Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ол – Қазақстанның Тұңғыш Президенті

Ол – Қазақстанның Тұңғыш Президенті

         Мен – тәуелсіз елдің ұланымын, қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін өмірге келіппін. Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті, дамыған, әлемдік 30 елдің қатарына енуді мақсат тұтқан Қазақстан Республикасының азаматы екендігімді мақтанышпен айта отырып, сонау бала кезімде, 4-5 жасымда көрген түсім туралы баян ете өтпекпін.
Бойы ұзын, кең иықты, жылы жүзді адам: «Өркенің өссін, балам! Биік белестерден көрін! Бойыңдағы талантыңды көрсет! Ешқашан жеңілдім деп мойыма! Елдің ертеңін ойлар, елдің тұтқасын ұстар жандардың бірісің. Талаптанып еңбек қыл!» - деп өз ақылын айтып отыр... Дауысы құлағымнан кетер емес. Жыл өткен сайын бұл дауысқа жақындап келемін. Маған бұл үн өте таныс. Бұл сонда мен ойлаған...
         Оянсам түсім екен. Сөйтіп, ұзақ ойланып отырдым. Түсімде көргенімді анама айттым. Анам: «Қызым, сенің Елбасын көруің - үлкен жетістік. Алдағы уақытта биік белестерден көрінуіңнің алғышарты. Бұл – жақсылықтың нышаны», - деп түсімді жорыды. Жаңағы сөздер қайта-қайта ойыма еріксіз орала берді. Осылайша, қолыма қағаз бен қалам алып, елі сүйген Елбасы туралы көңілдегі көрікті ойыммен бөліскім келді. Өз ұлтына, барша қазақстандықтарға ақыл-парасатымен, білімдарлығымен өзін сыйлата білген Нұрсұлтан Әбішұлының түсімде айтқан ақылын көңілге бекітіп, әрбір іс жасарда есіме аламын.
         Әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Қазақстан атты алып мемлекеттің президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – үміт артқан қалың елінің сеніміне ие және жер жүзіне өзінің сындарлы саясатымен танымал болған тұлға.
         «Атаңның баласы болма,
Адамның баласы бол», - деп қазақтың бас ақыны Абай атамыз айтып кеткендей, қарапайым қазақ отбасында тәрбиеленіп, ата өсиетін, ана ғибратын өмірлік азық еткен елбасының ғажайып парасаты мен ұлтжандылығы – біз үшін үлкен өнеге.
Шыжыған шілденің ми қайнатар ыстығында асқар Алатаудың қарлы шыңдарына қарай қоныс теуіп, қоңыр салқын самалды тау бөктеріне көшіп барып, тұңғышын сол таудың бөктерінде Әлжан ана Нұрсұлтан атты ұлды дүниеге әкеліп, отбасына қуаныш сыйлады. Зарыға күткен сол ұл бүгінде әділетсіздікке көнбейтін, момынға болысып, жұртқа қолдан келген көмегін аямайтын азамат болып өсті.
Жер шарындағы құрлықтың алтыдан бір бөлігін мекен еткен СССР атты алып мемлекет тарих сахнасынан біржолата таюдың аз-ақ алдында тұрған қилы кезеңде қазақ халқының көшін Назарбаев бастады. Осы сәттен бастап, ол бар күш-жігерін туған жерінің, елінің өркендеуіне арнады. Елбасымыздың арқасында сүйікті Отанымызды, тәуелсіздігімізді бүкіл ел таныды, әлем мойындады. Осыған қалай қол жеткізді? Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік қадамын бәрінен бұрын елдің ертеңгі күнге сенімін оятатын ең басты мәселені шешуден – мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бастады. Осы тұста пікірімізді әлем саясаткерлерінің ойымен тқжырымдай өтсек, Джеймс Бикер: «Ол бағасын асыра айтуға келмейтін ерекше есте қалатын лидерлердің бірі... Назарбаев өзіне қажет нәрсені нақты көре білді және сол мақсатына жетудің жолын нақпа-нақ пайымдай алды», - деген болатын.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарының өзінде біздің еліміз егемендіктің ең негізгі алғышарттарын жасай алды. Сонымен қатар, көп ұлтты, көп тілді, көп дінді елде халықтың ауызбіршілігін сақтауға қол жеткізді. Бір сөзінде: «Көп ұлттылық – қоғамның кемшілігі емес, артықшылығы» , - деп атап көрсетеді.
Қазақстандағы барлық ұлттарды татулық пен келісімге шақырып, Қазақстан халықтары Ассамблеясын құруы - Елбасының сарабдал саясатының бір көрінісі. Ұлттар бірлігін қамтамасыз ете отырып, Елбасы өз халқына, ұлтына үлкен сенім артады: «Өз ұлтын сүю, шын мәнінде нағыз қазақ болу – өзге ұлт өкілдеріне астамшылдықпен қарау деген сөз емес», - деп ескерді. Сонымен қатар, «Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты  да біздің жұрттың мойнында», - деп өз халқының алдына ауыр міндет жүктейді. Міне, Елбасымыз артқан осы міндеттер біз үшін, әсіресе, жас ұрпақ үшін зор парыз болмақ.
