Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Журналистика жұлдызы

Журналистика жұлдызы

Қазақ баспасөзінің жалауын желбіреткен аудандық басылымдар арасында Арал өңірінің шежіре қайнары іспеттес «Толқынның» орны ерекше. Аудандық газет 1930 жылғы 1 қарашада «Екпінді балықшы» деген атпен жарық көрді. Тұңғыш редакторы – танымал әдебиет зерттеушісі, көркем сөздің шебері Әуелбек Қоңыратбаев болды. Газет латын қарпімен теріліп, басылды.Филология білгірі газет тілінің жатықтығына баса назар аударды. Әлбетте, алғашқы оқырманды қалыптастыру оңайға соқпайды. Идеологиялық қасаң тіркестерді ел үнімен біте қайнастыру барынша күрделі еді. Қоңыратбаев Сыр өңіріне тән қарапайым қазақы лексиконды үнемі назарда ұстады. Жұртшылық осылайша газет сөзін жанына жақын қабылдай бастады. Сауаттылық пердесін  шындық шымылдығына балаған сол кездер-ай?! 

«Екпінді балықшы» 1938 жылдан бастап «Социалистік Арал» деген жаңа атаумен қанатын кеңге жайды. Жағалау белсенділері аудандық газетті рухани сүйеніш санайтындай дәрежеге жетті. Арал тынысы әр алуан сипатымен ел жадында жаңалық панорамасына айналды. Қалың оқырмандар арасынан жергілікті авторлар мен тілші қолғанаттар да төбе көрсетіп үлгірді. Таралым да молайды, газеттің көркемдік сапасы да көтерілді..
Алпысыншы жылдарғы өлкелік және ауданаралық газеттердің пайда болуы «Социалистік Аралдың» да 1962 жылғы 25 сәуірдегі 3741-нөмірінен соң шығуын тоқтатты. Ақпаратқа сусаған аралдықтар төл басылымымен 1965 жылдың 1 тамызында 3742-санымен қайта қауышты. Осылайша  аудандық газет өңір символикасын сүйіншілеген «Толқын» деген мүлдем жаңаша атаумен оқырман құшағына еркелей енді.
Газет тізгінін ұстау қашанда зіл-батпан жауапкершілікпен қоғамға иілдіріп тұрады. Бұл жерде ел сенімі сергек сақшыдай қадағалап отыратыны қаперден шықпауы тиіс. Шығармашылық қазанының бұрқ-сарқ қайнап жатуы редакторлық ұстахананың әлеуетіне де байланысты.
Аудандық газетке қол қойған редакторлар шоғырында түркология тамыршысы Әуелбек Қоңыратбаев, жазушы Тойбазар Елемесов, ақын Қалас Сәрсенбаевтың ізін жалғаған кәсіби журналистер Тәжмағанбет Тәжіков, Мәлік Сәрсенов, Сағынжан Ермағанбетовтің бедел бедері айрықша. Олар ой мен сөздің шебер жымдасуын ең басты ақпараттық шартқа балады. Газеттің әрбір санынан ел дидары мен мұндалап тұруын парыз санады. Газет сөзінің тақуалықтан гөрі көпшіліктің көкірек сарайына сәуле шашатын шындық шұғыласындай болуын қорғаштап отырды.
«Толқынды» тәуелсіздік табалдырығынан толқымасыз төрге оздырған Сағынжан Ермағанбетов жаңашылдық жалауын рухани самалдай сезіндірді.Өмірінің соңына дейін барша оқырманға бәрекелді дегізді. Ол баспасөз бәйгесінде тарпаңдардың босқа арамтер болмауын шығармашылық шынайы талаппен шебер қақпайлайтын. Қай автордың болмасын шындыққа  артық салмақ қоспауын қырағылықпен тұсаулайтын.
Мерекелік сандарда ғана қызылды-жасылды түспен айна алдында таранған сұлуға ұқсап кететін алақандай газетті бұқараға базарлықтай бағалайтын. Баспасөз жанрын жадағай қайталаудың құрбаны еткізбейтін сарапшылық сергектігі сөз әлеміндегі сұйықтыққа жол бергізбейтін. Жақсы дүниеден тың ізденісті көзі күлім қаға даралайтын.
Бұл өткінші қолпаш емес, Сағынжанның жариясөз әлеміне енуі де өзіндік жарасыммен сағыныш терезесін сығалайды. Өзі Мергенсайдағы балықшы ауылдың тумасы. Қабылаш нағашысының  көземелімен ауданның ең іргелі кәсіпорны «Аралтұзда» комбайнды зар еңіретіп, маңдай алды озаты атанды. Айына 100 тоннадай өнім дайындаған еңбек рапорты айтуға ғана оңай. Оның ар жағында шеберлік пен шыдам, кеудені кернеген бұла күш араша түсер еді.
