Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тащилкиндердің тілегі – тыныштық

Тащилкиндердің тілегі – тыныштық

Еліміздегі тыныштық, түрлі этностар мен конфессиялар арасында түсіністік пен келісім, елде жүргізіліп жатқан бейбіт саясат үшін Алғыс айту күнінің белгіленгені – қазақстандықтардың жаңа ғасырдағы жақсы үрдістерінің бірі. Күнделікті өмірде, ағын судай өтіп жатқан тірлікте тыныштықтың қадіріне ешкім назар аудара қоймайды, ал осындай нақты күн белгіленіп, еске салынғанда адамның ойланып, барды бағалай білуіне бір серпін болатыны сөзсіз.
Л. ИМАНБАЙҚЫЗЫ
Арал қаласы әкімі аппаратының мүгедектер мен қарттарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкерлері қариялардың дәрі-дәрмектерін, күнделікті қажетті азық-түліктерін сатып алып, үйлеріне жеткізіп беруінен бастап, жуынуына, ас әзірлеуіне, коммуналдық қызметтерді төлеуге, емдік дене жаттығуларын орындауға көмектесіп, әлеуметтік ортада болуына жағдай жасап, одан өзге де тұрғын үй көмегіне құжаттарын рәсімдеу секілді барлық шаруаларына көмектеседі. Бөлімше меңгерушісі Әйгерім Маратқызы:
– «Сыйласаңдар кәріңді, жарылқар Алла бәріңді» дегендей, үлкенді сыйлау, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету —біздің халқымыздың қанына сіңген асыл қасиет. Әлеуметтік қызметкерлердің әрқайсысы мақтауға лайық жандар. Адал еңбектері көптің көз алдында. Әрине, «Қарт адам мен баланың көңілі ұқсас» демекші, бір ауыз сөзге қуанып, бір ауыз сөзден көңілдеріне кірбің алып қалатын бала жүректі қариялардың бабын табу оңай емес. Біздің қызметкерлер көмек көрсететін жандардың арасында молдаван, татар, кәріс, орыс ұлтының өкілдері бар. Өздерін жақындарындай көріп, уақытпен санаспай көмектесіп жатқан қызметкерлерге әркез ризашылықтарын білдіріп, күн сайын алғыстарын айтады, – дейді.
Міне, молдаван ұлтының өкілі Наталья Мироуц:  «Әлем таныған Аралда ғұмыр кешіп, еңбек еттім. Шүкір, аға да, апа да таптым. Жасы кішілерді бауырымдай көремін. Бәрі менің жақындарым. Жақсылықтарын көп көрдім. Тұңғыш Президент-Елбасының Алғыс айту күнін мейрамдардың қатарына енгізуі – көрегендіктің белгісі. Қазақ халқына, барша аралдықтарға, Әйгерім қызымыз басшылық етіп отырған әлеуметтік қызметкерлерге алғысым шексіз. Тек елімізде тыныштық болсын деп тілеймін, – дейді күлімдеген күйде.
Ал Борис Тащилкин мен жары Любовь үйлеріне Ләззат келген сайын бір жасап қалады. Әлеуметтік қызметкер Ләззат Сариеваның бұл салада еңбек етіп келе жатқанына отыз жылдан асты. Ісіне адал, еңбекқор жан үздік қызметі үшін облыс әкімінің арнайы грантына да ие болған.
– Біз – қазақ халқынан тек жақсылық, қамқорлық пен қолдау көрген жандармыз. Көршілеріміз қызық-қуаныштарынан қалдырмай, төріне отырғызады. Міне, туғанымыздай болған Ләззатты «қашан келеді?» деп асыға күтіп отырамыз. Көмегін көрсетіп, белсенділікке ынталандырып, әңгімесін айтып, көңіл күйімізді көтеріп, мәре-сәре күйге түсіретін жанға алғысымыз шексіз. Аудан жаңалықтарын «Толқын» газетінен оқып береді. Осынының бәрі сыйластықтың, елдегі татулық пен ауызбірліктің арқасы. Осынау ерекше мереке күні Арал халқына, аудан азаматтары мен әлеуметтік бөлімше қызметкерлеріне шынайы ризашылығымыз бен алғысымызды білдіреміз, – дейді ерлі-зайыпты Тащилкиндер.
29 ақпан 2020 ж. 434 0