендер үшін аса қиын қорғаныс және шабуыл ұрыстарын жүргізді. Екінші дүниежүзілік соғыстағы аса ірі Сталинград соғысы аяқталғаннан кейін дивизия таратылып, майдандағы басқа құрамаларға қосылды.
(«Боздақтар» жинақтама том. Алматы «Қазақстан» 1995 ж. п-112-116)
Әскерге аттанған жігіттер мен қыздардың көбі өрімдей жас болатын, олардың жастық шағы ешуақытта қайтадан оралмады. Олардың көпшілігі махаббат сезімін бастарынан кешіріп, отбасын құрып та үлгірмей мәңгіге жас күйінде өмірден өтті.
1941 жылы шілде-тамызда Ақтөбеде құрылып, құрамына 1079,1081,1083-ші атқыштар полктері, 859-шы артиллерия полкі, танкіге қарсы және зенит артиллериялық дивизиондары, барлау сапер, байланыс және медициналық-санитарлық батальондар мен басқа да жауынгерлік жабдықтау және материалдық-техникалық қызмет бөлімшелері, жалпы саны 10,5 мыңнан астам жауынгерлер мен офицерлер кірді. Аралдық жауынгерлердің негізі осы әскери бөлімдер сапында соғысты.
Б. ҚУАТОВ,
Арал аудандық архивінің басшысы
30 сәуір 2022 ж. 11 430 0