Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолтаңба

Қолтаңба

Әлем елдері туралы сөз болғанда олардың астанасына тоқталмау мүмкін емес. Франция Парижімен көрікті. Ағылшындар Лондонды мақтанышпен айтады. Италияның даңқын Рим асқақтатып тұр. Мысырлықтар Каирды мақтаныш тұтады. Сол секілді «тоғызыншы территория» − Қазақстан туралы сөз болғанда, елордамыз – НұрСұлтанды айтамыз.
...Қазақстандық жаңа қоғам құру ісінде жаңа идея қажет болған сәтте Елбасы көрегендік танытты. Бұл шынында таңғалатын іс еді. Ел тұралап жатқан кез. Азия елдерін шарпыған әлемдік қаржы дағдарысының басталған сәті. Міне, осындай жағдайларға қарамастан жаңа қоғам құру мақсатында Елбасы жаңа қала идеясын көтерді. 1994 жылғы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңесте Президент астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс айтты. Бұл шешімнің төңірегінде қандай қызу пікірталастың өрбігені бәріміздің есімізде. Шындығында, мемлекетіміздің тарихындағы қиын кезең еді.Тіпті елдің сол кезеңнен аман-сау өтуінің өзі басты мәселе болатын. Сол уақытта немістер өздерінің астанасын Боннан Берлинге көшірмек болып жатқан еді. Ол кезде Қазақстанды Берлинмен салыстыруға да келмейтін... «Мен осы істі бастадым, елім сеніп, соңымнан ерді. Мемлекет құруда да, астана салуда да солай болды. Осыдан артық бақыт бар ма?» деген Елбасының сөзіне қосымша түсіндірме қажет болмас. Бұл тарихи ұлы жоба – жаңа елордамыз Нұрсұлтан Әбішұлының саяси ерікжігерінің, мызғымас сенімінің және қайтпас табандылығының арқасында ғана жүзеге асты деп нық сеніммен айтамыз. Осы көрегендік және дана мемлекеттік шешім үшін болашақ ұрпағымыз Қазақстанның Тұңғыш Президентіне әрдайым риза болады. Қасиетті Сарыарқаның төрінде бой көтерген жаңа елорда бүкіл еліміздің дамуында орасан зор жаңғыртушы рөл атқарды. Астана – бүкіл ұлттың ерік-жігерін шоғырландырып, барша халықтың басын қосқан жер. Сәулетшінің сөзімен айтсақ, астаналар сәулетінің өзіндік саяси мақсаты бар: ол ұлтты орнықтыра түседі, өзіне ғылым мен сауданы тартады, халықты өз елін сүюге тәрбиелейді, бұл дегеніңіз – мемлекеттегі атқарылатын барлық ұлы істердің қайнар көзі. Елорда кез келген елде бар жақсы нәрсенің бәрін өзіне шоғырландыра отырып, мемлекеттің нақты өмірін бейнелейді. Жаңа елорданың негізін қалау Отанымыздың тәуелсіздік тарихының алтын парақтары болып саналады. Астана біз үшін – бірігудің, тұтастықтың, халқымыздың өз күшіне, ерекше мүмкіндіктеріне деген сенімінің рухтандырушы рәмізі. Ғасырлық дәстүрлерді, даналықты, халықтың шығармашылығын, Қазақстан халқының өткенін, қазіргісі мен келешегін сабақтастырады. Біздің мемлекетімізде, экономикамен қоғамда тәуелсіздік жылдары болған түбегейлі өзгерістер елордамызда айнадағыдай көрініс тапқан. Желегін жамылып, желмен жарысып өскен Нұр-Сұлтанның сұлулық сәні – «Бәйтерек». Мұнда алғаш ат басын бұрған қонақ қаланың бас мұнарасынан айналаға көз шалып, төңіректегі дүбірге бір сәт құлақ түріп, елтитіні бар. Алдымен, әрине, Президенттің Ақордасына зер салады! Үкімет Үйі, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің ғимараттары, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Есіл өзеніне салынған көпір, «Астана-Арена» жабық футбол алаңы, Назарбаев Университет, «Астана Опера», Халықаралық әуежай... көз жеткен жердегі сәнді ғимараттар осылайша тізбектеледі. Әрине, қаланың бұдан басқа да көкпен таласқан, салтанаты жарасқан ғимараттары баршылық. ...Бүгінде зейнет демалысына шығып, немерелерінің қуанышы мен қызығына кенеліп отырған қала тұрғыны Шырын Орынбайқызы Арал мен Нұр-Сұлтанның арасын жол қылуда. Қос ұлы – Русланы мен Дәурені Нұр-Сұлтанда қызмет атқарады. «Үлкен ұлым Сұлтанмұраттың: «Астана – болашақтың қаласы. Қалаған мамандықтарыңа сай жұмыс та табылады» деп ақыл-кеңесін құп алған балаларым елордаға бет алған еді. Екеуі де әскери салада қызмет атқарады. Қазірде қаланың қақ ортасындағы жаңадан салынған зәулім үйлерден баспана алды. Терезеден қарасам – қақ алдымда «Ханшатыр». Келіндерім де өз мамандықтарына сай қызмет атқарады. Жиі баратындықтан қала келбетінің одан әрі көркейе түскенін байқаймын. Мен сияқты талай аналарды қуанышқа бөлеп, жастардың жайлы тұрмыста жұмыс істеуіне бар жағдайды жасаған Елбасына айтар алғысымыз шексіз. Тұңғыш Президенттің елімізді дамыту мен өркендету жолында атқарған ісі ұшан-теңіз. Бүгінде Сыр елі, оның ішінде аралдықтар да «ЖезқазғанБейнеу» темір жолының игілігін көруде. Қандай керемет, бұрын шыр айналып баратын елордаға бір-ақ тәулікте жетеміз, – деген ширақ қимылды ана Қарағанды мен Жезқазғандағы құда-жекжаттарының тойына бару үшін «Қызылорда-Нұр-Сұлтан» пойызына билет алуда. Бұл – бір ғана аралдық ананың пікірі. Елордада қызмет атқарып, білім алып жатқан жерлестеріміз қаншама. Мыңдаған ұл-қыздарымыздың кіндігі кесіліп, бұл буынның алды ержетіп келеді. Заманына қарай – адамы. Сана көкжиектері кең. Бұлар бірнеше тіл біледі, ақпараттық технологияны меңгерген, уақыттың көшіне ілескен ұрпақ. Ендігі болашақты жасайтын да – Нұр-Сұлтанның жас тұрғындары. Оларды мұндағы бет қаратпас суық пен аязы тоңдырмайды. Оның себебі, халықтың елордаға деген ыстық ниетінен болар, бәлкім. Бәрі де қауырт қозғалыста. НұрСұлтанға Ақмешіт арқылы газ да келді. Халық болашаққа зор сеніммен қарайды. Олар елордамен бірге асқақтауда.
Е. Арын
30 қараша 2019 ж. 361 0