Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түбінде Наурыз негізгі жаңажылдық мереке болады – Нұрсұлтан Назарбаев

Түбінде Наурыз негізгі жаңажылдық мереке болады – Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.













«Наурыз мейрамы құтты болсын! Менің жарлығыммен бұл мейрамды 3 күн тойлаймыз. Бұл – бағзы заманнан келе жатқан мереке. Тәуелсіздік алған соң елімізге аталған мейрам қайта оралды. Бұл мейрам түбінде біздің негізгі жаңажылдық мерекеміз болады», - деді президент Астанадағы Конгресс орталықтағы мерекелік шара аяқталған соң.
Президенттің айтуынша, аталған мейрам табиғат пен қоғамның жаңаруын, Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін әспеттейді. Сонымен қатар, Елбасы осы жылдардың ішінде еліміз біраз табыстарға қол жеткізгенін, бірақ соған қарамастан әлі де алда атқарар жұмыстар көп екенін айтты.
«Тәуелсіздіктің 26 жылының ішінде біз көп шаруаны бітірдік. Оның барлығы ел бірлігінің арқасы. Қазірдің өзінде әлемде болып жатқан өзгерістерге байланысты бізде арнайы бағдарламалар бар. Технологиялық революция деп жатырмыз. Оған да арнайы бағдарлама бар. Рухани жаңғыру бағдарламасын осыған дейін атап өттім. Жақында мен халыққа «5 әлеуметтік бастама» туралы үндеу жарияладым», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев аталған бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
«Бұл бастама әрбір қарапайым қазақстандыққа арналады. Біріншіден, бұл баспана мәселесін шешуге бағытталған. Оны осыған дейін айттым. Екіншіден, жастардың жағдайын жақсарту. Яғни жатақханалар салу, мемлекеттік гранттарды көбейту, табысы аз азаматтарды салықтан босату, Қазақстандағы елді-мекендерді газбен қамтамасыз ету. Мұның барлығы қарапайым халыққа, олардың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналады. Осыған барлықтарыңыз ат салысуларыңыз керек», - деді президент.
Сөз соңында Қазақстан президенті халыққа бақыт тіледі.
«Осы жылдардың ішінде Қазақстан дүниежүзіне танымал болды. Абыройымыз артып келеді. Осы бағытты болашақта да ұстауымыз керек. Себебі, елдің бірлігі – болашақ табыстарымызға кепіл болады. Қазақта «Жаңа жыл жарылқасын, ескі жыл есіркесін. Ақ мол болсын, қай жерде жүрсең жолың болсын» деген сөз бар. Мәңгілік ел болуға қадам басқан жолымыз, құтты болсын. Бақытты болайық. Бала-шағамыз, ұрпақтарымыз аман болсын. Солардың бақыты үшін жұмыс істейік», - деп түйіндеді сөзін Елбасы.
Айта кетейік, бүгін Астанадағы ЭКСПО көрмесінің аумағында алғаш рет Наурыз мейрамы тойлануда.

Baq.kz
21 наурыз 2018 ж. 1 018 0