Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Талапқа бағынбағандар айыппұл арқалайды

Талапқа бағынбағандар айыппұл арқалайды

Үміт пен сенім, үрей мен күдік адам баласының бойын билеп, күнделікті өмірдің өзі күмәнді көріністерден құралған қазіргі кезеңде сыйластық пен мейірімнен басқа ештеңе қалмағандай. Батпандап кіріп, күнделікті өмір сүру салтымыз бен қоғамдық құндылықтарымызға қол сұққан індеттің беті бері қарайтын түрі жоқ. Осыған сәйкес еліміз бойынша жарияланған төтенше жағдай алынғанымен, өз күшіндегі карантиндік талаптардың мерзімі әлі біте қойған жоқ. Себебі елдегі жағдай ушықты.
Алғашында коронавирус індетіне шалдығу көрсеткіші күмәнді ойлар туғызып еді, енді оған пневмония түріндегі тағы бір індет қосылды. Бәрінен қиыны осы болып тұр. Қос өкпені қабындырып, көптеген жанды жұтым ауаға зар қылып жатқан індеттің қарап тұрсаңыз коронавирустан еш айырмашылығы жоқ секілді. Қалай десек те, ұзаққа созылған осы бір қиын жағдайлар талайға ауыр тиюде. Бұрын апта сайын дүркіретіп той жасайтын қауымның карантин талаптарынан шыға алмай, көп дүниелер шектеу шараларының шеңберінде қалды. Сонымен қатар қазіргі таңда еліміздің барлық аймағында қоғамдық орындардың жұмысы бақылауға алынып, көптеген кәсіпкерлік нысандардың жұмыс уақыты таңертеңгі сағат 10:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін қысқартылды. Десе де күнделікті өмірде қатар жүретін қуаныш пен қайғы сынды отбасылық мәселелер карантин талаптарына қайшы кеп жататыны жасырын емес. Оның үстіне, шектеулі уақыттан кейін де жасырын тұтынушыларға есік ашатын жекелеген дүкендерде сауда жасалып жатқан деректер де анықталуда. Осы мәселеге атүсті қарамаған жергілікті билік те құзырлы органдар көмегімен бірқатар кешенді шаралар қабылдады.
Осыдан бірнеше күн бұрын осы мәселелерге байла­нысты карантин режимі кезіндегі талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында құрылған жұмысшы топ мүшелері түнгі рейд жұмыстарын жүргізді. Рейд кезінде дүкендер және өзге де қоғамдық орындардың жұмыс уақыттары тексерілді. Тексеріс жұмыстарының нәтижесінде қойылған шектеу уақытынан кейін 2 дүкеннің ашық тұрғандығы анықталды. Талаптарды кері ысырып, ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланғысы келгендер түнімен сауда жасап, алақан ысқылауға әбден бейімделіп қалған секілді. Арнайы топ мүшелері кіріп барғанда айтарға сылтау таппай, «касса санап жатырмыз, қоқыс шығарып жатыр едік» деген желеу сөздерді сылтау етіп әлек. Әрекеті көзге көрініп тұрса да, тақырда жасырынбақшы болған пайдакүнемдердің бұл тірлігі әрине заңды сыйламаушылық болып табылады. Алайда түнгі рейд жұмыстарының алғашқысы болғандықтан, топ мүшелері кәсіпкерлерге түсіністік танытып, аудандағы қалыптасқан ахуал жайы айтылып, вирустың таралуын тежеу бағытында белгіленген уақыттан артық жұмыс жасамау жөнінде тиісті ескертулерді қаперлеріне салды. Мұнан бөлек, сол күні қаладағы Д.Қонаев көшесіндегі тұрғын үйде үйлену тойы өтіп жатқандығы анықталып, той иелеріне де ескерту жасалды. Сауда нүктелерін былай қойғанда, карантин уақытында той жасайтын жұртшылық та көбейіп бара жатқаны қынжылтады.
Алдағы уақытта мобильді топ мүшелері күшейтілген рейдтік шараларды күнделікті жүргізетін болады. Карантин режимінің талаптарын сақтамай, шектеу уақытынан кейін жұмыс жасаған қоғамдық орындар мен жеке тұрғын үйлерде үйлену тойлары, қыз ұзату және өзге де отбасылық дәстүрлі шараларды жасағандарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл салынатындығын жергілікті атқарушы билік жариялы түрде ескертуде. Бұдан былай шекті мерзімнен тыс жұмыс жасаған жеке кәсіпкерлерге аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы тарапынан 638 940 теңге мөлшерінде айыппұл салу жұмысы жолға қойылды. Ал жиын-тойлар өткізген жеке тұлғаларға 83 340 теңге айыппұл салынбақ. Алдағы уақытта салынған айыппұлдарды тұлғалар алғашқы 7 күн ішінде 50 процентін, яғни жеке кәсіпкерлер 319 470 теңге, жеке тұлғалар 41 670 теңге төлеу арқылы өтей алады. Ал одан асса, сот шешімімен толық мөлшерде төлеуге тура келеді. Бастама сөз жүзінде қалып жатқан жоқ. Бас-аяғы 2-3 күннің ішінде ауданның бірнеше тұрғынына той өткізгені үшін айыппұл салынған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Сондықтан 20-30 мың теңге пайдаға құнығып, шекті мерзімді елемей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге жоғарыда көрсетілген айыппұл мөлшері оңай ақша болмайын деп тұр. Дұрысы барға қанағат қылып, тәртіпке бас иген абзал. Тойшыл қауымға да бұл мәселе оңай болмас. Той жасау арқылы аталған індеттің таралуына жол ашқан той иелері бұл мәселеде тек айыппұлмен құтылмауы мүмкін. Жағдай қиындаса, қылмыстық іс те қозғалуы бек мүмкін. Дұрысы, ­жеке тұлғалар болсын, кәсіпкерлер болсын, бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды.
Барша аудан тұрғындарын коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуда зор жауапкершілік танытып, енгізілген шектеулерді қатаң сақтауға шақырамыз. Қазіргі жағдайда жақыныңа жанашыр болудың озық үлгісі осы болып тұр. Талаптарды сақтап, індеттің бетін бірге қайтаратынымызға сенеміз.
А.БИСЕНОВ
25 шілде 2020 ж. 406 0