Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасыр қойнауындағы құнды деректер

Ғасыр қойнауындағы құнды деректер

Қазақ баспасөзінің тарихына үңілсек, «Ақ жол»  туралы мағлұматтарға кездесеміз Бұл басылым – Қазақстанның қоғамдық-саяси ойының және мәдени-ағарту ісінің дамуына біршама ықпал еткен газет. 1920 жылдан Ташкентте Түркістан Компартиясы мен Түркістан АКСР органы ретінде шыға бастаған. Басылым беттерінде Алаш қозғалысының қайраткерлері қазақ халқының мүддесіне қатысты тақырыптарды қозғап, құнды-құнды мақалалар жариялап тұрған. Қазақ жерінің түкір-түкпіріне тараған газет  сол өңірлер туралы да шынайылықпен жазды. Алғашқы жергілікті тілшілерді ел ішінде көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың арасынан тауып, газет ісіне араластырып отырды. Алғашқы редакторы  белгілі ұлт қайраткері Сұлтанбек Қожанов болатын. Басылымның ішкі хабарлар, сыртқы хабарлар, әйел теңдігі, ресми бөлім, партия тіршілігі, шаруашылық жайынан деген бөлімдері болды.
Бұдан бір ғасыр бұрын шыққан «Ақ жол» газетінде  біздің айдынды Арал туралы деректердің ізін тапқан едік. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» дегендей, басылымдағы жарияланған материалдардан туған жерімізге қатысты айғақтарды бүгін оқырманға ұсынғанды жөн көрдік.
Басылым беттерінен білгеніміз, 1925 жылы 11 сәуірде Ташкентте бүкіл Қазақстан көлеміндегі «Ақ жол» тілшілерінің бірінші конференциясы өткен. Жер-жерден келіп, жергілікті тілшілер делегат боп қатысқан. Сол делегаттардың қатарында Қазалы уезінен келген Шоқанұлы деген кісінің фамилиясы аталады. Аты жазылмаған.
Біздің болжауымызша өңірімізден шыққан алғашқы қоғам белсендісі Қарасай Шоқанов екені даусыз. 1902 жылы Қамбашта дүниеге келген ол қазақ жастарының көшбасшысы Ғани Мұратбаевтың шәкірті болған. Ташкентте білім алған екен. Туған жерінде жастар ұйымдарының ячейкаларын ұйымдастырған. Тіпті оның 1921 жылғы Еділ бойында ашыққан балаларға 14 вагон балық жіберуге белсене атсалысқанын білеміз. Өз заманында Қарасай Шоқанұлы баспасөзге де араласқанын көріп отырмыз. Елге елеулі еңбек еткен ол бертініректе, 1972 жылы қайтыс болған.
«Ақ жол» газетінің 1925 жылғы 13 сәуірдегі 559-нөмірінде осы тілшілер конференциясы туралы мағлұматтар беріледі. Сондай бір мақала «Иманбаевтың баяндамасы» деп аталады. Мақала шағын. Толық оқып көрейік.
«Мұнан кейін Қазалы үйезі Арал теңізі ауданынан келген Иманбаев  жолдас қосымша баяндама сұранып, мынаны айтты:
Арал теңізі ауданында үш болыс ел бар, жарымы көшпелі, мал өсіреді, егін салмайды. Жүргізілген арық жоқ. Мал өсіру шаруашылығы жақсы, бұрынғы қалпына таман келіп қалды. Қала ішіндегілер қазағы, орысы аралас балық аулайды. 1920 жылдан бастап темір жол түскеннен кейін мұндағы балық өнімі жылына 2,5 миллион пұтқа барған. 80 өнім орны болып, мұндағы балықшылар саны 25 мыңға жеткен. Төңкерістен кейін балық өнімі 200 мыңға түскен. Балықшылар саны 2,5 мың, өнім орны 70-80 мың орнына 18 болған.
Арал теңізінде өткен жыл 10 ноябрьде қатты  су апаты болды. Апатқа ұшыраған балықшылар – 700. Аудандағы барлық аптақа ұшырағандар саны –2500. Құлап қираған үй, бау-шарбақтар –1000, өлген адам –2. Сынған кеме –12. Суға кеткен қой – 500, сиыр – 30. Барлық шығын – 200 мың сом деп шамаланады.
