Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова мұнай және уран өндіруші компаниялардың басшыларымен кездесті

Гүлшара Әбдіқалықова мұнай және уран өндіруші компаниялардың басшыларымен кездесті

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Қазгермұнай» БК, «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ және өзге де ірі мұнай және уран өндіруші компания басшыларымен кездесті. Кездесуде тау-кен саласының бүгінгі жағдайы мен өзекті мәселелері талқыланды деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
Облыстың барлық өнеркәсіп өндірісінің 70% астамы тау-кен саласының үлесінде. 2020 жылдың бірінші тоқсанында 1,2 млн. тонна мұнай өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда 253 мың тоннаға аз. Бұл – жоспарлы қысқарту. Объективті себептердің салдарынан жыл сайын мұнай өндіру төмендейді. Сол себепті мұнай өндіруші компаниялардың алдында өндіру көлемінің жоспарлы көрсеткіштерін ұстап тұру және жылдың соңына қарай көрсеткішті кемінде 4,4 млн.тоннаға жеткізу межесі тұр. Бұл өз кезегінде облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайына да әсер етеді.
Өңір басшысы мұнай өндіруші компаниялардың басшыларын жұмыс орындарын сақтау және төтенше жағдай кезінде санитарлық шараларды ескеру қажеттігін айтты.
«Бүгінгі күні бүкіл әлемде коронавирус пандемиясының таралуына байланысты энергия тасымалдаушыларға деген сұраныс пен жаһандық экономикалық рецессия аясында көмірсутегі бағасы да едәуір төмендеген. Сондай-ақ, инвестициялар көлемінің де күрт төмендеуі байқалады. Құрылыс және барлау жұмыстары салаларына қаржы қысқартылды. Мұның бәрі сервистік компанияларға кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан мұнай бағасы тұрақтанған кезде және карантин уақыты аяқталғаннан кейін сервистік қызмет көрсететін мекемелердің жұмыс ауқымын, оның ішінде геологиялық барлау жұмыстарының көлемін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру қажет. Сақтық шараларын ескермеу инфекцияның жаңа ошақтарының пайда болуына әкелуі мүмкін», – деді облыс әкімі Г. Әбдіқалықова.
Мұнай-газ саласындағы күрделі жағдайды ескере отырып, осы саладағы компаниялардың қаржылық жағдайына кешенді талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде облыс әкімдігі тарапынан Блиновское және Қоныс кен орындарын рентабельділігі төмен санатқа қосу үшін Ұлттық экономика, энергетика, қаржы министрліктеріне ұсыныстар жолданды.
Сондай-ақ, кездесуде отандық тауар өндірушілерді қолдау және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері де айтылды.
«Бүгінгі таңда мұнай-газ операторлары тарапынан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған аударымдардың бюджеттің кіріс бөлігіне түспей қалу қауіпі бар. Осы орайда әлеуметтік міндеттемелерді уақтылы төлеу қажеттілігін ескерткім келеді. Өңірдің тау-кен өндіру саласындағы барлық қойылған мәселелерді шешуде күш-жігерімізді біріктіруге шақырамын», – деп атап өтті аймақ басшысы.
Кездесу барысында «Қуатамлонмұнай» «БК» ЖШС, «СНПС «Айдан Мұнай» АҚ, «Саутс Ойл» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ басшылары атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы айтты.
Атап өту керек, төтенше жағдай кезінде мұнай, уран және басқа да бірқатар компаниялар жұмысты тоқтатпай, вахталық ауысымын 28 күнге дейін ұзартып, 16 мыңнан астам жұмыс орны мен жалақысын сақтап қалды. Сонымен қатар, жұмыс орындарында залалсыздандыру және медициналық қорғау шаралары күшейтілді.
Кездесу қорытындысымен облыс әкімі Г.Әбдіқалықова мемлекеттік орган басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
29 сәуір 2020 ж. 687 0