Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлтты сүюдің ұлы үлгісі

Ұлтты сүюдің ұлы үлгісі

Әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін, намысы тапталған қазақ халқының Кеңестер Одағының құрамында түпкілікті қалуға болмайтынын көзі қарақты, көкірегі ояу, намысты ұлт азаматтары жақсы түсінді. Жер-жерде стихиялы түрде талап-тілегі әр деңгейдегі ұлт мүддесін көздейтін ұйымдар құрыла бастады. Сондай ұйымның бірі – 1987 жылдың мамырында Қамыстыбас бекетінде құрылған “Саяси клуб” ұйымы болды. Оның талап-тілегі – қайта құру екпініменен құрылған талай “залалсыз” ұйымдардың мақсатынан мүлде бөлек-ті. Ол – қазақтың ұлт-азаттығы. Алматыға елеңдеп, қазақ зиялыларынан үміт күтіп, ұлт мәселесін көтеруге бекем бел буған шақ – аса қатерлі болғанымен, намыс отының шарпыған кезі еді. Қатерлісі – Кеңес үкіметі ұлт мәселесіне тым үрке қарап сақтанатын. Намыс отының шарпуы – Желтоқсан оқиғасынан кейін басылыпжаншылып қалған қазақ халқынан басқа ұлттар “ұлттық майдандарын” құрып, әлемге Азаттық сүйгіш, рухы биік екендігін паш ете бастаған-ды. Сол сәтте төрткүл дүниеге қазақтың да үні естілуге тиіс болатын. Осы бір аса жауапты кезеңде қазақтың біртуар ұлдары С.Ақатай, М.Есенәлиев саяси сахнада белсене бастады. Кейін бұл іс-әрекетті С.Ақатай былай деп баяндады. “Тәуелсіздік алайын деп жатқан шақта жастар содыр мінез танытқаны мәлім. Аға буын үнсіз қалды. Іс тағы да 86-ға айналып кетіп, көшеге танк пен БТР шығып, артынан бірімізді-біріміз таба алмай қаламыз ба деген үрей болды. 80-жылдардың аяғында тәуелсіздіктің төбесі көрініп қалғандай-тұғын. Бірақ соны өзіміз келместей шошытып аламыз ба деп қауіптеніп, “Азат” боп ұйымдасып, көшеге шыққанымыз сол еді”. 1989 жылдың шілдесінде “Азат” газетінің алғашқы санының қолға тиюі “Саяси клубтың” “Азат” қозғалысына қосылуымен аяқталды. 1990 жылдың басында С.Ақатаймен кездесулер барысында бойында намысы бар аралдықтар үшін ұлттық күрестің жаңа кезеңін ашты. С.Ақатайдың: «Мен азаттық туралы Нұрекеңмен (Н.Назарбаев – Н.Ж.) екі жарым сағат әңгімелестім. Оның: «қазаққа тәуелсіздікті жиырма жылда алып беремін. Қазақтың қуатты армиясы болады. Кетерімде Коммунистік партияны (Сол кездегі КПСС-ті айтып отыр. – Н. Ж.) жойып кетемін!» – дегені көңілге үміт отын жақты. Менің Нұрекеңе (Н.Назарбаевқа): “Сізді М. Горбачев Мәскеуге вице-президенттік қызметке шақырды ғой. Оған көзқарасыңыз қандай?” – деген сұрағыма: “Мен Қазақстанды кімге сеніп тапсырып кетемін”, – деп жауап берді. – Осы жауаптың өзі отаншылдықтың, халқын шын сүйер адал ұлы екендігінің белгісі емес пе?” – деген С.Ақатайдың Елбасы туралы рухқа толы лебізін естігенімізде, төбеміздің көкке жетіп, қуана қол соққанымыз әлі есімізде. Сол жылдары “Азат” қозғалысының құрамында саяси жұмыстарға белсене араласып, саясатқа дендеп кіре бастағанымызда-ақ халқымыздың ішкісыртқы жауларының өте көп екендігін, олардың қыспағының қатты екендігін барынша ұғынып, көкірегіміз қарс айырылған. 1990 жылы орыстар пір санайтын белгілі жазушы А.Солженицыннің “Біз Ресейді қалай құруымыз керек?” атты очерк-жобасы жарияланғаннан кейін, егемендігін жариялаған Қазақстанға ішкі-сыртқы жаулары жан-жақтан анталай бастады. Астықты бес облысымызды Ресейге қосу үшін жанталасқан шовинистердің “аттанына” іштен шыққан “шұбар жыландар” Бабурин, Петрушенко сынды депутаттар “ойбайын” қосып жатты. Бір бүйірден орыс ұлтшылдығын қоздырып, саяси ұпай жинап үлгерген В.