Поселкеде 2 мектеп, аудандық 3 мектеп, барлығы 5 мектеп бар. Мұндағы «Қосшы» ұйымында мүше саны – 300.  Бірақ іс жоқ, барымта соңғы уақыттарда құрыды. Аткомдардың елмен байланысы жақсы, мекеме істері қазақша жүргізіледі. Газет тәуір тарайды». Осы мақаладан қаншама деректер ұшыратып отырмыз. 1924 жылғы теңіз тасуының зардаптары, осындағы мектеп саны, қоғамдық-саяси ахуал жайынан азды-көпті қанықтық. Бір өкініштісі, тілші Иманбаевтың аты аталмай қалған. Дегенмен, түкпірдегі Аралдан Ташкентке Шоқанұлы мен Иманбаевтың делегат ретінде шақырылуы олардың өз өңірлерінің тіршілік ахуалы туралы «Ақ жол» газетіне тұрақты жазып тұрғанын білдіреді емес пе?! Оларды айдынды Арал топырағынан шыққан алғашқы тілшілер десек болады. Алдағы уақытта Иманбаевтың да аты-жөнін тауып, өмірдерегін білерміз деп ойлаймын.
Осы «Ақ жол» газетінің 23 сәуірдегі 565-нөмірінде «Тілші» деген бүркеншек атпен белгісіз автор «Арал теңізіндегі балықшылар жайы» атты  мақаласын жариялаған. Біздіңше, аталмыш тілшілер конференциясына барған екі жерлесіміздің біреуінің жазған жазбасы сияқты. Мақала  «Кәсіпшілер тіршілігі» айдарымен берілген. Мақаланың ұзын-ырғасы мынандай.
«1906 жылы Ташкент темір жолы салынғаннан бастап Арал теңізіне әр жақтан балықшылар келіп, балық аулау кәсібі күшейе бастап еді. Төңкерістен бұрын 25000 балықшы Арал теңізінен бір жылда 2,5 миллион пұт балық аулап тұрды. Қазірде сол балықшылар 1917-1918 жылдың ашаршылығына кездесіп, шаруашылығы күйзеліске ұшырап, қолындағы азық-түлік саймандарынан айырылып, бытырап кетті. Бұлардың көбі әр жаққа бытырай бастаған соң балықтың өнімі де азайды.
Қалған-құтқан балықшылар 1920 жылдан бастап ау, тұзақтарын құрастырып қайтадан балық кәсібіне кіріскен болып жүр. Бұл жылға 200 мың пұттан балық шығарды. Балықшылардың саны бұрынғыдан әлденеше рет кеміп қалды. Қазірде 2,5 мың балықшы кәсіп істейді. Бұл көрсетілген цифрлардан Арал теңізіндегі балық кәсібі кеміп қалғандығы көрініп отыр.
«Жығылған үстіне жұдырық» болып өткен жылы күздігүні Аралдың тасқынына ұшырап, тырбанып құрастырып алған ау, тұзақтарынан және айырылып, құралақан қалып отыр. Үйренген кәсіпке кірейін десе жаз болып қалды. Балықты тұздайтын тұз керек. Балық аулайтын құрал керек. Аралдан тұз алу үшін  хүкіметке ақциз  (салық) төлеу керек. Мұны орындап отыруға балықшыларда күй жоқ. Бұл туралы кіндік  хүкіметтен балықшылар жәрдем сұрап арыз беріп еді, онан әлі күнге шешім хабар-ошар жоқ.
Арал теңізіндегі балықшылар жайы осы, енді хүкіметтің жәрдемінсіз жарытымды іс шығара  алатын емес».
Мақала авторы Арал теңізі балықшыларының жайы туралы біраз мәселе көтерген. Қалай дегенмен де, өңірімізден шыққан алғашқы тілшілер сол кезден іргелі басылым «Ақ жол» газетіне ел-жұрттың негізгі кәсібінің ахуалын көрсете білген.
Айта кететін жай, «Ақ жол» газеті жұмысына қазақтың қабырғалы қаламгерлері Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Ілияс Жансүгіров, Ахмет  Байтұрсынұлы, Біләл Сүлеев, тағы басқа қазақ зиялыларының көрнекті шоғыры араласқан. Олар Алаш қозғалысының қайраткерлері ретінде қазақ халқының мұрат-мүддесіне сай тақырыптарды қозғап, үлкен мақалалар жазды. Газеттің «Ақ жол» атануы туралы редакторы С.Қожанов «Ақ жол»  – біздің ақ батамыз, ақ жүрегіміз, ақ көңіліміз екенін қазақ-қырғыз жұрты ақылымен біліп, жүрегімен сезеді»  деп  жазған болатын. Газет кейін Сталиннің қыспағына ұшырады.
Атақты «Ақ жол» газетінің айдынды Аралмен  байланысы алдағы уақытта тереңірек ашылады, тарихи беттері жария болады деп сенеміз.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
02 шілде 2022 ж. 11 296 0