Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазықсыз жазаланған

Жазықсыз жазаланған

КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 1953 жылдық қыркүйек айында «30-40 жылдары және 1950 жылдардың бас кезінде орын алған қуғын-сүргін құрбандарына байланысты әділдікті қалпына келтіру» жөніндегі Жарлығы жарияланған болатын.
Бұл Жарлық бойынша КСРО Жоғарғы Сотына КСРО Бас прокуратурасының наразылығы бойынша ОГПУ-дің бұрынғы коллегияларының, НКВД «үштігінің» және КССР-дің НКВД-КГВ-МВД-ның жанындағы «ерекше кеңестің» шешімдерін қайта қарау құқығы берілді.
Іс жүзінде бұл жұмыс 1954 жылдан (И.В.Сталин өлгеннен соң) бастап қызу жүргізіле бастады. 1960 жылға дейін Одақ бойынша 500 мыңнан астам адам ақталды. Бірақ бұл жұмыс 1960 жылдардың алғашқы жартысында біртіндеп әлсіреп, іс жүзінде тоқтатылған болатын. Бірақ, өмір мұнымен тоқтап қалған жоқ. Елімізде демократияландыру мен жаңартуға деген бағыт тарихи және әлеуметтік-құқықтық әділдікті табандылықпен орнықтыруды талап етті. Осыған байланысты Мәскеудегі орталық комитеттің «30-40 жылдар, 50-жылдардың бас кезінде орын алған қуғын-сүргін құрбандарына байланысты әділдікті қалпына келтіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» қаулысы қабылданды. Сондай-ақ, 16 қаңтар 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының тиісті жарлығы шықты. Міне, осы кезден бастап айтылмай келген заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар жөніндегі қылмыстық істерді қайта қарау нәтижесінде болмашы нәрсеге бола сотталғандарды, яғни жазықсыз жазаланғандар іс жүзінде ақтала бастады.
Бұл орайда прокуратура органдарының алдында соттауға жатпайтындар көптеген адамдардың қылмыстық істерінің негізділігін тексеру міндеті тұрды. Және осыған байланысты облыстық прокуратура да қызу іске кіріскен болатын. Яғни, 1988 жылдың қыркүйек айынан бастап облысымызда қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыстарға баса көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде аз уақыт ішінде 144 қылмыстық іс архивтерден алынып, олардың негізділігі тексеріліп, заңсыз шығарылған шешімдерге наразылық келтірді. Облыстық прокурордың келтірген наразылығы бойынша Қызылорда облыстық сотының Президиумы қылмыстық істерді қарап, прокурордың келтірген наразылықтарын қанағаттандырып, НКВД-нің бұрынғы «үштігі», ОГПУ-дің бұрынғы коллегиясының, НКВД-нің ерекше арнаулы комиссияларының 80 адам туралы шешімдерін бұзып, олар жөнінде қылмыстық істер өндірістен қысқартылды. Өйткені олардың әрекеттерінде қылмыстық істің болмауына байланысты.
Осы істердің нәтижесін халыққа жеткізу міндеті тұрды. Сол кезде 1989 жылдың наурыз айының, ұмытпасам 10-11-і күндері біздің ауданымызға облыстық прокурордың аға көмекшісі, ұйымдастыру және бақылау-орындау бөлімінің юстиция аға көмекшісі Д.У.Маймақов бастаған өкілдер келді. Мақсаты – халыққа Жарлықты түсіндіру, жазықсыз жазаланғандарды ақтау жөніндегі жасалып жатқан іс-шаралар жөнінде әңгіме өткізу.
Мен ол кезде аудандық «Толқын» газетінде тілші болып қызмет жасайтынмын. Олардың жанында жүріп, көптеген ақпараттарға қанық болдым. Соның нәтижесінде газетке мақала дайындадым. Сонымен бірге ақталған азаматтар жөнінде көптеген мәліметтер (тек аралдықтар жөнінде) алғанымды айта кетсем, артықтығы болмас. Кейбірін газетке мақала ретінде пайдаландым. Соның бірі жазықсыз жазаланған Емберген Төлегенов жайлы қысқаша мәлімет бере кетейін.
Емберген Төлегенов 1903 жылы Арал ауданына қарасты 19-ауылда туған. Орджоникидзе ұжымшарында егіс бригадирі болып жүрген кезінде, 1937 жылдың 29 қазанында Арал аудандық НКВД-сі қамауға алған. Бұған ұлтшыл контрреволлюциялық ұйымның мүшесі бола тұра, колхоз құрылысына қарсы қастандық жасап, 6 га күріш егістігін суға бастырып құртқан. Басқа да айыптар тағып, оны Ақтөбе УНКВД «үштігінің» қаулысымен 1937 жылы 30 қарашада 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қолданып, соттаған.
Ярослав облысы, Углуг қаласындағы Волголаг еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген кезінде 1940 жылы 22 қарашада қайтыс болады.
1989 жылы 16 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1-статьясына сәйкес 1989 жылы 11 қыркүйек күні ақталған. Міне, осындай жайлармен жазықсыз жазаланғандардың арасында аралдықтардың бары өкінішті-ақ. Олардың артында кімдер қалды, белгісіз. Бұрынғы қариялардан еміс-еміс естігеніміз болмаса,қазір ол да кеміп барады. Осыған орай, қолыма түскен Емберген Төлегеновтің айдауда жүргенде өлеңмен жазған хатын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдім.
Келіп едік дәм айдап,
Бір бөлек адам біз елден.
Мұндай ұзақ сапарды,
Бұрын сірә, кім көрген.
Келген соң уақыт айрылдық,
Ықтиярлы күндерден.
Опасыз қалған бұл дүние,
Қалмады қашан кімдерден.
Науқас кірді бойыма,
Енді маған күн болмас.
Дәм тату барып елімнен.
Мұңымды шағып айтайын,
Қасымдағы ағалар,
Басыңа қиын іс түссе,
Қарасады екен жаны ашып.
Ақылы сірә, бар екен,
Неге мұқтаж болсам да,
Әкеліп тұрды даладан.
Қайдан іздеп табамын,
Молдаштай жақсы ағадан.
Қарағым, жаным, Балхашым,
Әбілхан, Ертай, Қойқын, Жалғасым.
Келеді деп күткен әкеңіз,
Арманда мұнда қалғанын.
Ие болар орнымда,
Өзімнен қалған бала бар.
Күн көтерін қолыңда,
Азын-аулақ қара бар.
Жаны ашитын туысқан-тума бар,
Тату болған жолдасым.
Шаруашылығымды басқарып,
Балаларымды жақсы бақ.

Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
этнограф-журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Сурет: anatili.kazgazeta.kz
31 мамыр 2024 ж. 2 389 0