Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН АРАЛ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН АРАЛ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

Кеше Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Катаев Дамир жұмыс сапарымен ауданда болды. Дамир Меделбайұлы алдымен пробациялық есептегі бірнеше азаматтың тұрғылықты мекен-жайына барып, жағдайларымен танысты. Сонымен қатар, азаматтардың отбасы мүшелерімен сөйлесіп, қажет болған жағдайда тиісті мекемелер тарапынан қандай да болмасын құқықтық, әлеуметтік, медициналық көмектер берілетіндігін айтып өтті.
Одан соң аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында пробация қызметінің есебіндегі азаматтардың қатысуымен жиын өткізілді. Жиында Дамир Меделбайұлы өзінің жұмыс сапарының мақсаты аталған азаматтардың қайта қылмыс жасауын болдырмау, алдын алу шаралары екендігін түсіндіріп өтті.
Кездесуде пробациялық есептегі азаматтарды жұмысқа орналастыру, кәсіби мамандықтарға оқыту, кәсіп ашуға мүмкіндік жасау мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер мен медициналық мекемелерден қажетті жағдайда ем қабылдау, психологиялық, әлеуметтік көмек алу жолдары да түсіндірілді.
Сондай-ақ, жиынға қатысушыларға биылғы жылдан бастап қабылданған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамдардың құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, аталған жаңа заңға сәйкес қылмыстың кейбір түрлерінің жазалары қатаңдатылған. Оның ішінде зорлау қылмыстары, көлік құралдарын мас күйде басқару, браконьерлік, есірткі заттарының заңсыз айналымы және мал ұрлығы өз алдына жеке дара бап ретінде енгізілгендігін түсіндірді.
Сонымен қатар, облыс прокурорының орынбасары заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, татуласу, ымыраға келу жағдайларының да азайғандығын қатысушылардың назарына салды.
Жиын соңында аудандық пробация бөлімінің қызметкерлеріне есептегі азаматтарды үнемі бақылауда ұстап, қажетті көмек көрсету шараларын үздіксіз жүргізу жөнінде тапсырмалар жүктеді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
07 ақпан 2020 ж. 762 0