Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңізбен тамырлас Арал

Теңізбен тамырлас Арал

Арал халқы өз тарихын өзі жасайды. Ал оның ұлағатты ұрпақтары сол тарихқа тіл бітіріп, өшпестей таңбалап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдырады. Менің пайымдауымша, Аралдың тарихы Арал теңізімен тамырлас, яғни теңіз табанын мекен еткен халықтың тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты. Олай болса, Арал топырағының төркіні тым әріде, тамыры тым тереңде деп айта аламыз.
Бүгінде кең байтақ Қазақстанның Тұран ойпатынан ойып тұрып орын алған Аралдың экологиялық тепе-теңдікті сақтауда еліміз үшін ғана емес, әлем үшін де маңызы ерекше екені баршаға мәлім. Өз топырағында талай сындарлы кезеңдерді бастан өткерген Аралды бүгінде бүкіл әлем танып, ерекше назар аударып та отыр.
Теңізінің жағасына қоныс тепкен Арал қаласының ағымдағы жылы 95 жылдық торқалы тойы тойлануына байланысты осы топырақтың тумасы болғандықтан, бүгінгі және келер ұрпақтарға мирас болсын деген ниетпен осы аймақтың сарғайған тарих парақтарына жүгінуді жөн көрдік.
Облыстық мұрағаттың бір құжатында Арал ауданына қарасты «Райым» бекінісі 1852 жылы шаңырақ көтерген көрінеді. Украинаның көрнекі жазушысы, суретшісі Тарас Григорьевич Шевченко өз суретінде «Райым» бекінісін бейнелеген.
Тарихи деректерге жүгінер болсақ, Орынбор-Ташкент темір жол стансасының Аралдағы құрылысы 1901-1905 жылдары салынған. Арал өңірінің алғашқы зерттеушісі деп профессор Лев Бергті атап өтуге болады. Сонымен Арал ауданы 1929 жылы құрылған. Жер көлемі 55,1 мың шаршы шақырым. Аудан батысы мен солтүстігінде Ақтөбе облысының Шалқар, Ырғыз аудандарымен, солтүстігінде Қарағандының Ұлытау ауданымен, шығысында облысымыздың Қазалы ауданымен, оңтүстігінде Қарақалпақстан республикасымен шектеледі. Ол кездері Арал, Қазалы уезі Ақтөбе облысына қараған. Бертін келе, яғни 1938 жылы Қызылорда облысына қарасты болады.
Арал – негізінен өндірісті аудан. Бұл ретте байлығы 1900 жылдан халық кәдесіне жараған «Аралтұз» комбинаты еліміздің мақтанышы бола білді. Өйткені, мұнда Кеңес Одағы кезінде жылына 600-650 мың тоннаға дейін тұз өндіріліп, одақтың 50 қаласына өз өнімін жөнелтіп отырған.
Бұрын-соңды ата-баба айналысып көрмеген осынау кәсіпке тұңғыш араласқандардың бірі, яғни тұз қазу, тұз өндіру ісінің алғашқы қарлығашы Темірбаев Әбдікер есімді азамат екен. Ол қатардағы жұмысшыдан тұз көлінің бастығына дейін көтерілген. Осы жемісті еңбегі үшін 2000 жылы есімі берілген Ә.Темірбаев көшесі бүгінде Жақсықылық кентінде «мен мұндалап» тұр.
Тұз өндірісін алғашқы игергендер қатарында Имаш Ығылманов, Жұмағали Ашықов, Сағи Ашықов, Сағындық Басықараев, Жүсіп Шоқанов, Әбдіразақ Әбілдаев есімді азаматтар болған. Бертін келе, мұнда "Социалистік Еңбек Ері» Ә.Сарымсақов, «Еңбек Қызыл Ту» орденді Ә.Шымырбаев, М.Ыбыраев, «Құрмет белгісі» орденді Т.Жұмағалиев, Р.Жәкенова, тағы басқалары ересен еңбектерімен елге танылды. Комбинатты басқарған директорлар арасында 20 жыл басшылық жасаған, комбинаттың қалыптасуына ересен еңбек сіңірген «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Досжанов Сейітжанды айрықша айтуға болады.
1989 жылдың мамыр айында тұз қазу, темір жол, тұз түсіру цехтары біріктіріліп, «Аралтұз» тұз қазу комбинаты шаңырақ көтерген. Бұл комбинаттың ең негізгі буыны – тұз өңдеу цехы. Мұны көпшілік аса қанағаттанғандық сезіммен тұз өңдеу фабрикасы деп атап кеткен. Мұнда жылына 900-950 мың тонна аралығында тұз өндіру жоспарланса, бұл көрсеткіш жылма-жыл артығымен орындалып келеді. Айтқандай, «Аралтұздың» ас тұзы елімізге ғана емес, ондаған шетелдерге де жөнелтіліп келеді.
