ЕЛІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН ЕЛБАСЫ

Қазақстан халықаралық қауымдастықтың алдында зор беделге ие бола отырып, әлемдік саясатта өзіндік орнын айқындаған мемлекетке айналды. Оған дәлел – еліміз дүниежүзілік ірі ұйымдарға мүше болып қана қоймай, олардың бірқатарына төрағалық етіп келеді. Былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке сайланса, биылғы жылды Кеңес жұмысына төрағалық етумен бастады.
Үстіміздегі жылдың басында Нью- Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып- жоятын қаруды таратпау, сенім шаралары» тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі пікірталас өткені белгілі. «Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек екендігін айтқан Президент, осы ретте Солтүстік Корея басшылығын біздің жолымызбен жүруге шақырды. Бұдан бөлек, әлемді толғандырған маңызды мәселелер, Иран мен Солтүстік Кореядағы жағдай да назардан тыс қалмады. Аса беделді Кеңеске бір ай көлемінде төрағалық еткен Қазақстан Президенті белсенді іс-қимылы мен кең ауқымды бірқатар маңызды шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, халықаралық қоғамдастықтан оң бағасын ала білді.
Сондай-ақ, Кеңесті басқару өкілеттігі уақытында Орталық Азиядағы түйткілді мәселелерге де баса назар аударды. «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігінің үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орта Азиядағы аймақтық серіктестікті құру» тақырыбында өткен жарыссөзде Ауғанстанға көңіл бөлудің басты себебі ретінде шиеленіс аймақтарына өзгеше қырынан қарау, мемлекеттегі ішкі жағдайды тұрақтандыру үшін қауіпсіздік пен дамуды қатар қамтамасыз ету мәселелері Кеңесті басқару өкілеттігі уақытында Орталық Азиядағы түйткілді мәселелерге де баса назар аударылды. Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібінде Таяу Шығысқа, соның ішінде Палестинаға қатысты мәселе де қамтылып, Сириядағы ахуал да кеңінен талқыланды. Кейінгі кезде халықаралық қауымдастық назарын өзіне қайта аударған Израиль-Палестина шиеленісіне қатысты ашық жарыссөздер де өз мәнінде өтті. Мұнда да Қазақстан басты мәмілегер рөлін атқарды.
Сонымен бірге, Африка құрлығы мемлекеттеріне қатысты бірқатар мәселелер де талқыға салынды. Қазақстан Африкада бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу бағытында өткен жылы Африка мәселелері бойынша Кеңестің қосалқы органдарымен Сомали Эритрея комитетінің шеңберінде белсенді жұмыс атқарған болатын. Кеңесте былтыр дүние жүзін дүр сілкіндірген Мьянмадағы, Йемендегі жағдай, Солтүстік Кореяның әрекеті мен Украина мәселелері де назардан тыс қалмады. Осылайша, төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақстан жауапты да мәртебелі міндетті абыроймен атқарып шықты.
Сондай-ақ, наурыз айында өткен Орталық Азия елдері басшыларының тоғыз жылдан кейінгі алқалы кездесуі де қауіпсіздікті сақтауға байланысты өткен ең айтулы оқиғалардың бірі болды. Орталық Азия аумағында өзара ақылдаса отырып, ортақ шешім қабылдайтын өзекті мәселелер де аз емес еді. Ал, төрткүл дүние астан-кестен болып, ислам елдері іштей бүлініп жатқанда Стамбулда өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ХІІ саммитінде де сарабдал ой-пікірлерін ортаға салды.
...Президент Н.Назарбаевтың Ресей мен Украина арасындағы Қырым дауынан кейін өткен бірінші келіссөзден соң: «Мен тараптар келісімге келіп, барлық мәселені шешуі үшін бар күшімді салдым. Кез келген соғыс, тіпті, әлемдік соғыстар да әрқашан келіссөздермен аяқталған, сондықтан, тараптар ымыраға келуі тиіс. Ымыра деген – бір-біріне жол беру» деген еді. Тараптардың ымыраға келіп, келіссөзге кірісуі – Қазақ елі Президентінің саяси әрі дипломатиялық еңбегі.
Л. БАЙҒАРА.