Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көне түріктік ұрыс тактикалары

Көне түріктік ұрыс тактикалары

Өз заманында Орта Азия даласында үстемдік құрған сақ, сармат, ғұн секілді көне түрік тайпалары аса жоғары деңгейдегі әскер құра білді Көшпелі бабаларымыз ең алғаш жылқы малын ауыздықтап қана қоймай, жауынгерлік өмірге ыңғайлы ауыздық, жүген, ертоқым, үзеңгі, шалбар, садақ тәрізді дүниелерді ойлап тауып, озық үлгідегі әскери әдіс-айлаларды қолдана білді. Бабаларымыз қолданған мұндай әдістер бүгінде өзінің өзектілігін әлі де жойған жоқ. Қазақ халқы өзінің жауынгерлік дәстүрінде ату-шабу, найзаласу ғана емес, анталаған жаудың бетін қайтару, мысын басу, күтпеген жерден шабуыл жасап баудай түсіру және де қажет болса шегіне жүріп шайқасу сынды неше түрлі әдіс-амалдарды қолдануды жақсы меңгерген. Көзсіз ерлік жасау, қызбалық істеу соғыста абырой әкелмейтін іс саналды. Соғыс ісін жақсы білу үшін батырлар әскери өнердің барлық түрін жақсы меңгеруі шарт болды. Сондықтан олар соғыстан бос уақытын әскери өнерге жаттығумен өткізеді. Әртүрлі тойларда өтетін сайыстар, жамбы ату, күрес, бәйге, көкпар тарту сияқты жігіттік ойындар да осындай әскери істі меңгеруге көмектескен. Көшпелілерде аң аулау да соғысқа жаттығудың жұмысын атқарған. Белгілі араб жиһангезі ал-Джахиздың (VIII ғасырда өмір сүрген) еңбектерінде түркештерге қатысты мынадай деректер келтіреді: «Главное оружие тюрков – лук и стрелы, которыми они владеют необычайно искусно: Тюрок стреляет по диким животным, птицам, мишеням, людям...». Түріктер садақты атпен шауып келе жатып алға да, артқа да, оңға да, солға да, жоғары да, төмен де ата береді. Араб-харидтер бір оқты садағына салғанша, олар он оқты атып үлгереді. Түріктің төрт көзі бар – екеуі алдында, екеуі артында. Ал Қытай тарихшылары «ғұндардың ойынға жараған баласы садақпен ұсақ аң, құс атып жаттығады. Гректер, парсылар өз балаларын садақ атуға үйрету үшін сақтарға жіберіп жаттықтырады». Осындай жоғары деңгейдегі жаттығулар мен мықты тактикаларының арқасында бабаларымыз аз қолмен аттанып үлкен жеңістермен оралып отырды. Көшпелі бабаларымыз қолданған мұндай әдістердің бірі – «Қоян қашты» немесе «Шолақ соғыс» тактикасы. «Қоян қашты» амалының басты мақсаты –өздері әдейі қашқандай болып артынан түре қуған жау қолын қоршап алып, түгелдей жойып жіберу. Қолдың алдыңғы шебіндегі арнайы жауынгерлер жауға жақындап барып садақпен шабуыл жасайды. Ұзамай кейін шегініп, жаудың біраз біраз бөлігін ілестіре кетеді, сөйтіп, қоршауға түсірген. Егер жаудың күші аса басым екеніне көзі жетсе, одан бір немесе екі күндік жерге қаша шегініп кетіп, басқа жасырын жолға түсіріп, торуылдай жүріп, қырғынға ұшыратқан. Егер бұл әдіспен ала алмаса, он-он екі күндік жерге шегініп кетіп, қауіпсіз бекіністі жерге орналасып алып, бөлшектеніп жеткен жауды жеңу амалын тапқан. Ашық далада жау әскерімен кездескенде соғысты, әдетте, жеңіл қаруланған садақшылар бастаған.