Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөлек баба

Бөлек баба

Қазақ халқының өткен тарихы хатталып, кітапқа жазылып түспесе де, ел аузында ауызша шежіре, аңыз боп, кейінгі ұрпаққа жеткен. Соның ішінде заманында елдің арқа тұтар арысы боп алыстан келген жаумен арпалысқан, ел ішіндегі дау-шарды әділдікпен шешкен от тілді, орақ ауызды дараларымыздың есімі үлкенді-кішілі ру аттарын иеленіп, бүкіл қазақ халқының, Алаш жұртының бірлігін құраған. Сондай үлкен жұрт Жақайым тайпасының Бердіңғұлдың Игілігінен тарайтын Бөлек аталығы. Бөлек бабаның шын аты Майлыбай екен. Ол Игіліктің арыстандай бес ұлының ең кенжесі. Ел аузында мынандай бір аңыз бар. Бірде ағалары Құттыбай, Қойлыбай, Таттыбай, Жақсылық ауылдан шалғай жатқан ауылға асқа кетіп, бозбала Майлыбай кіші болғандықтан да, малға бас-көз болып қалады. Елдің баһадүрлерінің асқа кеткендігінен хабардар болған бар-ымташылар түн жамылып келіп, осы ауылдың жайылып жатқан жылқысын айдап ала жөнеледі. Құлағына бұл хабар тиген Майлыбай ізіне ерген бес жігітпен барымташыларды бастырмалата қуып жетіп, шетінен баудай қиып түсіріп бүкіл жылқысын қайтарып әкелген екен.
Талай сойқанды көрген қандықол барымташылардың барымталаған жылқысынан қалай айырылып қалғанын сұрағанда олардың басшысы: «Артымыздан қара шаң көрінді. Сөйтіп тосқауыл жасағымыз келіп-ақ еді, олардың алдында екі көзі шоқтай жанып, еңселі біреу келе жатыр екен. Қорыққанымыздан қалай қарсылық көрсетерімізді білмей сасып, айқасқа түсер-түспестен-ақ берілуге мәжбүр болдық» депті. Ауыл ақсақалдары Майлыбайдың тайсалмай шапқан бұл ерлігіне тамсанып: «Баланың батырлығы, қайсарлығы, өжеттілігі сірә бөлек екен!» десіпті. Сол себепті де оны ел-жұрт бұдан былай «Бөлек» атап кетіпті.
Бөлек бабаның сол бір аласапыранды, жан-жақтан жау қыспақтаған заманда бүкіл өмірі арпалыспен өткен. XVIII ғасырдағы қазақ халқының басындағы ауыр кезеңде ел-жұртына пана болған Бөлек бабаның туған, өлген жылдары белгісіз. Қай жерде жерленгені де белгісіз.
Игілік баласы Бөлек бабаның ұрпақтары баба атын ескерусіз қалдырмай, қайта жаңғыртып, жақында №88 Тасбөгет теміржол бекетінің маңындағы биік төбеге Бөлек бабаға арнап ел көзіне түсер еңселі кесене тұрғызды. Ескерткіш-белгінің биіктігі 6 метр, аумағы 4 шаршы метр етіп сары-қызыл кірпіштен қаланып, бес бұрышты пішінмен өрілген. Бұл бес бұрыш Игілік руының тумалас бес аталығын көрсетеді.
Қай кезде де әруақ сыйлаған, ата-баба рухына табынған бауырмал халық емеспіз бе. Бабадан тараған ұрпақтарға қозғау салып, Қазақстанның түкпір-түкпіріне таралған ағайындарға сауын айтып қозғау салған Алтынбек Өмірзақұлы Бақберген немересі осынау кесене үшін қаражат жинауға бастамашыл болған. Елімізге белгілі журналист Еркін Әбілов кесенеге байланысты жердің рәсімделіп алынуына, құжаттардың түгелденуіне бас-көз болған. Сөйтіп мамыр айында үлкен шараға кіріскен жігіттердің басы-қасында Әбдірахман Өмірзақұлы, Дөңес Төреханұлы, Молдахмет Қожагелдіұлы, Мәулен, Ермек Көпжанұлдары сол шақтағы аптап ыстық пен құмды дауылға қарамай маңдай терлерін сылып, күн-түн дем¬ей бірлесе қимылдап жүрді. Әрине, Бөлек бабаның осындай үлкен кесенесінің салынуына ақыл-кеңесін аямаған Жәлеледин Әзиұлы, Жоламан Қазыгерейұлы сынды абыздар тобы кейінгі бастамашыл жастарға бағыт-бағдар беріп, жөн-жоба көрсетіп отырған.
Сондай-ақ биік төбе басында 15 шаршы метр жердің құжаттық иесі Төлеген Жоламанұлының да еңбегін атап өткен жөн.
Бөлек баба (Майлыбай) Игілікұлының рухын асқақтатқан, жаңа ұрпақ жадында қайта жаңғыртқан үлкен кесене бой көтеріп, барша ағайынның шынайы көңіл үдесінен шыққан соң, жер-жерден әдейілеп келген 130-дан астам шаңырақтың басы қосылған үлкен-кішісі, ұл-қыздары баба кесенесі басына жиналып, тағзым етіп, рухына Құран бағыштады.
Бөлек баба ұрпақтары осынау шараның жалғасын Арал қаласындағы «Ақ босаға» мейрамханасында арнайы бағышталған ас берумен жалғастырды. Асқа өңіріміздің абыз ақсақалдары, жергілікті рулардың ағалары, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері шақырылып, барша қаума-ғадеттері жасалды. Жиналған қауым алдында Бөлек баба аталығының тоқсан алты жастағы абызы Малдыбай ақсақал елдің бірлігі, ағайынның ауызбіршілігі, туған-туыстың ынтымақтастығына риза боп, ақ батасын берді. Сондай-ақ ел анасы Есқазықызы Жұма барша ағайынға осы кесенені тұрғызуда, ас беруде еңбек етіп, қалтықсыз қызметін көрсеткен кейінгі жас буын ұрпақтары мен келіндеріне өзінің ұлағатты, өнегелі әңгімесін айтып, шын жүректен ризашылығын танытты.
Өткен тарихта есімін қалдырған арыстарымыздың қатарында ел жадында, ру аталығы атында өшпей келе жатқан Бөлек бабаның кесенесі Орынбор-Ташкент теміржол мен Батыс Еуропа-Қытай автотрассасының аралығындағы биік төбеде ұрпағына тура жол көрсетіп тұрғандай белгі болып отыр.
Е. ЗЕЙНЕТҰЛЫ,
Арал қаласы
23 шілде 2023 ж. 14 214 0