Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос жәшік немесе қоғам келбеті

Қос жәшік немесе қоғам келбеті

Қара өлең жоғалтпайды, сірә, құнын,

Осы себеп өлеңді ұнатуым.

Айтыс қарап отырып байқағаным,

Ел құрметтеп жатады бір ақынын.

Бірақ ақын халықтың тіл мен жағы,

Қаламайды ел сөзді сұратуын.

Мен де айтып кетейін мынау өмір,

Қай кезде де айтыстан тұратынын.

Мына бір жай өшпей қойды санадан,

Біле жүрсін халық маған қараған.

Көңіл көзі көрген істі көп жанға,

Өлең етіп, жұрт алдында салады ән.

Өткен айда банкоматқа барғанмын,

Осы жерден жолықтырдым сан адам.

Терминалдың алдында тұр тізіліп,

Мойнында несиесі бар адам.

Бәрі өзінше өрнектейді өмірді,

Әдет қылған осы күйге көнуді.

Біреуінің жанарында жарық бар,

Ал бірінің жанар шамы сөнулі.

Банкоматтан ақша алады асығыс,

Бірақ басқа өзге уайым төнулі.

Санайды да, азын салып қалтаға,

Қалған қаржы терминалға берілді.

Бар халықты бағындырған қос жәшік,

Басқаратын сияқты екен көңілді.

Кенет маған терминал мен банкомат,

Бір-біріне тіл қатқандай көрінді.

Банкомат:

Оу, терминал, неге тұрсың басынып,

Мен сөйлейін, сен алдымен осыны ұқ.

Банкоматтай атағым бар әйгілі,

Мен сонда да тұрғаным жоқ тасынып.

Біле білсең мынау елдің барлығы,

Айына бір келіп тұрад асығып.

Көңіліне жаз орнайды ай сайын,

Қалған кезде пернелерім басылып.

Жақсылықты айтпасыма қоймадың,

Аузымнан кетеді ақша шашылып.

Ал өзіңді мақтар болсаң айтып көр,

Мендей болып мерейіңді асырып.

Терминал:

Банкоматым неменеге көктейді,

Атақ-даңқың бола берсін көп мейлі.

Ақша беріп қуантамын дегенмен,

Өздігінен бұл да ақша төкпейді.

Бар бергенің жалақысы адамның,

Маңдай терсіз аузыңнан ақша өтпейді.

Оның өзін ірі, ұсақ деп бөліп,

Бөліп беру амалдарын ептейді.

Орталыққа қатар-қатар жиналған,

Банкоматты халық қалай сөкпейді.

Вокзал, базар, өзге жерден тағы да,

Орын тапса, елге көптік етпейді.

Ал мен болсам кез келген жерден табылып,

Барша адамның шаруасын реттеймін.

Атың дырдай, ал бірақ та, банкомат,

Жомарт болғанмен, саның онға жетпейді.

Банкомат:

Оу, терминал, сөйлейсің ұлық қылып,

Мен де айтайын жырымнан сыр ұқтырып.

«Қойшысы көп қой арам өледі» екен,

Құлқынын отырғасын құнықтырып.

Қанша адам саған барған санын соқты,

Несиемен өмірін былық қылып.

Жылатып отырасың қазағымды,

Экраның алаңсыз күліп тұрып.

Бөліп бердің ақшасын дейсің келіп,

Сен жайында кетейін шын ұқтырып.

Сол ақшаны бәрібір сен де бір күн,

Бөліп-бөліп аласың біліп тұрып.

Арамызды қаражат тұрды жалғап,

Бүгін міне сол ақша тұр айырып.

Өзімізді көп мақтап кеткендейміз,

Жараспайды сөз сөйлеу бұлай ұлық.

Алажақ пен берешек қай кезден бар,

Қоғам әлі кетпеді шын айығып.

Ал, терминал, тым құрыса жақсы сөз айт,

Аяқтайық айтысты бір қайырып.

Терминал:

Айналды қоғам талас ордасына,

Көз жетті айтыссыз күн болмасына.

Несие біреулердің миын шайқап,

Салмақ салды біреудің арқасына.

Бірақ бүгін жақсы сөз айта келдім,

Көзі қарақты қазақтың ортасына.

Осы жылы банкомат берген ақша,

Түссін тек қазағымның қалтасына.

Банкомат:

Бұл сөздің ақиқатын халық көрді,

Әр жыл бізге жаңалық алып келді.

Ау, терминал, сен айтқан сөзің шындық,

Президент бір амалын тауып берді.

Көпбалалы анаға жағдай жасап,

Көңіліне қуаныш салып берді.

Аз қамтылған отбасы мүшесінің,

Көңіл көзі өшпейтін жарық көрді.

Мемлекет қолдауымен біле білсең,

Олардың несиесін де жауып берді.

* * *

Осы ой ғой көп халықтың санасында,

Аласың да қайтасың саласың да.

Ішімнен бір ой келді өзім жайлы,

«Несиесіз сен қазақ боласың ба?».

Айтысын тыңдап тұрып аңғармаппын,

Ақиқат бар екеуінің таласында.

Банкоматтан алдым да жалақымды,

Терминалға аттандым таласуға.

Ай, өмір-ай, зымырап өтіп жатқан,

Терминал мен банкомат арасында.

О. ЖОЛДАСОВ
22 қаңтар 2020 ж. 407 0