 «Қазақстан – 2050: Бір мақсат – Бір мүдде – Бір болашақ», «Ұлт болашағы» атты стратегияларын қабылдауы біздің болашағымыз үшін айқын мақсаттардан туған ұсыныс деп білемін. Әрі осынау қилы кезең-кезеңге бөлінген стратегияның болашақ іске асырушысы екендігімді мақтан етемін.
Кейбір елдерде мың-мыңдаған адам саясаттың сойылын соққан содырлардың сойқанынан құрбан болып, бір-біріне қарсы шабуыл жасап, халқы қырылып жатты. Сол бір сын сағаттарды Қазақстан тыныштығын, татулығын сақтап қалды. Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ халқының көз жасы төгілген жоқ. Елбасымыздың сабырға салған салиқалы саясаты біздің ортақ шаңырағымызды сақтап қалғанын еш уақытта ұмытуға болмайды. Осынау сындарлы кезеңде замана жүгін қайыспай көтеріп, тәуелсіздік көшін алға жетелеген Нұрсұлтан Әбішұлы: «Асықсақ асығайық. Алайда аптықтайық! Бәрі де жөнімен келеді», - деп артынан ерген халқын сабырлық пен салқынқандылыққа шақырады. Адамзат баласына, күллі әлемге танымал болған осындай Елбасының қуанамын да, мақтанамын да!
Ең әуелі анасын, ана тілін сүйетін Елбасы былай толғанады:
-  «Ана тілі – бәріміздің анамыз. Өйткені, ол – ұлтымыздың анасы». Сол үшін де Елбасымыз жарғаққұлағы жастыққа тимей халқының қамын, тілінің тазалығы үшін талмай еңбек етіп келді.
- «Толыққанды тілсіз толыққанды ұлт болуы мүмкін емес». Бұл да Елбасымыздың туған тілі, ұлты жайлы толғаныстан туған ойларының бірі.
Сонау Күлтегін, Тоныкөктей даналардан бастап, әл-Фараби, Дулати, әз-Жәнібектерден Тәуке ханға дейінгі ел басқарудың дәстүрлі жолдарын жете меңгерген тұлға деп бүгінгі замандастары еркеше бағалаған жан – Нұрсұлтан Назарбаев.
         Абылай салған ақ жолмен азат Қазақстанды болашаққа бастап келе жатқан Елбасымыз - ерліктің нақ үлгісін көрсететін кемеңгер.
         Өзін өз ұлтына, барлық қазақстандықтарға Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық деңгейдегі беделінің зор екендігіне де күнделікті ақпарат көздерінен айқын сезіледі. Елбасымыз арқылы күллі әлем Қазақстанды тани түсуде.
         Жас ұрпақ, біздер ертеңімізді Елбасымызбен, оның нұсқаған басым бағыттары арқылы елестете аламыз. Еліміз ауыр да, сынағы мол жылдарды артқа тастады. Ендігі кезең -  жарқын жылдар болмақ.
         Бірге оқыған әріптестерінің, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарының айтуы бойынша, Елбасымыздың бойында кісіні өзіне тартар жақсы қасиеттер көп екендігін айтады. Сонымен қоса, ол - төселген кәнігі саясаткер, нарықтық экономиканың білгірі, ғалым; аңқылдаған ақкөңіл; кекшіл емес, текшіл; жікшіл емес, көпшіл; жұртты сендіре де, иландыра да алатын, өз елім менің – өзегім менің дейтін азамат.
Қазақстанның жаһандық саяси додада шешуші дауысы бар. Әлем лидерлері Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың уәлі сөзін де тосатын, кесімді пікірімен санасатын, айғақ ойына келісетін болды. Бұл Н.Назарбаевтың ғана таққа отыруы емес, қазақтың таққа отырғаны емес пе?!