Алыстан атыс жүргізу арқылы олар дұшпан жауынгерлерін, аттарын шығынға ұшыратуға, шебін бұзуға, сөйтіп қоян-қолтық айқасты жеңілдетуге тырысқан. Осыдан кейін айқасқа шайқастың тағдырын шешетін ауыр қарулылар, қылышкерлер, айбалташылар, шоқпаршылар бірнеше қосынға бөлініп кезек-кезегімен кіргізілген. Мұндай әдісті «толғама» деп аталған. Бұл сөз көне түрік тілінде «қоршап алу» және «қарату» деген ұғымдарды білдіреді. Тұлғама – жауды қоршап алып, қоршаудағы жауға не оның тылына шабуыл жасау. Бабыр өзінің қолжазбаларында тұлғаманы Дешті Қыпшақ халқының шабуылдағы ұлы өнері ретінде көрсетеді. Бабырдың айтуынша, қыпшақ даласындағы шайқастардың барлығы тұлғамасыз өтпеген. Тарихшылардың айтуынша, 1726 жылғы «Айран төгілген» қырғынында тура осы әдіс қолданылған. Аңырақай шайқасында да бұл әдіс үлкен көмек болғаны белгілі. Негізінен садақ, найза, қылыш, айбалта, қанжар асынған бабаларымыз зеңбірекпен қаруланған жоңғар қолын ойсырата жеңе білді. Яғни Әбілхайыр бастаған қазақ батырларының жауды көпшілік жағдайда қоршауға алып, жеке-жеке жойып жіберіп және жаудың тылмен байланысын үзіп тастап отыру тактикасының арқасында жеңгені әмбеге аян. Бабырнамада Дешті Қыпшақ көшпенділері арасында «Шашыла шабу» деген соғыс тәсілі болғаны айтылады. Бұл шабуыл тәсілінің мәні мынадай: бектер мен нөкерлер бәрі бірдей қарсыласының жағына қарай бар күшімен шабады, оқ атады, кенеттен аттарынан түседі де, кері бұрылып, тізгіндерін жібере салып, шашыла шабады. Геродот жазбаларында сақтардың парсы шапқыншылығынан тура осындай (күтпеген жерден шабуыл жасап, шегініп кету) жолмен қорғанғаны айтылады. Оның айтуынша, жылқыға мінген сақтардың шегініп жүріп соғысу әдісін өте шебер пайдаланған. Кирдің өзі де, оның құнын жоқтап сақ даласына келген Дарий патша көшпелілердің елесін қуалап жүріп-ақ титықтап, кейін шегінгендігі мәлім. Ойда-жоқта тұтқиылдан пайда болып, жаудың үрейін ұшырып соққы беріп, есеңгіреп тұрған сәтте ес жиғызбай қайта шегініп кететін әскери әдіс парсылардың әбден құтын қашырған еді. Белгілі көпес әрі жиһангез Марко Поло да 13 ғасырдағы түркі-моңғол тайпаларының соғыс өнеріндегі осындай тактиканың болғанынан хабардар етеді: «Убегать от врага не стыдятся, убегая, поворачиваются и стреляют. Коней своих приучили, как собак, ворочать во все стороны..., а враг думает, что они расстроены и побеждены, и сам проигрывает, оттого что кони у него перестреляны, да и людей изрядно перебито. Татары, как увидят, что перебили вражеских коней, и людей много, поворачивают назад и бьются сильно, храбро, разоряют и побеждают врага». Сол секілді Плано Карпини де көшпелілердің әдістері туралы мынандай дерек қалдырған: «Көшпелілер ойламаған жерден қарсыластары өктем болып шықса, олар жедел жалтарады, тіпті