Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » АСТАНА – ОТАНЫМЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІ

АСТАНА – ОТАНЫМЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІ

         Менің елім – Қазақстан! Осынау құдіретті сөзді Қазақстан Республикасының әрбір азаматы асқақ сезіммен, ерекше мақтанышпен айта алары хақ. Сонау Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан кең байтақ, ғажайып өлке, бұл – Қазақстан! Осындай аумағы өте үлкен, қазынаға толы жерімізге кімдер көз сүзбеді? Олар қазақ жеріне иелік ету үшін қаншама рет шабуыл жасап, ел тыныштығын алды. Алайда, бабаларымыздың күш-қайраты мен халықтың бірлігінің арқасында ел өзінің кең байтақ жер құт мекеніне еркін көсіліп жатыр. Қасиетті жеріміздің иесі – олардың ұлы ұрпақтары бостандық туын желбіретіп, көкке көтеріп отыр емес пе?
         Еліміздің бай тарихы күрескерліктің, отаншылдықтың не екенін рәсімдейді. Таяуда ғана сонау Монғолиядан Астанаға әкелінген “Күлтегін” ескерткішінің көшірмесінде: “Елдігіңді сақта! Сақтамасаң жауға жем боласың!” – деген сөздер жазылған. Мұның мағынасы аса терең деп білемін. Өйткені, IV-VIII ғасырларда өмір сүрген түрік қағанаты ауызбіршіліктің болмағанынан мемлекеттігінен айрылып қалған. Бірақ, бабаларымыз осыны кейінгі ұрпақ қайталамасын деп, тасқа қашап жазып кеткен.
         Астананың гүлденуі – қазақ жерінің, яғни Қазақстанның гүлденуі мемлекеттік бағдарламасын орындау нәтижесінде тәуелсіз Қазақстан астанасының әлеуметтік-экономикалық жағынан жедел дамуының негізі қаланатын болады.
         Биыл 20 жылдық тарихы бар Астананың мерейтойы да таяп келеді. Астана қаласы елордасы болмай тұрғанға дейін қазақ елінің астанасы бір қаладан бір қалаға көшіп отырды.
         1920 жылы Кеңес өкіметі орнап, Қазақстан Республикасы болып жарияланған кезде, оның астанасы ретінде Орынбор қаласы таңдалынып алынған болатын. Орынбор қаласы Қазақстан мен Орта Азияны байланыстыратын керуен жолында жатты. Одақтас республикалар шекараларды белгілеген кезде Орынбор Ресей жерінде қалып, астананы басқа қалаға көшіруге тура келді. 1926 жылы ҚР-ның астанасы ретінде ежелгі қала Қызылорда елордасы болды. Қала бұрын “Ақмешіт” деп аталса, кейіннен “Қызылорда” деп өзгертілді. Қызылорданың табиғат жағдайының қолайсыздығынан, астана тұрғысынан өсіп-өнуіне, кеңеюіне мүмкіндік болмады. Осылайша, астана 1929 жылы ару қала Алматыға көшірілді. Еліміз егемендігін алған кезден бастап, басқару жүйесіне күрделі өзгерістер енгізіле бастады. Сол себепті 1994 жылы 6 шілдеде жоғары кеңес депутаттары астананы Ақмолаға ауыстыруға шешім қабылдайды. 1995 жылы 15 қыркүйекте елбасымыздың Республика астанасын Ақмолаға көшіру жөніндегі жарлығы шыққан күн. 1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола ресми астана болып белгіленді. 1998 жылы президент Ақмола қаласын “Астана” қаласы деп атауға жарлық шығарып, осы жылы 10 маусым күні жаңа астананың тұсаукесерін өткізді. Ал Астананың символына айналған Бәйтеректің тарихы қазақ ертегісіндегі Ер Төстіктің  айшылық алыс жерлерден, асу белдерден өтіп, жерасты патшалығына тап болатыны бар емес пе еді? Сонда ол өмірдің бастауын бейнелейтін алып ағашты көреді. Түркі халықтарының аңызы бойынша, осы ағаштың ұшар басына Самұрық құс жыл сайын жалғыз ғана алтын жұмыртқа салады екен. Сол жұмыртқа өмірдің символындай бүкіл тіршілікке жан беріп тұрады. Алайда, жылдың белгілі бір мерзімінде осынау ұлы құстың жыл сайынғы жалғыз балапаны өліп қала береді. Жұмыртқадан балапан жарып шыққан бойда бір айдаһар алып ағаштың діңімен жоғары өрмелеп барып, қорғансыз, күнәсіз балапанды жұтып қояды. Жерасты патшалығына түскен Ер Төстік балапанға ұмтылған айдаһарды садақпен атып өлтіреді. Бұған риза болған самұрық құс балапанын ажалдан аман алып қалғаны үшін Ер Төстікті жер астынан жер үстіне алып шығады.
         Әдетте, ертегіде мұндай алып ағаштың нақты мөлшері (көлемі) көрсетілмейді. Бірақ өмірде қиялдың шындыққа айналатын кезі де болады. Олай болса, Астананың сол жағалауына бір кезде қиялда жүрген ой енді шындыққа айналған нағыз зәулім “Бәйтерек” бой көтерді. Бәйтеректің  биіктігі – 97 метр. Бәйтерек өзінің сұлулығымен, сәулетті сымбатымен адамды өзіне тарта түседі. Біз осы Бәйтеректі аса бірегей болып табылатын және әлемде бұған ұқсас объекті жоқ екенін атап көрсетуге тиіспіз.
         Астана бір кездегі жалғыз ғана көшеден қазіргі кезде көлемді де қуатты мегаполиске біртіндеп айналып келеді. Біздің бас қаламыз көкке өрлеген Бәйтеректің ұшар басынан бастап, өскелең жас қаланың Қазақстан үшін қандай биік дәрежеде екенін көрсетеді. Осылайша, тарих көлеміндегі ұлы оқиға жас мемлекетіміздің қарыштап дамуына орасан зор ықпалын тигізді. Қазақстан деп аталатын алып мемлекетіміздің астанасы – Астана қаласы күн сайын қанат жайып, гүлдене түсуде.
         Еліміздің ордасы болашақта әлемдегі алдыңғы қатарлы, өркениетті қалалармен иық тірестіретін бірден-бір қала болмақ деп нық сеніммен айта аламыз. Жыл сайын еліміз, сонымен қатар әлем жұртшылығы астанамыздың мерейлі мерейтойын жоғары деңгейде атап өтеді. Дүниежүзі халықтарының көз тігіп, құлағын түрген бұл шаралар, мерекелік думандар қала тарихынан сыр шертіп, өсіп-өркендеу сатыларын баршаға паш етеді.
         Аз уақыт ішінде бой түзеп, әлем жұртшылығының назарын өзіне аудартқан жас қаланың келешегінен үлкен үміт күтеріміз даусыз.
         Жаңа қала, жас қала Астананың құшағында арманы от боп жанған қаншама жас білім алып, еңбек етуде. Олардың барлығы жаңа қаланың жарқын келбетінен қуат алып келеді. Жаңа қаланың жас жүрегін рухтандыратын біздер, яғни жастар! Өз қаламыздың одан әрі өсіп-өркендеуі үшін қыруар еңбек етуіміз керек. Бұл біздің перзенттік парызымыз болмақ.

Балауса ТӨРЕБАЙ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті.

07 ақпан 2018 ж. 1 993 0