Н.Назарбаев экономиканың даму үрдістерін тани білетін және ондағы Қазақстанның орнын айғақтаған саясаткер ғана емес, ғалым екендігін мойындатты. Нарықтық қатынастарға бейімделген «Назарбаев моделін» жүзеге асырды. Осылай қысқа мерзімнің ішінде Қазақстан дүниежүзіндегі қарқынды дамып келе жатқан үш елдің қатарына енді. Бұл күні кеше тоталитарлық жүйенің, экономикасы таза шикізат көзіне тәуелді мемлекет үшін экономикалық бұғауды үзіп шыққанмен бірдей еді. Сондықтан да Елбасы: «Әуелі – экономика, сонан соң саясат», – деді. Бұл өз жемісін берді. Қазақстан әлем өркениетінің озық тәжірибесін игерді. Оны Қазақстан жағ­дайына лайық жүйеге түсірді. Осылай Қазақстанда индустрияландыру саясаты қолға алынды. Оған инновациялық үрдіс қосылды. Мұның бәрі ел экономикасын мүлдем басқа арнаға бұрды. Жаңа технологияларды алып жүретін жаңа ұрпақ, жас кадрлар қажеттігі туды. Мұны да Н.Назарбаев оңтайлы шешті. «Болашақ» бағдарламасымен сегіз мыңға жуық қыз-жігіт шетелдің озық университеттеріне жіберілді. Олар Қазақстанға жаңа ойлау жүйесін алып келді, жаңа технологиялар игеріле бастады. Сайып келгенде, уақыты келгенде ондай кадрларды Қазақстанда даярлау ісі қолға алынды. Назарбаев интеллектуальдық мектептері, «Назарбаев университеті» талантты балаларға есігін айқара ашты. Міне, биыл сол «Болашақ» бағдарламасына 20 жыл толып отыр. Ел қиналып отырған тұста келешек үшін осындай қадамға барған Н.Назарбаевтың бұл шешімін көрегендік емей не дерсің?
Заманның көшін бастап, есесі кеткен қазақты өркениет жолына салған Н.Назарбаевтың ғасырға бергісіз жиырма жылда атқарған жұмыстары әлемнің саяси лидерлері тарапынан мойындалды. Оған төмендегі мысалдар куә болады ғой деп ойлаймын.
Дж.БУШ (АҚШ-тың экспрезиденті): «Ол (Н.Назарбаев – У.Қ.) болашақты болжай алады».
Маргарет ТЕТЧЕР (Англияның экспремьер-министрі): «Назарбаев – қалыпқа сыймайтын тұлға».
Дж.АЙТКЕН (Н.Назарбаевтың өмір­баяншысы, ағылшын жазушысы): «Өмірі... халқының тағдырымен қабысып жатқан... кейіпкер ретінде де заман жүгін көтеріп тұратын саяси қайраткерлердің өмірі қызықтырады».
В.Ф.ЯНУКОВИЧ (Украина Президенті): «Сіз (Н.Назарбаев – У.Қ.) салмақты, прогресшіл Қазақстан Президентісіз».
Намық Кемел ЗЕЙБЕК (Түркияның эксмәдениет министрі, саясаткер): «Қазақстан ең алғаш тәуелсіздігін алғанда біз Қазақстан үшін Түркия үлгі боларлық мемлекет болады дедік, ал 17 жыл өткен соң біз Түркия үшін Қазақстан үлгі боларлық мемлекетке айналды деп мойындауға мәжбүрміз».
Юрий СОЛОЗОБОВ, саясаткер, Ресей ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры: «Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделі күннен-күнге нығайып келеді. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана, дара саясаты мен серпінді жобалар жөніндегі бастамаларынан бастау алып отыр».
Владимир ЖИРИХИН, саясаткер, Ресейдің ТМД елдері жөніндегі институты директорының орынбасары: «Нұрсұлтан Назарбаевтың жиырма жылдық Президенттік қызметін, әлбетте, жоғары бағалау керек. Ол Кеңестер Одағының шытынаған халық шаруашылығының қалдығына айналған, қаңыраған Қазақстанды алды. Сөйтіп, Кеңестер Одағының құлдыраған елін дербесдаму-траекториясына шығарды. Мұндай терең саяси және экономикалық міндетті Президент Н.Ә.Назарбаев тиімді шешті».
Н.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру мен дамытудағы рөлін айқындауда әлгі айтылған пікірлер де толық дәлел бола алады деп ойлаймын. Біз мұндай пікірлердің жүзден бірін ғана мысал ретінде алып отырмыз. Ал, Қазақстанның мемлекет ретінде қысқа мерзімде орнығып қана қоймай, әлемді аузына қаратқан Астана салуы ерліктің ерлігі. Бүгінгі Астана қандай?! Әлем картасында ең жас Елорда болса да, жаһандық саяси-экономикалық мәселелерді шешетін бас қалалардың біріне айналды. Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүрегін жарып шыққан, түн ұйқысын төрт бөлдірген Астана – қазақтың қасиетті Алтын ордасы, Елбесігі, Жерұйығы!
Назарбаевтың мемлекет астанасын Арқа төсіне, қазақ жерінің нақ кіндігіне ауыстыруы ұлы идея екендігі, оның келешекте ел тағдыры үшін керемет мәні болатындығы қазірдің өзінде айдан анық. Өзі айтқандай, «биікке самғап, қиырды шарлау, заманнан  қалмай, зымырай заулау» Елбасының басты мұраты. Сол жолда мемлекетті межелі жерге жеткізуге жанын салып, бағып жатқанын жұрттың бәрі көріп отыр. Сол жолда бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірге әрекет етсек қана ісіміз берекелі болмақ.
Балауса Төребай
23 ақпан 2018 ж. 1 232 0