бір немесе екі күншілік жерге шегініп кетеді. Оған да болмаса сол өлкенің тағы бір аймағына басып кіреді де, қалағанынша талайды. Бұл айласы да, олар он, тіпті жиырма күншілік жерге шегініп алады да, қатерсіз өңірде қосынын тынықтырады. Сөйтіп, ол жерге жау қосындарының бытырап жетуін күтіп жатады да, орайлы сәтте тұтқиылдан тап беріп, қарсыласын құртып жібереді. Татарлар өтірік шегініс жасаса, ондайда тым алысқа қумау керек. Әуелі жаудың бастырма тобының қоршауына түспейтініне көз жеткізген жөн. Өйткені бастырма топтың қоршауына түсіру татарлардың кәнігі айласы. Татарлар қашанда жауын ортаға қарай тықсырады, сол арқылы қоршауға алады. Сондықтан ондайдан қатты сақтану керек. Өйткені татарлардың мұндай қоршауында қалған қосын оңай жойылып кетеді. Ешқашан жеңілген жауды ұзақ қууға болмайды, өйткені татарлар бастырма әдісіне өте шебер келеді. Шынтуайтында татарларды батырлықпен жеңіске жетеді дегеннен көрі, айламен жеңіске жетеді деп бағалаған дұрыс». Байқатпай жиналу. Жаугершілік заманда көшпелі бабаларымыз әскерді бірнеше топқа бөліп, алдын ала белгіленген жерде тосыннан жинап отырған. Бұл жер қайысқан көп қолды жауға байқатпай әкеліп қапыда қалдыру үшін таптырмас айла болып есептелді. Мәселен, Кенесары хан 1838 жылы Ақмола бекінісін аларда осы әдісті қолданған. Айқас кезінде жау жағы басым бола бастаса, көшпелілер әскері, жан-жаққа шашыла шегініп, белгіленген жерде жиналып, кенеттен шабуылды қайта бастаған. Кейбір тарихи деректерде қазақтар қолдың санын көп етіп көрсету үшін аттарға адам секілді киім кигізіп қуыршақтар отырғызу тәсілін қолданғаны айтылады. Бүгінде «көз алдау» тәсілі деп аталып жүрген бұл әдіс әдетте жау жағына үрей туғызу үшін жасалғаны белгілі. Саны аз жау шабуылдауға батпаған. Ал көптігіне сенгендері ашық шабуылға шыққан. «Іздегенге сұраған» демекші, жалт беріп қашқан бабаларымыз жау қолын бір-бірінен бөліп алып құртып отырған. Қашқандарының да іздеріне түсіп қуа жүріп шайқасқан. Қалың қолдың алдына тұтқындарды салу әдісі де іске жаратылған. Ал шыңдалған күшті әскерді алыстан оң және сол жағынан жібереді. Олар бұл әскерді жау көрмеу үшін істейді. Осы әдіспен жауларын ортаға қамап, бір жағынан шайқасты бастайды. Бұл әдіс Қыпшақ даласындағы көшпенділерден қазақ әскеріне үрдіс ретінде қалыптасып қалған. Егер қолбасшылар атпен соғысуды қажетсіз деп тапқан жағдайда, жауынгерлер аттарының делбесін белдеріне байлап, жауға қарсы жебе оқтарын жаудырып, қоян-қолтық келіп қалғанда найза, қылышпен шайқасқан. Егер, оларға жау ойламаған жерден тап берсе, қоршау жасап, шеңбер құруға тырысады, содан шайқаса жүріп, қазақ дәстүрі бойынша шеңберді айналады. Бұл тәсіл «Ай қораланды» деп аталады.  