Тұз өндірушілердің құтты мекендері – «Жақсықылыш» кенті. 1925 жылы «Тұз» деп аталатын артель құрылғанда осы жерге қыстақтың алғашқы қазығы қағылған. Бүгінде 97 жыл тарихы бар бұл қоныста 950 жанұя, 5 мыңнан астам бақытты да бақуатты азаматтар ғұмыр кешуде.
«Жақсықылыш» қыстағы жыл өткен сайын өсіп, өркен жайып келеді.
***
1909 жылы ағайынды Лапшиндер қазіргі кеме жөндеу зауытының орнында механикалық шеберхана ұйымдастырады. Мұны кеме жасау және жөндеу зауытының негізі қалануы десе де болады. Бұл тарихи оқиғаның аралдықтар үшін аса маңызы бар. Өйткені, осы шеберхананың ұйымдастырылуына байланысты Ресейден ондаған орыс мұжықтары отбасымен көшіп келіп, жұмыс істейді, жарыса тұрғын үйлер салады. Бір ғана дерек, купец Кисин салдырған екі қабатты тұрғын үй қаланың қақ ортасында әлі тұр.
Орыс купецтері Красильников, Макеев, Кисин, Марков, Бузин, Астахов және басқалары өндіріс орындарын ашып, теңіз арқылы Хиуа және Бұхар хандықтарымен сауда-саттық жасайды. Бұл үшін тонналап салмақ көтеретін кеме керек еді. Орыс купецтері мен ағайынды Лапшиндер бірігіп, 1911 жылы шеберхананы шағын ғана кеме жөндейтін зауытқа айналдырады. Ал, 1925 жылы Арал кеме жөндеу шеберханасының орнына жаңадан механикаландырылған қуатты зауыт салынады. Әкімшілік қызмет пен жұмысшылар саны 1000 адамға жуықтайды.
Осы кезеңде қазақтар арасынан да маңдайалды жарқыраған талай білікті шеберлер өсіп шығады. Олардың алғашқыларының қатарында Бекниязов Панабек, Елеуов Әбдіразақ, Ақпанбетов, Сатаев есімді азаматтар болған. Бұлар 1936-1937 жылдары қуаттылығы 490 ат күші бар «Киров» теплоходын құрастыруға қатысады.
1947-1949 жылдары Арал кеме жөндеу зауыты Арал теңізінде жүзетін кемелерді іске қоса бастайды. «А.Макаров», «Киров», «Коммуна», «Зебра», «Куппер Бессемер», «Землесос» кемелері мен баржалар теңіз төскейіне түскен көрінеді. 1961 жылы зауытқа алғаш рет өз қандасымыз, жерлесіміз Сәтбай Жұмағалиұлы Сүлейменов басшылыққа келеді.
Кеме жөндеу зауыты 1970 жылдардың ортасынан бастап өсіп, өркендеу жолына шындап түседі. Кеңестер Одағының 40 теңіз портымен экономикалық байланыс орнатылады. Өкініштісі сол, сонау 1980 жылдары үлкен теңіз бен кіші теңіз екіге бөлініп, су жағадан 100-120шақырымға қайтқаннан кейін теңізде кеме жүзу мүлдем тоқтатылады. Енді зауытта жаңа өмір басталады. Нақтылай айтар болсақ, 1992 жылы Арал вагон жөндеу зауытына айналады. Зауыттың тоқтап қалған цехтары, құрал-жабдықтары біртіндеп жөндеуден өткізіліп, жұмысқа қосылады.
«САРАТС» жобасына сай «Көкарал» бөгеті құрылысы салынып, Кіші Арал суға толғаннан кейін теңізде балықтың түр-түрі молайып, балық шаруашылығы қайта жанданады. Теңізден балық аулау үшін қуатты қайық, катерлер керек болады. Осы мақсатта 2003 жылы жұмысын бастандырған «Арал-Пластик қайық» коммуналдық кәсіпорны 2006 жылы үш түрлі шыны пластик қайық және балықшыларға қажетті жеңіл ау және серуен қайықтарын шығаруды қолға алады. Ресейден 6 түрлі қайық үлгісі әкелініп, алғашқы қайықтар теңіз төсіне шыға бастайды. Соның нәтижесінде 2006 жылы 46 дана қайық шығарылып, сатылады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, 2007 жылы аралдық танымал кәсіпкер Ұзақбай Айтжанов басқаратын «Атамекен Холдинг» компаниясы келіп, біз әңгімелеп отырған кеме жөндеу базасы негізінде осы заманғы үлгідегі шетелдік құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін вагон жөндеу зауытын ашады. Оған Ресейдің Саратов облысының Энгельс атындағы вагон жөндеу зауытының мамандары тартылып, құны 110 миллион доллар тұратын зауыт құрылысы 2011 жылы іске қосылады. Бүгінде алғашқы платформа вагондары сынақтан өтуде.