Жириновский шықты.Бүгінде оппозициямыз деп жүрген орыс тілді Б.Әбілев сынды бір топ кәсіпкерлер де сол бір қиын шақта бүйректен сирақ шығарып, «қазақ тілі мемлекеттік тіл бола алмайды» деп халыққа үндеу таратты. 1991 жылдың “ГКЧП”-сі, яғни “тамыз бүлігі” мен 16 желтоқсандағы тәуелсіздігіміздің жариялануы дұшпандардың делебесін мүлде қоздырып жіберді. Билікке бағынбау; әскерилердің соғыс техникаларын Ресейге рұқсатсыз жүгенсіздікпен таси бастауы; «қазақ даласын паналып келген ірілі-ұсақты халықтың автономия талап етуі; «Ресейсіз ел болмаймыз» деген бойдағы құлдық сезім; «қазақ ел басқара алмайды» деген кемісітушілік; тамыры үзілген экономика; демократияның “балалық ауруы” – митингішілдік; үнемі жоғарыдан берілген тәртіпті орындап үйренген, өз бетімен іс қылар қауқары жоқ біліксіз басшылық – бәрі-бәрі қосылып, мемлекетімізге үлкен қауіп әкелді. Осындай ел басына күн туған шақта бар үмітіміз тек Елбасы Н.Назарбаевта болатын. Ел үміт күтті. “Ереуіл атқа ер салған” “Азат” қозғалысы мүшелері үміттеніп қана қойған жоқ, Елбасы саясатын қолдап, төңірегіне топталды. Мемлекеттігіміз үшін идеологиялық майданға шықты. 1991 жылдың “Тамыз бүлігінде”: “Еліміз үшін осы бір тағдырлы кезеңде азаматтарды заңды сайланған халық өкіметі институттарын қолдап, Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың төңірегіне топтасуға, республикамыздың Конституциясы мен мемлекеттің егемендігі туралы Декларациясына адалдық сақтауға шақырады... Диктатураға жол жоқ! Заңды сайланған үкіметті қолдаймыз! Қызылорда облыстық “Азат” қозғалысы», — деп жержерден еріктілерді жинауды ұйымдастырғанымызды қазір екінің бірі біле бермейді. Қамыстыбас бекетінен де жігіттердің Алматыға аттанып кетуге тас-түйін болғаны да естен шыққан бүгінде! Елдің есінде, М. Горбачев дәуірі тәмамдалып келе жатқан шақта, 1991 жылдың 17 наурызы күні КСРО-ны сақтап қалу үшін Бүкілодақтық референдум өткізуге шешім қабылдаған орталық тағы бір айла-шарғыға барды. Бұл зымияндықты әшкерелеу үшін “Азат” қозғалысы тағы да халыққа үндеу таратты. Ұлттар мүддесін аяқ асты етіп отырған кеңестік режимнің құлауын мақұлдап, халық бірлігінің басқа жолын ұсынды. «Қазақстанның тәуелсіздігін баянды ететін “КСРОны азаматтардың тең дәрежелілігі сақталатын егеменді мемлекеттер ынтымақтастығы етіп қайта құру қажет деп есептейсіз бе?” деген сұрақ төңірегінде ғана дауыс беруге шақырамыз. Бауырлар! Көп ұлтты Қазақстан халқының басына жауапты кезең туып отыр. Ата-бабамыз “аңдамай сөйлеген ауырмай өледі” деп өсиет айтып кеткен екен. Ендеше, “иә” немесе “жоқ” деп дауыс берместен бұрын, азаматтық ар-ожданыңа сал, тәуелсіздік тұғырына қалай шығатын ұрпағыңды ойла, жүрегіңнің әміріне жүгін. Сіздерге бейбіт күн мен тоқшылық тілейміз! Облыстық “Азат” қозғалысының үйлестіру кеңесі”. (Ол кезде мен облыстық “Азат” қозғалысының үйлестіру кеңесіне мүшемін – Н. Ж.). Бұл үндеу Алла тағаланың құлағына шалынды ма, 1991 жылдың аяғына таман біз ойлаған арман орындалып, 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, ТМД құрылды. Бұл істе Н. Назарбаевтың көшбасшылығын зиялы қауымның, көзі қарақты халықтың баршасы