Бір ғажабы, Сағынжан өндіріс гүрсілі арасында ақ қағазға ой өрнегін түсіретін қалам қозғалысына әуестік  тапты. Жалпы, оны алдымен баспасөз арқадан қақты. 1958 жылы облыстық «Путь Ленина» газетінде суретімен мақтау мақаланың кейіпкеріне айналды. Тасқа басылған қол басындай мақала қиялға қанат бітіретін қалам құдіретіне іңкәрлік сезімін оятты. Төс қалтасынан блокнот түспейтін болды.
 Көп ұзамай өндірістегі ұстазын нысанаға іліктірді. Бәйтен дейтін тұз престеу машинисі Сағынжанға шығармашылық ләззат сыйлады. «Ақылшы дос, қамқоршы аға» деп аталатын тырнақалды мақаласы «Социалистік Аралда» нөсерден кейінгі кемпірқосақтай көз ұялтты. Сол-ақ екен, Сағынжан қаламы комбинаттың жүрек лүпілін таңбалайтын шығармашылық қондырғыға ұқсады. Бұл жөнінде аудандық газет қызметкері Киікбай Изетов «Қазақстан баспасөзі» атты республикалық бюллетеньде сүйсіне әңгімеледі.
Арал өңірінен шыққан жазғыштардың арасында Сағынжан Ермағанбетовтің журналистика жұлдызы атануы барынша табиғи және әділетті. Ол газетке нағыз өндірістің ортасынан келді. Қатардағысы емес, қалаулыларының қатарынан ойып орын алды. Рационализаторлық ұсынысы мен инженерлік пайымын да байқатқан. Жастар жетекшісі санатынан да ізделген. Комбинат қабырға газетінде де Сағынжан сөзі көп назарын бірден аударушы еді.
Ал түрлі басылымдарда жарыса жарық көрген түрлі сипаттағы мақалалары оқырманның айызын қандыратын. Ол  табиғи бейімін кәсібилік кемелденуге де орайластыруды мақсат тұтты. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде алдымен сырттай білім алды. Соңғы екі курсын күндізгі бөлімде жалғастырып, баспасөз аламанында тұлпардай көсілуге шығармашылық машыққа қанықты. Оның айқын белгісін дипломдық жұмысынан да бағамдауға болады. «Социалистік Қазақстан» газетіндегі (қазіргі «Егемен Қазақстан») халықтық бақылау бағытындағы материалдарды сараптауы талайдың бөркін басынан ығыстырды.
Айтары жоқ. Сағынжан ағаның «Толқынды» өрге сүйрегені айтқанға да, жазғанға да, тыңдаушыға да мерей мінбесінен қол соқтырды. Ол салғаннан таланттар тертесіне иық тосты. Жауапты хатшы, редактордың орынбасары кезінде тұяғынан от ұшқындаған тұлпардай қалам ұшынан ақ қағазға сезім моншақтары саудырай төгіліп жататын. Қу қайыққа жалаң отырып, су маржанын сүзген балықшыдай сын қармағын қадалтуы да  бөлек- ті.
Ата-бабаларының атын түгендеген псевдонимі де бәрібір Сағынжан сөзін бүркемелей алмай, оқырманмен жасырынбақ ойнатпайтын.  Қай қызметте болмасын жазуға ебі бар жаңалық жолдаушымен шабыт шарпуынан қанаттанғандарды қаламгерлік құшағына алатын. Солардың сиясы кеппеген туындыларына сәт сапар тілеп, оқырман назарына төгілдіре таныстыратын. Бүгіндері республикаға танымал, Аралдың атын аспандатқан ақын-жазушылардың, ғалымдардың, өнер майталмандарының даңқ тұғырынан түспеуі редактор Ермағанбетовтің ескерімді елжіреуін аңсатары хақ.
«Толқын» газетінің тарихы жалынды журналист Сағынжан Ермағанбетов қолтаңбасын 30 жыл бойғы тігіндіге көз талдыртып, сағынышпен іздетер еді. Бұл мерзім оның «Толқында» 1965-1996 жылдар аралығында бір жыл жауапты хатшы, жеті жыл редактордың орынбасары, 23 жыл үзбестен редактор болған кәсіби шығармашылық дәуірін қамтиды.
Мұның алдында «Аралтұз» комбинатында тұзшылар өмірінен жолдаған хаттары, аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы кезінде дайындаған насихаттық мақалалары Сағынжанның қалам икеміне оқырманды елеңдетіп қойғанын ескерсек, оны сөз өнері біржола баурап алғанын бағамдар едік. Айтпақшы, оның аудан радио хабарын ұйымдастырудың ізашары жанталасындағы эфир аудиториясын қалыптастырған техникалық көркемдеуі өз алдына бір төбе.
Сағынжанның елгезектігі, шындықтан озбайтындығы, адам бойынан жақсылық іздейтін жоғары адамгершілігі халықпен барынша етене етті. Қолына қалам ұстаған сәтте алдымен кейіпкерінің жан дүниесіне енуге тырысатыны ол жазған шалқыма суреттеме, репортаж, очерктерден мен мұндалайтын.