Яғни жауды айналдыра сырттан қоршап алып, сонан соң біртіндеп қысу арқылы талқандау болған. Моңғол диірменінде жау кенеттен шабуылдаған жағдайда қазақ әскері қапталды қабыстырып, шеңбер жасайды да, атпен айнала шауып жүріп жауға қарай садақтан оқ жаудырады. Жау қоршауының ішінде қалып қойса да, сыртында болса да осылай айнала оқ жаудырып, жеңіске жеткен. Жылжымалы қамал көшпелі қазақ халқының жаумен бетпе-бет кездесер жағдай туған сәтте қолданатын айрықша тәсілдерінің бірі болған.  Жауынгерлер сап-сап боп бірнеше қатарға бөлінетін. Алдыңғы қатардағы атты жауынгерлер саптарын сүйір ұшты етіп құратын. Бұл оларға жұмсақ жерге кірген қазықтай, жау шебін оңай бұзу үшін ыңғайлы болған. Сонымен қатар, әр топтың араларына және арт жағына шабуылға шыққан жауды кідірту үшін арбалар қойылған. Осы арбалардың артында керек кезінде ұрысқа түсуге дайын тұрған тағы да әскер болатын. Ал егер жау жағының күші басым келіп, шабуылды олар бастайтынына Қыпшақтардың көздері жетсе, соғысу тәсілін басқаша жүргізетін. Үстіне өгіз, түйе терілерін жапқан арбалардан дөңгеленте бекініс жасай-тын. Арбалардың шетінде жағалай тұрып алып, шабуылға шыққан жауына оқ жаудыратын. Зерттеушілердің айтуынша, мұндай тәсілді сонау көне замандарда Оғыз ханның тұсында қолданған. Зертеуші-ғалым Жолдас Нұрсұлтанұлы деген азамат «Түрік шежіресі» атты еңбектен алынды деген өз зерттеуінде мұндай әдістердің өте көне екендігін әрі бұларды түрік-моңғол жорықтарында пайдаланғанын айтады. Зерттеуші шежіренің 1838 жылғы ағылшын тіліне аударылған нұсқасынан алынған ақпараттарды келтіре отырып, «Бұл ертедегі Ал, қосындардың атауына келер болсақ, олар әлі қүнге дейін қазақ тілінде қолданыста бар. Әбілғазы осы әскери атауларды Әмір Темірдің немересі атақты ғалым Ұлықбетің жазған «Төрт Ұлыс Хандары» («Тариқи-ұлұс Арбаға») атты еңбегінен алуы ықтимал» деген болжам жасайды. Оның айтуынша, ерте заманда Оғыз хан барлық әскерлерін жинап жетіге бөлген және ол жеті топ шайқас алаңында мына ретпен шабуыл жасаған: 1. Құрауыл – ең алдында жүретін бірінші бөлімі. Бұл топ армяның ең алдыңғы қорғаныс әрі шабуылшы шебі болған. Түріктер бұл топты «Құрауыл» деп атаса, моғолдар (мұңғолдар) «Болжоңғар» деп атаған дейді Әбілғазы Бахадүр «Түрік шежіресінде». Олар құрамалар болып, ең алдымен ұрысқа кіріп шайқас дәмін татады әрі қырғынға көп ұшырайтында осылар. Аты айтып тұрғандай олар әр-түрлі құрама топтардан құралған. Хандар «Құрауыл» қосынына әр-түрлі тұтқындармен басқа жұрыттарды көп қосатын болған, себебі қырылса ең алдымен солар қырылатын, өз әскеріне тым зақым келмейтін. Мәселен Шыңғысхан тұтқынға түскен тәжіктерді түмен-түменімен ең алдынғы «Құрауыл» қосынына қосып қалаларды алуға жеккен. 2. Ерауыл (немесе Мұнқолай). Түріктер бұл қосынды «Ерауыл» (ерген топ) және «Мұнқұлай» деп атаса, моғолдар (Мұңғолдар) «Бороңғар» деп атаған дейді Әбілғазы Бахадүр. Олар алдағы «Құрауыл» тобының артынан мәлім аралық-қашықтық қалдыра еріп отырады, бұл бөлімнің басты ролі барлық қосын арасындағы байланысты жандандыру болған. Ал арабтар бұл топты «Мүкдүмт-ил-жиш» деп атайды, себебі бұл топқа қосындағы ең батыр жігіттер ұйыстырылған деп жалғастырады еңбек иесі. Бұл қосын «Құрауылдың» артын аңдап еріп отыратындықтан, «Ерауыл» немесе «Ерген топ» аталған. 