***
Аралдықтардың ата кәсібінің негізі – балық шаруашылығы ертеден-ақ қаланған. 1900 жылдардың басында волгалық кеме иемденушілер Лапшин, Бузын, Сиротин, тағы басқалар Арал теңізі мен Әмударияда «Хиуа» акционерлік қоғамын құрады. Бұлар балық аулап, өңдеп, сатқан. Содан орасан табыстар тапқан. Сол жылдары Сырдария бойындағы Қазалы, Райым, Аманөткел, Бөген, Қарашалаң елді мекендерінде тұратын халықтар қолдан құралдар: яғни ау, жылым, шанышбай, қармақ жасап, балық аулап күнелткен.
1901-1904 жылдары Орынбор-Ташкент темір жолының салынуы балық шаруашылығының дамуына кең мүмкіндік ашады. Аралға Волга бойынан, Астрахань өңірінен балық аулау мен өңдеуді білетін балықшылар көптеп келіп, қоныстана бастайды. Көшіп келушілердің көпшілігі Аманөткел мен Бөген елді мекендеріне қоныстанады. 1901-1904 жылдары Аманөткелге оралдық 40 отбасы көшіп келген деген дерек бар.
Арал өңірінде балық өсіру және аулау барлық уақытта Үкімет назарында болған. Осы кезеңде Аралда балықтың 21 түрі болған. Нақтылай айтар болсақ, бекіре, қаяз, сазан, тыран, торта, тісті, ақбалық, айнакөз, шортан, жайын, тісті, тағы басқа балықтар өте мол еді. Балықшылар балықты Қамбаш, Ақшатау, Қаракөл, Райым, Жалаңаш, Шөмішкөл, Қотанкөл, Тұщыкөл, Қарашалаң. Қаратерең, т.б. көлдерден аулаған.
Республиканың Балық өнеркәсібі министрлігі жоғары білімді мамандар даярлауды да естен шығармаған. Мысалы, 1950-1960 жылдары Мәскеу, Калининград, Астрахань балық институтынан Б.Жиенбаев, Б.Қараманов, Н.Сариев, А.Сабантаев, Қ.Жұбанов, тағы басқа ондаған азаматтар білім алып, балық өнеркәсібін өрге сүйреуге бар күш-жігерлерін жұмсаған.
1950-1965 жылдары Аралдың балық аулау флотында және балық өңдейтін жүйесінде ірі-ірі техникалар іске қосылады. Қамбаш балық қабылдау зауытында 150-200 тонналық мұздатқыштар салынады. Арал бассейнінде су үстімен кемемен жүріп, көшпелі балық аулаған балықшы-капитан Төлеген Әлімбетов еді. Ол «Ленинград» балық кемесімен ашық теңіз бетіне шығып, Қасқақұлан, Көзжетпес, Ұялы сияқты аймақтардан жылына 1700-1800 центнер балық аулауды қамтамасыз еткен.
Әлімбетов Төлегенге «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріледі. Сондай-ақ балықшы Ұштап Өтеулиеваға да 1960 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілсе, теңіз тарланы Нарғали Демеуов екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденіне және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болады. Аралдық жерлесіміз Саржанов Құдайберген Балық шаруашылығы министрі қызметінде жүріп, балық шаруашылығын қайта қалпына келтіруге орасан зор еңбек сіңірген. Бұл ағамыз әлі күнге дейін осы шаруашылықтың басы-қасында.
1996 жылдан бастап «Аралдан Копенгагенге дейін» атты халықаралық Дания-Қазақстан жобасы өмірге келеді. Дат балықшысы Курт Кристенсен бастаған жанашырлар аралдықтарға ау-құрал, тоңазытқыштар әкеліп, теңіз камбаласын аулаудың қыр-сырына машықтандырады. Осының нәтижесінде аз қалған бригадалар қайта кооперативтерге бірігіп, ата кәсібіне оралады.
