Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос колледж күрделі жөндеуден өтеді

Қос колледж күрделі жөндеуден өтеді

Биыл Арал қаласында орналасқан екі бірдей колледж ғимараты күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Екі білім ошағының да аудан жастарын  әр салаға қажетті маман ретінде дайындап шығаруда маңызы зор. Жыл өндіріс пен кәсіпкерлік саласында сұранысқа ие мамандықтар бойынша маман даярлайтын бұл білім ошақтарының ескіргенін ешкім жоққа шығара қоймас.
А.Қарасай

Мәселен, Арал көпсалалы колледжінің оқу ғимараты 3 қабатты, 1980 жылы салынған. Ғимараттың жобалық қуаттылығы 360 оқушыға арналған. Оқу корпусының іргетасы біртұтас бетон, сыртқы, ішкі күрделі қабырғалары қыштан салынған. Ал, колледждің жанындағы зертхана ғимараты 1975 жылы қамыс қаңқадан тұрғызылған. Әрине сапасы жөнінен бетон өнімдері мықты болып келгенмен, оның ішкі бөліктері мен бөлмелердің әрі әбден қашып тұр. Шатырын жаңалап, ішкі және сыртқы бөліктері әрлеу жұмыстарын қажет етеді. Биыл осы аталған нысанның күрделі жөндеу жұмысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі арқылы Қызылорда қаласының «Агроспецмонтаж» өндірістік кәсіпорны жеңімпаз болып анықталды. Күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталып, құрылыс барысында 63 адамды жұмыс­пен қамту жоспарланып отыр.
1980 жылы аудандағы кеме жөндеу зауытының теңгерімінде асхана ретінде салынған Арал индустриалды-техникалық колледжінің қазіргі ғимараты 2003 жылы колледж балансына алынып, оқу корпусы ретінде қайта жабдықталған. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Ағымдағы жылдың сәуір айында мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі арқылы конкурс жарияланған болатын. Қазіргі таңда жеңімпаз мердігер мекеме ретінде Қызылорда қаласының «Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС танылды. Бұл нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында 30 адам уақытша жұмыспен қамтылатын болады.
Әрине ескінің аты ескі болғанмен, сүйегі мықты бұл ғимараттар талай жылдық қыс пен жаздың құбылмалы ауа райына шыдас беріп келеді. Талай шәкірттің мамандық алуына септігін тигізген білім ошақтары үшін биылғы жылдың басты жаңалығы осы болып отыр. Күрделі жөндеу жұмыстары тезірек қолға алынар болса, ұстаз бен шәкірт үшін басты қуаныш осы болғалы тұр.
23 мамыр 2020 ж. 546 0