3. Оңқол – жалпы қосынның оң жақ бөліміне орналасқан топ. Олар алдынғы екінші топ «Ерауылдан» садақ жебесі жетер ара-қашықтық, яғни жебе ұшырым шалғайлық сақтап отырады. Бұл топты түріктер «Оң-қол» деп атаса, моғолдар (мұңғолдар) «Оңғар» деп атайтын, арапша «Йүменә» делінген. 4. Солқол – жалпы қосынның сол жақ бөліміне тұрақтасқан, яғни «Оңқолдың» қарсы жағына орналасқан төртінші топ. Түріктер бұл қосынды «Солқол» десе, моғолдар (мұңғолдар) «Жоңғар» деп атайтын. «Оңқол» мен «Солқол» ортадағы «Жасауыл» қосынынан тең аралық сақтап жайғасқан, осы ретпен жүреді. 5. Жасауыл. Бұл бесінші топ жалпы қосынның қақ ортасына орналасып, «Қол» деп аталған. Олар «Оңқол» мен «Солқол» екі топтың арасында қимыл жасап, қозғалыс алып барады. «Жасауыл» қосынның қолбасы ұрыста өзінің орнын осы арадан ауытқытпай сақтап, бұйрығын осы екі арада атқарады. Бұл қосын түрік тілінде «Жасауыл» делінсе, Арапша «Қалыб-әл-жәйш» делінген. Хандар мен патшалар осы Жасауыл қосынында жүретін болса керек, «Түрік шежіресінде» Шыңғысхан Найманханмен ұрыста осы «Жасауыл» қосынында тұрғандығын айтады. Бұл қосынға бұзып-жарып кіру өте қиын болған, себебі «Жасауылды» алдыда «Құрауыл» мен «Ерауыл» қосыны қорғаса, оң жақтан «Оңқол», сол жақтан «Солқол» қосыны қымтаған, ал артынан «Шаңдауыл» және «Бұқтырма» қосыны қорғаған. 6. Шаңдауыл – алдыңғы «Қол» тобынан белгілі аралық сақтап орналасқан алтыншы топ, яғни олар «Қол» қосынының ат тұяғынан шыққан шаңына жетеғабыл қашықтықта еріп жүруі керек. Бұл қосын түрік тілінде «Шаңдауыл (Шаңды-ауыл)» делінсе, арапша «Сәкех» делінген. Кейде түріктер бұл топты «Оқшы» деп атаса, моғолдар (мұңғолдар) «Оқжоңғар» деп атайтын. 7. Бұқтырма – «Шаңдауыл» қосынына оң-солға бөлінбей жинақы түрде еріп отыратын қосын. Олар жаулар «Шаңдауыл» қосынының ат тұяғынан шыққан шаңды көре алмайтындай аралық тастай бұға еріп отырады. Түріктер бұл топ қосынды «Бұқтырма», моғолдар (мұңғолдар) «Басоңғар», Парыстар «Күменгәх» деп атайтын еді, ал араб тілінде не дейтіні анық емес, олар бұл топқа ат қоймаған сяқты. Парсылар осы тектес қосын-армия әскери түзімдерін татарлардан (түрік-моғолдардан) алған. Аты айтып тұрғандай «Бұқтырма» – жалпы қосынның ең артынан бұғып жасырына еріп жүретін қосын. Мұндай деректерді яғни көшпелі түрік тайпаларының шайқас барысында бір қатарға тұрмай, бөлектеніп үшкір сына құсап жауын тықсырып барып, кенеттен шабуылдап, күтпеген жерден кері шегіну тәсілдерінің болғанын Серікбол Қондыбайдың «Жауынгерлік рух кітабы» атты еңбегінен де кездестіруге болады.
https://e-history.kz
05 маусым 2019 ж. 2 170 0