біледі және бағалайды деп сенемін. Жоғарыдағы деректер “Азат” қозғалысының заман талабына сай жасаған іс-әрекеттерінің бірер мысалы ғана. Сондай-ақ қазақтың елдігіне қарсы “Единство”, “Лад”, “Орыс қауымдастығы”, “Казачество” сынды ұйымдардың зымиян әрекеттеріне, атап айтар болсақ, “орыстілділер халықтың майданын” құрудағы өршеленген іс-әрекетіне тойтарыс беруде «Азат» қозғалысы ерекше белсенділік танытты. Сан жағынан да, тіл жағынан да басымдық жасап, ана тіліміз бен республика егемендігін қайта-қайта талқыға салып жатқан “Единство” мен Орал казактарының есебіне жарты миллионнан бір жарым миллион сомға дейін қаржы түсірген еңбек коллективтеріне Елбасы Н.Ә.Назарбаев мұндай құйтырқы әрекеттерге қарсы күштер табылатынын тілге тиек етіп, қатаң ескерту жасады. Бұл турасында С.Ақатай: «Үлкен жиында орыс шовинистеріне Назарбаев: “Сендер шовинистік пиғылдарыңды тоқтатпасаңдар, Ақатай бастаған қазақ ұлтшылдары қарсы күш боп табылады. Сондықтан, абайлаңдар!” – деп мен арқылы “Азат” қозғалысын меңзеп, шовинистердің мысын басып тастады. Мен оған ренжігенім жоқ. Қуандым. Шовинистердің меселін қайтаруға көмегімнің тигеніне қуандым», – деді. Шовинистердің “орыстілділер халықтың майданын” құрып, Қазақстанды тілдік қолданысқа қарай екіге бөліп тастау ниетін Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы әр ұлттың тілін, әдетғұрпын, салт-санасын, мәдениетін дамыту жолымен күл-талқан еткен Елбасы Н.Назарбаев екенін бүгінге дейін екінің бірі біле бермейді. Бұл ұйымға сын көзімен қарайтындардың да көптігі сондықтан. Асығыстық шешімдерге бармай, өзінің сабырлы да сындарлы саясатын жүргізген Елбасының бағытының дұрыс болғанын қазір көптеген ұлтшыл азаматтар мойындай бастады. Сондай пікірдің бірін ұлтының намысын қызғыштай қорғап жүрген “Казахстанская правда” газетінің редакторы, философия ғылымдарының докторы Алдан Әйімбетовтің “Жас Алаштың” 2001 жылғы № 154 санында: “Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тіл мәселесінде Назарбаевтың тірлігі маған ұнамады. Егер мен сол кезде Президент болсам, Жоғарғы Кеңеске шығып: “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Басқа әңгіме болмауы тиіс”, – деп тоқетерін айтып, тіліміздің іс жүзінде қолданылуына, қазақ мектептерінің көптеп ашылуына атсалысар едім”, – дегем. Бірақ, мен қызбалық қылғанымды, Назарбаевтың сол кезде ұстамдық танытқанын мойындаймын. Егер 1991 жылы мен айтқандай жасалса, ұлтаралық қақтығыс болып кетуі мүмкін еді. Қателік жасағанымды әлі де мойныма аламын”, – деп мойындауы айғақ. Осынау бір жауапты кезеңдерде С.Ақатай Елбасы Н.Назарбаевтың төңірегінен табылуға шақырып отырды. Оның: “Мемлекеттің іргетасын қалап жатқан адамға кірпішін алып беруге жарасақ, елге көмегіміз – сол!”, “Тәуелсіздікті қажет етпейтін халықтан тәуелсіз мемлекет құрамын деп жүрген Назарбаевтың жүрегінің түгі бар екен!”, “Қазақтың жауы көп, қазаққа жаңа жау тауып бермесең, ол да – көмек!”, “Тіл мәселесінде қырқына шыдағанда, қырық біріне де шыдау керек!”, “Кеңестік құлдық туралы айтсақ, біздің күйімізден күң Изаураның күйі әлдеқайда жақсы. Ол ақсүйектерге күң болса, біз құлдарға құл болдық!” , “Мен ауру адаммын. Ауруымның аты – ұлтшылдық”, “Абылай заманындай жау арамызда жүрген жоқ, біз жаудың арасында қалған халықпыз”, “Назарбаев – қазіргі заманның Абылай ханы!”, “Экстремизм жаман нәрсе. Қазақ экстремисі мен грузин экстремисінің айырмашылығы: қазақ экстремисі төбелесті бастап беріп қашып кетеді. Грузин экстремисі төбелесті бастап, өзі жаққан отқа өзі күйеді”, «Нұрекең Шығыс Қазақстанға барған сапарында сепаратизмнің отын көсеп жүрген әр дәрежедегі 67 депутатты сапқа тұрғызып: “Сен бе жерді бөлшектемекші болып жүрген?! Әлде сен бе?!” – деп әрқайсысынан бір-бірлеп сұрап алып, “Жоқ” деген жауаптарын естігеннен кейін: “Егер біреуіңнің дыбысың шықса, үш жылға соттатып жіберем!”, – деп меселдерін басқаны нағыз ұлтын сүйер азаматтығы емес пе?!» – дегендерін әр түрлі жиындарда, бас қосуларда айтып жүргенін жиі еститінбіз. “Азат” қозғалысы Қамыстыбас жергілікті ұйымының тіл мәселесі, жер тұтастығы, Ақмола атын қайтару, т.б. ұлт алдындағы ерен еңбегін ескеріп, біздің шақыруымызды қабыл алып, ауылымызға 1995 жылдың желтоқсан айында келіп, облыстық конференция өткізген С.Ақатайдың кешкілік қонақасында отырғанда теледидардан Елбасының сөйлеп жатқанын көріп: “Жалғыз ғой! Жалғыз ғой!” деген жүрекжарды жанашыр тебіренісінің куәсі боп, ойға қалғанбыз. Оның айтқандары сол кезеңнің ауыртпалығынан хабардар етер заманауи үніндей санамызда мәңгілікке сақталып қалыпты. “Қазақ үшін жақсылық та, жамандық та мемлекет мәселесіне тікелей байланысты. Біз 80–жылдардың аяғында “Азат” боп шулағанымызда бірдеме ішсек екен, жесек екен, қызмет алсақ екен деп шулағанымыз жоқ. Ойымызда тек ұлт пенен оның мемлекетінің тәуелсіздік мәселесі тұрды. Тәуелсіздік алғаннан кейін тәуелсіздіктің баянды болу мәселесі туды” (“Заман-Қазақстан” 24 қаңтар, 1998 жыл). Бұл да С.Ақатайдың пікірі болатын. Өкінішке орай, тәуелсіздік алғаннан кейін “Азат” қозғалысының бағыты күрт өзгерді. Оған басты себеп – “Азат” қозғалысының басшы құрамына мансабынан айырылып, үкіметтен өш алуға ұмтылған “реніштілер”, даукестер, биліктен үміттілер, білімі таяз айқайшылар көптеп еніп кетіп, қозғалыстың эстремистенуі еді. Мұндай үрдіс жергілікті ұйымдардың барлығын шарпыды. Ол біздің ауданды да айналып өткен жоқ. Елдігіміз үшін ерлікке бара алатын сонау Тұмар ханымнан белгілі аймақтың ұл-қыздары тәуелсіздік алынған тұста жиіжиі қателесіп, азаттығымызға ауадай қажет тыныштықты оқтын-оқтын орынсыз митингілерімен, күре жолды бөгеп тастау тәсілдерімен бұзып, үкіметке деген наразылықтарын осылайша білдіріп, ішкі-сыртқы жауларымыздың айызын қандырар бүлікшілдіктің “жарқын үлгісін” көрсетіп отырды. Мұндай қателіктерге билік басындағылардың өздері де жиіжиі ұрына бастады. Бұл турасында республикалық, облыстық баспасөз беттерінде дер кезінде жарияланған отты, сын мақалаларым көпшіліктің зор қолдауына ие боп отырды. Оның біреріне тоқталсам. 1995 жылдың 21 желтоқсанында “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған “Азаттық – қасиетті ұғым, осы ұғымды ту етуші қозғалыстың қадірін кетірмейік” атты көлемді мақаламда “Демократияның балалық ауруын” сынай отырып: “Орталық жүргізген өктемдіктің босаңсыған сәтін жіті пайдаланып, халқына азаттықтың асқақ үнін естіртіп, нұр сәулесін себе білген, қазақтың біртуар ұлдары мен қыздары дер кезінде атқа қонды. Олар – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, қазақтың қыран жазушысы Шерхан Мұртаза, сескенуді