Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БӨГЕНДЕ КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

БӨГЕНДЕ КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Ағымдағы жылдың 22 қаңтарына белгіленген аудан әкімінің есепті кездесуі Бөген ауылдық огругінде жалғасты. Есеп барысында, әдеттегідей, ауылдық округтің әкімі мен учаскелік полиция инспекторы бірінші болып атқарылған жұмыстарды тарқатып өтті.
Бөген ауылдық округінің әкімі Ш.Андызбаевтың баяндауы бойынша өткен жыл бөгендіктер үшін жетістіктерге толы болған. Атап айтқанда, 2019 жылы бөгендіктер З.Шүкіров атындағы №20 орта мектептің 100 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өткен.
Бөген және Қарашалаң елді мекендерінің көше жарықтандыру шамдары үнемдегіш светодиотты шамға ауыстырылып, жарық бағаналарын безендіру, светодиотты ленталар орнату жұмыстары жүргізілсе, қосымша Бөген елді мекеніне 7 баған орнатылған.Жалпы ауылдық округ көлемінде 36 жеке кәсіпкер, 3 ЖШС, 8 шаруа қожалығы бар.
Кәсіпке ден қойған жергілікті тұрғындар «Бастау Бизнес» курсы бойынша білім алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп келеді. Мәселен, қайтарымсыз гранқа қол жеткізген ауыл тұрғындары Нұрперзент Бекнұр уақ мал өсіру бағытында, Қаратүпова Гүлдана тігін жұмысымен айналысу, Жүсіпов Асқар мал шаруашылығын дамыту мақсатында кәсіптерін бастаған. Бұдан бөлек, Қарашалаң елді мекенінің тұрғыны Қасқырбек Олжас ауыл шаруашылығын қолдау қорынан алған қаржыға 60 орындық экарус автокөлігін сатып алып, «Бөген – Қызылорда» бағыты бойынша халықты тасымалдауды қолға алса, Анар Сармурзаева 6 пайыз жеңілдікпен ауыл шаруашылығын қолдау қорынан қаржы алып, мал шарушылығын кәсіп етуде. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Ғарифолла Смағұлов өз қаражаты есебінен ауыл орталығынан 200 орындық мейрамхананың құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
Осылайша аталған жұмыстар легі одан әрі аудан басшысынң есебіне ұласты. Тұрғындар аудан бойынша 2019 жылы атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген жетістіктер жайында толықтай мәлімет алып, іргелі істерге ризашылықтарын жаудырып, оң бағаларын берісті.
Әйтесе де, бөген жұртшылығы бірнеше мәселелерді атап өтті. Атап айтқанда, Бөген елді мекеніндегі №20 орта мектептің ескі ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу, аудандық маңызы бар «Бөген-Ақлақ» бағытындағы автомобиль жолына орташа жөндеу, Қарашалаң елді мекенінде ішкі ауыз су желілерін жүргізу сынды өтініш білдірді. Келелі мәселеге өз кезегінде аудан басшысы тиісінше жауап беріп, назарында ұстайтындығын жеткізді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
23 қаңтар 2020 ж. 682 0