Иә, Аралдың келешегі – Кіші теңізі. Осыған орай Бүкіл дүниежүзілік банк пен Республика Үкіметінің қаржыландыруымен «Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру» халықаралық жобасының жұмыстары басталды. Ғасыр жобасында жаңа ғылыми-техникалық негізде ұзындығы 14 шақырым «Көкарал» бөгеті салынды. Жоба бойынша балық шаруашылығын дамытып, байырғы кәсіпшілікті өркендетуге бағыт алынып отыр. Бүгінде мыңдаған аралдықтар ата кәсіптеріне қайта оралып, заманында үдіре көшкен олар туған топырағына қайта оралуда.
Арал ауданы аумағында балық аулау және өңдеу орындары жарыса бой көтеріп, өздері дайындаған өнімдерін республика аймағына ғана емес, ондаған шетелдіктерге жіберуде.
***
Арал ауданының Қарақұм беткейі төрт түлік мал өсіруге өте қолайлы. Шаруалар жазда Қарақұмдағы шұрайлы, суы мол құдығы бар жерлерге қоныстанып, көшіп-қонып отырған. Олардың бірсыпырасының қыстауы Сырдария бойында орналасса, қалғандары Қарақұм қойнауына қоныстанған.
Арал аймағында төрт түлік мал түгелдей бар. Мұндай мал басының көп болуының басты себебі – бұл өңірде табиғи шөптің молдығы болса, екіншіден аралдықтар мал басын өсіруге аса ынталы болған.
Заманында малдың көпшілігі жеке бай адамдардың қолында болған. Олардың қолында 10 мыңнан астам қой-ешкі, 2-2,5 мыңнан астам жылқы, түйе, тағы да басқа малдары болған.
Ауданда 1940-1945 жылдары 26 үлкенді-кішілі колхоз бар екен. Олар: Аманөткел, Қотанкөл, 8 март, Жаңақұрылыс, Беларық, 30-жылдық Қазақстан, Жарықкөл, Кагонович, Көктем, Калинин, Алға, Куйбышев, Жаңаталап, Жігер, Қызыл керуен, Чкалов, Көгерту, Октябрь. 1950 жылға дейін әрбір колхозда 50-60 отбасы өмір кешкен. 1955 жылы 30 мыңдықтар атты қозғалыс басталады. Мәскеуден, Самарадан білікті кадрлар келе бастайды.
Ауданның мал шаруашылығы соғыстан кейінгі жылдарда зор табыстарға қол жеткізе бастайды. Колхоздар біріктіріліп, іргелі шаруашылықтар бой көтереді. Олардың материалдық-техникалық базасы бұрын-соңды болмаған дәрежеге көтеріледі. Барлық жерде шеберханалар ұйымдастырылып, олар әртүрлі механизмдермен және білікті мамандармен қамтамасыз етіледі. Асыл тұқымды малдар да алынып, малды шағылыстыру ғылыми негізде іске асырылады. Мал шаруашылығы өнімдері: ет, жүн, тері, сүт жоспарлы түрде сатылып, шаруашылықтарға миллиондаған табыс әкеледі. Осылардың нәтижесінде 1960-2000 жылдары аудан бойынша орта есеппен әр 100 аналықтан 105-110 қозы, 50-60 бұзау, 70-80 құлын, 40-50 ботадан төл алынады. Бұл облыс көрсеткішінен әлдеқайда жоғары болатын. Осындай толағай табыстары үшін аудан бірнеше дүркін Одақтың, Республиканың Қызыл Туларын жеңіп алады.
Мал шаруашылығының майталмандары: Социалистік Еңбек Ерлері Б.Ермағанбетов, Ж.Кенжебаев, Қ.Көшербаев, Ә.Лепесов, Т.Тәжіқұловтар болса, Пірімбетов Жұбандық КСРО Жоғарғы Кеңесінің, ал сауыншы Оразалиева Аяр Қазақ КССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланған. «Жіңішкеқұм» совхозының шопаны Бердімағанбетов Қуаныш Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады.
Өнегелі ісі, халыққа жасаған қызметі арқылы көпшілікке танылған текті тұлғалардың есімдерін де атап кетпеске болмас. Солардың бірі де бірегейі Сырымов Тәлекен республиканың Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды, ондаған ордень, медальдармен марапатталды. Ал, Бижанов Байжанның бүкіл өмірі ауданның мал шаруашылығымен байланысты. Соғыс жылдарында облыстың мал асылдандыру мекемесін басқарса, мұнан соң Абай колхозы мен «Қарақұм» совхозын басқарған. Сол сияқты мал шаруашылығына келелі үлес қосқан азаматтың бірі – Рыстығұлов Қоңырбай болды. Ол – республикаға еңбегі сіңген зоотехник атанды.
Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін алған соң қоғамдық құрылыс жаңарды. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығындағы жекешелендіру саясаты ауылдарды да тоқырауға ұшыратты. Десе де, қазіргі таңда нарық қатынасына сәйкес ауыл шаруашылығында жаңа құрылыстар құрыла бастады. Кеңшарлардың орнында өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтары пайда болды. Жылқы мен түйе өсіруде атағы елге танымал «Құланды» жылқы зауыты нарық қыспағына төтеп беріп, өз өнімдерін: яғни, шұбат, қазы-қарта, ет-сүт өнімдерін еліміздің түкпір-түкпіріне жіберуде. Сондай-ақ, өзге де мал шаруашылығы мамандары бүгінде төрт түлік мал өсірумен шұғылданып, өнімдерін ел-халықтың несібесіне ұсынуда.
***
Арал ауданының қайсыбір әлеуметтік саласы болмасын жыл өткен сайын жаңарып, жасарып келеді. Білім, денсаулық, мәдениет салалары да өркен жая түсуде. Кәсіпкерлер қатары да жыл сайын көбейіп, өз нәпақаларын табуда. Ауданның сан алуан салаларда қол жеткізген табысын баян ету – уақыт еншісінде. Ал, қазіргі айтпағым Арал аймағы – би, батыр, ақын-жыраулардан кенде емес. Бүгінгі және келер ұрпақтарға ұлағат болсын деген ниетпен осы бір текті тұлғалар есімін атауды жөн көрдім.
Халқының тәуелсіздігін аңсап өткен елдің ерен ерлерін, халық батырларын, әділдікті ту еткен би-шешендердің, елінің жоғын жоқтап, халқының сойылын соққан ақын-жырауларымызды ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз.
Нақтылай айтар болсақ, Арал қаласында бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің тарихи маңызын қастерлеу үшін «Тәуелсіз» алаңында биіктігі 21 метрлік ескерткіш бой көтеріп, 6 мың шаршы метр тас төсеніш жасалып, 20 мың шаршы метр жер гүлзарлармен көмкерілді. Өзбекстандағы Нұр Ата ауданындағы Әйтеке бидің, Қазалы ауданындағы Қызылдың құмындағы Сартай батырдың және Мырзастағы Нұртуған ақынның жерленген бейіттерінен қасиетті топырақтарын арнайы құтыға салып әкеліп, ескерткіш тұғырына ұрпақтары орналастырды. Алаңды айнала кеңес құрып отырған кейіпте құйылған Әйтеке би, Сартай батыр, Нұртуған ақын мүсіндері шынайылығымен ерекшеленеді. Осы бір текті үш тұлғаны ұрпақтарға ұлағат ету мақсатында «Тәуелсіздікті ту еткен тұлғалар» кітабы шығарылған.
Биылғы жылы Қотанкөл төскейіне Толыбай батырға, әкесі Мыңбай биге еңселі ескерткіш-кесене орнатылды. Сонымен қатар Толыбай батырдың қылышы (Алматы), қанжары (Ақтөбе), күміс құрсаулы деңмент белбеуі (Қазалы) бүгінгі ұрпақтың көзайымына айналды. «Толыбай батыр» зерттеу кітабы жарық көрді. Аудан аумағында Жетес би мен Бекмырза ханның ескерткіштері де бой көтеріп, олардың өмірдеректері жайлы жазбалар да жарыса шығарылып жатыр. Спорт комплексіндегі Жалаңтөс Баһадүр, Тәуелсіздік алаңындағы Хан ордасы сияқты айтулы ескерткіштер ел есінде мәңгілікке қалады.
Иә, Тәуелсіздік туын көтеруге бар ғұмырын бағыштаған батыр-билер мен ақын-жырауларымыздың өнегелі өмір жолымен жүрген мәдениет пен әдебиетіміздің аралдық тарландары да баршылық. Олар: әлем таныған халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіров, фантаст-жазушы Абдулхамит Мархабаев, ақындар Жарасқан Әбдірашов, Шөмішбай Сариев, Мешітбай Құттықов, жазушы Сайлаубай Жұбатыров, Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев, республикаға еңбегі сіңген қайраткер Мұрат Сыдықовтар болатын.
Оқырман қауым, жоғарыда айтқандай, айдынды да айбынды Арал аймағының жыл өткен сайын жасарып, айшықтануын түгендеуді уақыт көтермейді. Алдағы уақытта Аралдың мұнан да жарқын болашағын Тәуелсіз елдің перзенттері – ұрпақтарымызбен бірге көруге жазсын.
Әлем таныған Аралдың келешегі – кемел. Аралдың абыройын асқақтата берейік, ағайын!
Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист
30 қазан 2022 ж. 6 402 0