білмейтін Салық Зиманов, халқының ауыр жүгін барынша көтеруге пейіл Сәбетқазы Ақатай және толып жатқан басқа да аяулы асылдарымыз... ... Азаттықтың қасиетті туын желбіретушілер ақыл-парасаты мол, халқын шын сүйіп қана қоймай, оны қауіп-қатерден сақтай алатын, ауызбіршілікке шақырардай беделді, иманды, білімі мен жігері тасыған азаматтар болуы шарт. Құдайға шүкір, мұндай игі жандарға қазақ кенде емес, өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, күрмеуі қиын қазақ елінің басын біріктіріп, тізгінге мықты ие болып отырған Елбасының бір құпиясы – осы имандылықта. Азаттықтың киелі туын асқақтатушы “Азат” қозғалысы ғана емес, Елбасынан бастап, зиялы қауым бар бүкіл азаттық сүйгіш асыл азаматтар екенін ұмытпайық! Азаттық – қасиетті ұғым. Оны ту етуші қозғалыс халық арасында өз қадірін жоймай, көк байрағымыздың мәңгілік желбіреуіне сүйеу болуға тиіс,” – десем, саясатта зор қателікке ұрынған облыстық биліктің халықты ашындырып, теміржолға шығарып алғанын сынаған 1999 жылғы 12 маусымдағы облыстық “Тіршілік” газетіндегі “Ашынбай, ашығын айтайықшы” атты талдау мақаламда: “Бабаларымыз армандаған идеяны іске асыруға талпынып жүрген біздер, азаттықтар да, халқын ашындырып, бірлігімізге нұқсан келтіріп, бойын әзәзіл билегендермен аяусыз күресуді ұлт алдындағы парызымыз деп есептейміз. Елбасы Н. Назарбаев көп алдында сөйлеген бір сөзінде: “Талай қиын-қыстау кезеңді басынан өткізіп, жер бетінен құрып кетуге аз-ақ қалған қазақ халқы тек бүгін ғана Азаттық ауасын кеудесін кере жұтып, өз мемлекетімізді құруға мүмкіншілік алып отыр”, – деген. Ендеше бес жүз жылдан кейін жұтып отырған азаттық ауасын бір-бірімізді ашындырмай, құшырлана жұтайық!” – дегем. Бүгінгі күні де қарап отырғанымыз жоқ. С. Ақатай айтпақшы, «Ұлтын сүюдің екі түрі бар: біріншісі – ұлтшылдық; бұл– ұлтын сүюдің актив түрі, яғни іс-әрекет үстіндегі ұлтшылдық. Екіншісі – ұлтжандылық: бұл – ұлтын сүюдің пассив түрі, яғни ісәрекетсіз дастарқан басында қою шәй ішіп отырып, лепіре сөйлейтін түрі». Біз біріншісіне жататындықтан, шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйене отырып, ұлттық мүддеден алыс жатқан партиялар құрамына “Алаш” партиясы жергілікті ұйымдарының белсенді мүшелерінен «арнайы десанттар» тастап, оларды ұлттық мүдде үрдісінен шығатын партияларға айналдыру жолында тынбай жұмыс істеп келеміз. Атап айтар болсақ, мен өткен жылдың, яғни 2005 жылдың шілде айында “Азаматтық” партиясының Өскемен қаласында болған V съезіне қатысып, бастан-аяқ ресми тілде жүргізіліп жатқан съездің төралқасына Қызылорда облысының делегаттары атынан: “Съездің мемлекеттік тілде жүргізілмеуіне Қызылорда облысының делегаттары наразылық білдіруде. Мемлекеттік тілді құрметтеу – халықтар достығын нығайтады!” – деп жазып, съезді басқарып отырған Азат Перуашевтың қолына апарып бердім. Ол хатты оқыды да, пікірімді қолдап, съездің мемлекеттік тілде жүргізілмеуіне дереу наразылық білдірді. «Кешіріңіздер, бізден қателік кетті... Кешіріңіздер!.. Кешіресіздер ғой, ә!..» – деп қазақша залдан кешірім сұрады. Съезд, шынында да, бұдан әрі қазақша жүргізіле бастады. Басқа ұлт өкілдері де шама-шарқынша қазақша сөйлеуге тырысып бақты. Әрине, бәрі дұрыс болды. Өскемен қазақыланып сала берді. Съезд соңында қонақасында қазақша әуен