Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда қаласында індет жұқтырғандар саны көбейіп келеді

Қызылорда қаласында індет жұқтырғандар саны көбейіп келеді

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 230 адамға жетті. Соңғы тәулікте жаңадан анықталған 1 жағдай туралы бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 230 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 1 жағдай анықталды. Аталған науқас – Қызылорда қаласынан. Ол қалалық емхананың фильтр бөліміне келгенде анықталды. Осылайша, Қызылорда қаласында инфекция жұқтырған науқастар саны 93 тұрғынға жетті», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 230 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 3261. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1789, потенциалды байланыста болғандар – 1472 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 70, правизорлық стационарда – 13, карантиндік стационарда – 142 адам бақылауда.
Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, өткен тәулікте облысымызда коронавирустық инфекцияға байланысты 421 тест сынамасы жасалыпты.
«Соңғы тәулікте 421 тест сынамасы жасалды. Оның 402 – теріс мәнді болып шықты. Біреуі оң нәтиже берді. Ал, 19 – әлі тексерілу үстінде. Бүгінде облысымызда 4348 тест сынамасының қоры қалды. Жалпы, осы уақытқа дейін өңірде барлығы 17814 тест сынамасы алынды», – деді ол.
Басқарма басшысы бүгіннен бастап облыстағы карантин талаптары тағы да жеңілдетілгенін, осыған орай аймақ тұрғындары сақтық шараларына баса мән беру керектігін жеткізді.
«Бүгіннен бастап облыста карантин талаптары тағы да жеңілдетілді. Сондықтан, қарым-қатынас көбейіп, қозғалыс ұлғаятыны түсінікті. Осыған орай, санитарлық-дезинфекциялық нормалардың сақталуына баса мән берген жөн. Коронавирустық инфекциядан қорғанудың ең тиімді және ең қарапайым тәсілі – оқшаулау және оқшаулану. Осы себепті, облыс тұрғындарын қарапайым ғана санитарлық нормаларды сақтап, қоғамдық орындарда арақашықтықты сақтауға шақырамын», – деді Ж. Әбілқасымұлы.
Айта кетейік, бүған дейін Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны 229 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.
11 мамыр 2020 ж. 537 0