Тоқаев: Қауіпті індетпен күресте жеңіс бізде болатынына еш күмән жоқ
Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызды халқымыздың басына түскен сынақ алдында қайсарлыққа, сабыр мен жауапкершілікке шақырды.
«Біз коронавирусқа қарсы күресті жалғастырамыз. Жеңіс бізде болатынына еш күмән жоқ. Күйзеліске, немқұрайлыққа бой алдырмауымыз керек. Бүгін біз бірлігімізді әрдайым көрсетуіміз керек. Біз ешкімді қиыншылыққа қалдырмаймыз және әр қазақстандықтың өмірі мен денсаулығы үшін күресеміз. Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халықпыз. Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін. Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдаса білсек, бұл сыннан да өтерміз. «Денсаулық – зор байлық» деген халқымыздың дана сөзінің қадірін білейік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты телеүндеуінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев әр азаматтың амандығы үшін күресуге шақырды.
«Баршаңызға мықты денсаулық, мызғымас береке-бірлік тілеймін!» – деп түйді сөзін Президент.