басымдылық байқатты. Өскемен нағыз қазақтың қаласына айналды. Келесі күні депутаттар конгресінде сөз алып, Амангелді Айталы туралы қазақ халқының жылы лебізін, аралдықтардың сәлемін жеткіздім. Аралдықтардың өжет мінезін, отаншылдығын дәріптеп, “Азаматық” партиясы нағыз халықтық болуы үшін қазақ ұлтының тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін құрметтеу керек екендігін айттым. Мұндай пікірді Қазақстанның түкпіртүкпірінен келген талай шешендер де қолдап, сан қырынан әңгімеледі. Ұлт үшін мұндай тірліктер бүгінде тіпті де ерлік емес. Бұл – уақыт талабы. Бұл турасында Смағұл Елубай “Жас Алаштың” 2005 жылғы № 25 санындағы сұхбатында өте жақсы айтты. “Жақында “Начнем с понедельника” газетінде Татьяна Бурмистрованың пікірі жарияланды. “Қазақ тілін білгендіктен менің алдымда барлық есіктер ашық тұрады, жұрттың бәрі құшақ жая қарсы алады. Қазақ тілін білу – үлкен байлық, оны білген адам ғана бағалай алады”, – деп өзінің осы тілді білгені үшін бақытты екенін айтты. Мұны мен неге айтып отырмын? Қазір қазақ тіліне қарай бет бұрсақ, бұдан біздің тұрақтылығымыз зиян шегеді деу – арада өткен 15 жылда орыстілді ағайындардың санасында болған оң өзгерістерді көрмеу деген сөз. Ұлтаралық қақтығыс болып кете ме деген қауіп – баяғы сол қорқыныштың қалдығы. Бүкіл әлемде мемлекетті құрған халықтың тілі басымдықа ие, ол дау туғызбайды. Біз сондай жағдайға келіп қалдық. Біздегі орыс ағайындар да бұл ұлы ақиқатты мойындап қалды. Сондықтан, қазір қазақ тіліне басымдық беріп, шенеуніктерден тілді білуді талап етуге болады. Үрейлене беретін ештеңе жоқ”. Бұл пікірге алып-қосарым жоқ. Десек те тіл мәселесінде кейбір ТМД мемлекеттеріндегідей халық арасындағы кикілжіңге жібермей, уақыттың өлшемімен біртіндеп шешіп келе жатқан Елбасының сындарлы саясаты екенін де мойындау керек. Осы орайда, Қазақ елінің тұтастығын, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауда, тіпті Қазақ елінің ғана емес, ұлттар мен діндер, өркениеттер қақтығысын болдырмаудағы әлемде теңдесі жоқ жаңа модель – қазақ дипломатиясы моделінің қалыптасуына да Елбасы Н. Назарбаевтың табиғи таланты арқау болып отырғаны жасырын емес. Оның Астананы Сарыарқаның төріне орнатып, көрші елдің ғасырлар бойы отарлап, шұрайлы жерлерімізді сіңіріп кетуге бағытталған зымиян саясатының нәтижесінде тұтасып қалған үстем ұлттың сіресіп қалған сеңін бұзып, жергілікті ұлтты сыналап кіргізіп, Солтүстікке шоғырландырудағы батылдығы мен ептілігі өз алдына бір төбе еңбек болса, Байқоңыр ғарыш айлағы мен Семей өңіріндегі атомдық кешендерді игерудегі “өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай” ептілікпен империяшыл алпауыт мемлекеттің меселін қайтарып қана қоймай, біртіндеп позициясынан тайдырып, ығыстыра бастауы да бөлек әңгіме. Экологиялық апатқа ұшыраған Арал төңірегі халқының үдере көшіп, ел шекарасының бір бүйірінің ашылып қалмауы үшін, экономикамыздың аса ауыр кезеңінде де Кіші Арал теңізін толтырып, халықтың қайта оралуына жағдай жасаса, қазір де жағдай жасап жатқан қамқорлығы әлемде теңдесі жоқ ерлік десе де болғандай. Оралмандарды елге оралтудағы қажырлы еңбегі де қазақ тарихының беттерінде алтын әріппен жазылып қалмақ. Мұны аңғармау, дәйексіз байбалам жасау, жоғарыда келтірілгендей оппозициялық қозғалыс пен партиялар басшысымын деп жүрген кейбір азаматтарымыздың отаншылдығының, мемлекетшілдігінің, ақыр соңында, рухани деңгейінің кемшін тұсын аңғартса, кей сәтте отаншылдығы үстем бола тұра, саясатта таяздығын көрсетіп алып жүрген кейбір зиялыларымызға да айтылар сын– осы! Қазір кім қалай бағаласа да, мемлекетіміздің іргетасы мықтап қаланды. Көршілерімізбен татулық нығайды. Халқымыздың бірлігі артты. Экономика ілгерілеуде. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Басқа бір басылымда: «Келесі күні Михаил Горбачевты тосқанымен, Мәскеудегі халық депутаттарының төтенше съезіндегі кіріспе сөзді, атап айтқанда, Назарбаев сөйледі, 1800-дей Кеңес парламентарийлері оның тұнып шыққан үніне құлақ қойып, жүзінен қайрат пен қажырлық байқады. Назарбаев оларға артық-кемі жоқ, бұдан 74 жыл бұрын большевиктер құрған мемлекеттің жаназасын шығарып тұрғандай танылды. Бұл қауіпті жүк арқалағанмен бірдей еді. Тап сол сәтте басым көпшілігі ысқаяқ аппаратшылдардан тұратын халық депутаттарының осынау қаһарлы шешіммен өз еріктерімен қызметтерін тоқтатуға шақырған үнге қалай қарайтынын ешкім де білмеген еді. Үш тәуліктен кейін мәскеулік ірі бір журналистің айдар таққанындай, осынау “Екінші бүлік” те Ельцин... және Назарбаев. Қазақстаннан шыққан саясаткерге бұл жеке басы жеңісінің салтанат құруы ғана емес, жылдар бойы қол созған мақсаты – Республика егемендігінің жүзеге асырылуы еді.» – дейді (Жан-Марк Гопен. “Жолы болғыш Нұрсұлтан”. Экспресс (Париж), 1991 ж. қыркүйек айы). «Аймақ басшыларының ішінде Қазақстан президенті Назарбаев қана дамудың әлдеқандай бір үлгісін қабылдауға ыңғай білдіре қоймады. Ол да Қазақстан жағдайында тікелей қолдануға болатындай шетел тәжірибесін іздестіру кезеңін басынан өткізді – Оңтүстік Корея, одан кейін Түркия, соңынан барып Американ үлгісіндегі нарықтық экономика. Назарбаев қазіргі кезде Қазақстан дамуының жауабы Қазақстанның өзінде жатқанын ұғынған сияқты. Кейбіреулер оны ұлтшыл деп жүр. Оның жұртшылық алдында сөйлеген сөздері мұны теріске шығарды. Ол әрдайым мынаны қайталап келеді: Қазақстан саяси плюрализмді және экономикасы нарыққа бағышталған көпұлтты республика болуға тиісті. Оның мақсаты – жан-жақтан: батыс демократтарынан, азиялық “жолбарыстардан”, исламдық көршілерінен, сондай-ақ Қытай мен Үндістаннан шетелдік қаражат тарту болып отыр”. (Марта Брилл Олкотт. Орта Азия. Тәуелсіздікке қадам басу. “Экспресс К” 1992 жыл. 23 қазан). Сөз соңында біз Президент Н.Назарбаевтан ел ішіндегі саяси тұрақтылықты, дамыған нарықтық экономиканы күткен едік. Сенім ақталды. Енді жемқорлықтан, қылмыстан ада, “әркім еңбегіне қарай, әркім қабілетіне қарай” өмір сүретін әділ қоғам, қазақтың тілі мен мәдениеті маңына топтасқан биік рухты, рухани таза халықты жасақтаудан басқа да ұлы істерді тындырарына кәміл сенеміз. 2007жыл Иә, бұл мақала 2007 жылы жазылды. Содан бері талай жыл өтті. Елімізде де, әлемде де талай тарихи оқиғалар орын алды, алып та жатыр. Халықаралық шиеленістер ушығып барады. Осы орайда, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың араағайындық сәтті әрекеттері Қазақ елінің беделін одан әрі арттыруда. Бүгінгі таңда біздің елге керегі – ұлтшылдық та емес, мемлекетшілдік ой-сана!
Нұрбай ЖҮСІП,
Қамыстыбас ауылы,
Арал ауданы
30 қараша 2019 ж. 494 0