Жазу столы бейнелеп айтқанда, бәйге алаңы іспетті. Алып денесімен жұқалтаң қағазға шүйліге төнгенде алтайы қызыл түлкі ілген қырандай тояты басылмайтын. Сиялы қалам ұшы парақты тесіп жіберердей жылдамдықпен заулай жөнелетін. Өзіне жарасатын миықпен күлу машығы шығармашылық рахаттың леп белгісіндей  ашаң жүзінде шабыт шырайын өрнектейтін.
Журналистке тән шалымдылық, тосын ой табу, кестелі мазмұн қиюластыру тәрізді шеберлік дағдылары Сағынжанның материал жазу, мақала қорыту, макет жасау,әріптестер еңбегін редакциялаудың кез келген сәтінде тәлімгерлік қырына еріксіз табындыратын.
 Тапсырманы жүйелеуі, аудан өмірімен үндестігі, ел ішінің әлеуметтік ахуалын зерделей жүруі және қалам ұстауға қабілетті жас буынды баспасөз өміріне тартуы өз саласына деген алғаусыз махаббатты аңғартатын. Ол шын мәніндегі ақылшы еді. Әріптестерінің шығармашылық еркіндігі, өсу қадамдарын іштей қуаттайтыны олар жазған сүбелі материалға сүйсінісінен аңғарудың өзі алғыспен пара-пар болатын.
Сағынжан ағаның болмысы табиғат кейіптес еді. Затында кісіге зіл сақтау оған жат болатын. Газет мүддесі үшін кейістік білдірсе, артынша жанарынан нұр төгіліп, келесі белеске жігерлендіретін лекіме күлкісі татулық туын желбіретіп кете баратын.
Ол баспасөз берекетіне бақай есепті араластырмады. Жаны қандай таза болса, сөзі де сондай шуақ төгетін. Газет қағазын кесу, айналдыру тәрізді қарадүрсіндеу қол еңбегіне редакторлығын көлегейлемей емпілдеп араласқанының өзі оның әрқашан әділдікпен тыныстайтын рух адалдығын айғақтайды. Ермағанбетов туған жерімен мақтанды, қарапайым жерлестерінің қаһармандық еңбегін жарнамалаумен шаттанды. Аға басылымдар қаншама қолқаласа да, Аралынан ажырамады. Ол шығармашылық ләззатты «Толқынынан» күтті, тапты да.
Сүбелі дүниелерін жинақтауға үлгіре алмай кетті. Сөз әлеміне іңкәрлігін жұмбақ ұстады. Бәлкім, зейнет рахатына бөленгеннен кейін өзі аңсаған туындыларын жазуға отыруды армандаған шығар. Кім біліпті?!
Сағынжанның ғылыми ізденуші ретінде кандидаттық диссертация жазып жүргенін есітетінбіз. Бұл жөнінде қиыла сұрамаппыз да, ол да бітпеген істі бадырайтуға құлық танытпады. Мұның өзі әлі де тамаша редактор, жүйрік журналист Сағынжан Ермағанбетовтің шығармашылық мұрасынан сүйінші хабар дәметтіреді.
«Толқынның» шекпенінен шыққандардың баршасы, оны қадірлейтін қалың оқырман қауым, түгелдей Сыр журналистикасы Сағынжан аға тәрізді әкелік мейір, бауырмалдық пейіл, әріптестік ықылас, таусылмас тақырып қайнары тәрізді тұлғаны әрдайым ардақтап, руханият жебеушісі ретінде пір тұтады.
Әріптес інісі, ақын Толыбай Абылаев дайындаған естелік кітаптан редактор С.Ермағанбетовтің ғұмырнамалық бел-белестері ағынан жарыла сыр шертеді. Бар болғаны 57 жаста бейқапыл ақтық сапарға аттанған арыстай азаматын бүкіл аралдықтар арулап жөнелткенде, теңіздің өзі бір шайқалып ышқына дауыл көтергендей сезіндірген.
Сүйкімі бөлек Сағынжан аға мен балдай тәтті Балди жеңгеміздің құтты құшағынан өсіп-өнген ұл-қыздары, немере, жиен, шөберелері бүгіндері ел көзінен әкелеріне деген алғаусыз ықыласты риясыз сезінгенде бір марқайып қалады. Өзі тұрған көше тұрғындары Ермағанбетов есімін айбаттана мақтан тұтып, жарқын бейнесіне іштей мінәжат етеді. Біздер, «Толқынды» Тайбурылға теңейтін қаламдас ізбасарлары репликасының өзі бұйрықтан бетер сүйікті редакторымызды байырғы басылымның 90 жылдың мерейтойы қарсаңында көненің көшірмесіндей ізгілікпен ел жадына қайта оралттық.
Жаңабай КЕМАЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
06 маусым 2020 ж. 553 0