Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауапкершілік жүгі

Жауапкершілік жүгі

Қай салада болмасын қызметтің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Жауапкершілік жүгі өз алдына. Әсіресе мемлекеттік қызметтің артар жүгі тым ауыр. Десе де бүгінде мемлекетттік қызметке де қызығушылық артып келеді. Әсіресе жастар тарапынан мемлекеттік аппаратта қызмет етуге талпыныс бары қуантады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған Ұлт жоспарындағы «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» бағытының меритократиялық ұстанымы, яғни «төменнен жоғарыға» өсу баспалдағының енгізілуі жастардың сенімін туғызғаны сөзсіз. Кез келген азамат өзінің іскерлік қабілетін, парасатпайымын танытуы арқылы болашағын қалыптастырады. Ең бастысы, құлшыныс, туған елге, туған жерге қалтқысыз қызмет етуге шынайы ниет болу қажет.Жалпы, ел мүддесі, халық игілігі бәрінен жоғары тұрғанда ғана нәтижелі жұмыс болады. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы іспетті. Оның ар-ожданы биік, әділетті, талантты ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігін қоғам бағалайды. Себебі халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметшінің халықтың мүддесіне қызмет етіп, көкейтесті мәселелерді заң шеңберінде шешуі талап етіледі.
Иә, расында, халық пен билік арасындағы байланыстан туындаған көпір құламауы тиіс. Егер бұл байланыс болмаған жағдайда, халықтың елдігі баянды болуы екіталай. Мемлекеттің басты құндылығы болып саналатын капитал ретінде әрбір азамат мемлекеттен қолдау күтетіні де сондықтан. Сол себепті менің тұжырымымда мемлекеттік қызмет қашан да маңызды міндет болып қала береді.
Жалпы, мемлекеттік қызметші қандай болу керек? Бұл сұраққа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ең алдымен, жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оларды практикада қолдана білу, адалдық, белсенді өмірлік көзқарас. Осының бәрін қосып отансүйгіштік деп атауға болады. Нағыз мемлекеттік қызметші патриот болуы керек» деген сөзінен артық жауап таба алмайтынымыз анық. Ұлт Көшбасшысының бұл пікірі ашық және ұғынықты айтылған. Мемлекеттік қызметке дәл сондай қасиеттері бар адамдардың келуіне қалай қол жеткізу қажет?
Осы орайда «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген халық даналығы басшылыққа алынып, лауазым иелерін ақпарат құралдарында сынау белең алды. Шындығында, мұның өзі шенеуніктердің беделін көтермей, керісінше, теріс көзқарастардың қалыптасуына ықпалын тигізді. Ал сол көзқарасты жоққа шығару үшін мемлекеттік қызметте жүрген әрбіріміз кәсіби мемлекеттік қызмет және тиімді басқару құрылымын құрумен қатар, еліміздің мемлекеттік қызметшілерінің халық алдындағы жағымды бейнесін қалыптастыруға игі ықпал жасауымыз керек. Әдеп кодексінде нақтыланған «мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдықәдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды» деген қағиданы қатаң ұстану қажет. Бұл да мемлекеттік қызмет өкілінің бір жетістігіне баланады.
Десе де бұл жетістікке жету оңай емес. Әрбір адамның өзін-өзі басқарып, эмоцияға бой бермей, сабырлық пен салмақтылықты, қоғам ортасындағы өзіндік беделін, болмысын қалыптастыруды қызметтен үйренеміз. Мен де мемлекеттік қызметке ұзақ жылдар бойғы көзбен көрген тәжірибемнен бөлек, қызметте де көңілге түйгенім арқылы жеттім.
Алғаш болып еңбек жолымды аудандық ішкі саясат бөлімінің методисі болып бастадым. Осында алған екі жылдық тәжірибем аудан әкімі аппаратының инспекторы болып жүрген шақта еселене түсті. Міне, осындай мол тәжірибенің арқасында 2018-2020 жылдар аралығында Қамыстыбас ауылдық округі әкімі аппаратында жетекші маман қызметін абыроймен атқаруыма мол септігін тигізді. Бүгінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде бас маман болып қызмет етемін.
Барша мемлекеттік қызметшілерді мерекемен құттықтай отырып, жоғарыда айтып өткен жауапкершілік пен қағида әркез есте болсын дегім келеді. Сонда ғана жетістік жалауы желбірей беретініне сенімім мол.
Жасұлан ҚАРАТАЕВ,
Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы
23 маусым 2020 ж. 642 0