Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайлық дәрігерлер Қазақстанға келді (ФОТО)

Қытайлық дәрігерлер Қазақстанға келді (ФОТО)

Kyzylorda-news.kz. Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономды ауданынан 10 дәрігер Қазақстан астанасына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Делегацияны ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров күтіп алды.
«Бүгін қытайлық әріптестерімізді қарсы алдық. Бұл кездесу екі ел басшыларының уағдаластығы аясында өтуде. Біз үшін бұл кездесу сөзсіз маңызды, себебі Қытайдың эпидемиология мәселелеріндегі емдеу тәжірибесі мен зерттеулері маңызды болып отыр. Қытайдан 10 дәрігер арнайы келді, олардың арасында пульмонолог, эпидемиолог мамандар, қоғамдық денсаулық сақтау сарапшылары бар. 15 күндік іссапарда олар коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды диагностикалау, емдеу және қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін талқылайды», – деді вице-министр тілшілерге берген сұхбатында.
Бағдарлама аясында қытайлық дәрігерлер Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қалаларына барады.
«Бізде бұл сырқаттан жазылып, ауруханадан шыққан тұрғындар бар. Сонымен бірге, ауыр халде жатқан азаматтарымыз да бар. Бірқатары өкпені жасанды желдету аппараттарында жатыр. Сондықтан, әріптестерімізбен талқылайтын мәселе көп. Бізде бұл ауруды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы бекітілген. Бұл хаттама үздік халықаралық тәжірибелерге сай келеді. Әріптестеріміздің де тәжірибесін зерттеп, өзімізге пайдалы дерек аларымызға сенімдімін», – деді К. Надыров.
Сонымен бірге, Қазақстандағы ҚХР елшісі Чжан Сяо дәрігерлердің тәжірибелі, жоғары білікті маман екенін атап өтті.
«Қазақстанда пандемияға қатысты күрделі жағдай орын алды. Өкінішке қарай, вирус жұқтырғандардың саны артып келеді. Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономды ауданынан келген дәрігерлер де осы індетпен күресіп, көптеген науқастарды емдеп жазған. Бұл аурудың соққысы алғаш рет Қытайға тиді. Бүгінге дейін вируспен күресу бойынша бірқатар тәжірибе жинақтадық. Әлі күнге дейін бұл вирус – біз үшін жаңа, ол туралы білеріміз аз. Бірақ, қазақстандық достарға да айтарымыз бар. Коронавируспен күрес бойынша тәжірибе бөлісуге дайынбыз», – деді елші.
Қазақстанға арнайы келген дәрігерлердің айтуынша, Қытай коронавируспен үш ай күресті.
«Біз Қазақстанға тас-түйін дайындықпен келдік. Біздің мақсатымыз – инфекциямен қалай күрескенімізді көрсету. Барлығымыздың тәжірибеміз бар, Шыңжанда коронавируспен күрескенбіз. Біздің екіжақты ынтымақтастығымыз нығая түседі деп ойлаймын», – деді шыңжандық дәрігер Лу Чжен.
10 сәуір 2020 ж. 540 0