Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАПСЫРМА ТИЯНАҚТЫ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

ТАПСЫРМА ТИЯНАҚТЫ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

Күні кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиынға бөлім және мекеме басшылары шақырылды, ал ауылдық округ әкімдері селекторлық режимде қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде маңызды деген бес мәселе қаралды. Аппарат мәжілісінде бірінші болып аудан әкімінің орынбасары Жұмағұлов Бектемір ауданда коронавирус індетімен күресу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Қазіргі таңда ауданда Covid-19 инфекциясын жұқтырған 120 тұрғын анықталған. Жұқпалы аурулар бөлімшесінде 7 науқас ем қабылдап жатса, 8 тұрғын үй жағдайында емделуде. Бүгінгі күнге дейін 105 адам қауіпті індеттен жазылып шыққан. Ауруханаға кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтардың демеушілігімен оттегі концентраторы аппараты берілуде. Дәріханаларда қажетті дәрілер кедергісіз босатылуда. Қатерлі дертпен ауданда 24 орта және кіші буын медицина қызметкерлері үйлеріне қайтпай күресуде. Хабарламадан аудандағы ахуалдың біршама тұрақталғандығы байқалады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бірінші жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы болды. Аталған мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Рашев Төлеген атқарылған жұмыстармен бөлісті. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша бірнеше сала көрсеткіштері төменгі деңгейді көрсетіп отыр.
Мұнан соң аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Зағатов Нұрбек «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы жайында хабарлама жасады. Аталған бағдарлама шеңберінде ауданда 16 жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында 610 адамды жұмыспен қамту көзделсе, бүгінде бұл меже 94,8 пайызға орындалып отыр.
Жиын барысында аудан әкімі жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылған жұмыстардың мардымсыз екендігін жеткізді. Мәселен, қарапайым заттар экономикасы жобасы бойынша 1 ғана жоба ұсынылған. Бұл сала бойынша жауапты мамандардың жұмысын қатаң сынға алып, кемшіліктерді жою үшін жұмыс жасау қажеттігін ескертті.
Бұдан бөлек, басқосуда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Есжанов Шерхан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасының орындалу барысына тоқталды. Ауылшаруашылығы өнімі жартыжылдық қорытындысы бойынша 102,6 пайызға орындалған. Оның ішінде ет, сүт өндіру көрсеткіштері артқан.
Ауданда 208,5 га жерге егін егілсе, Ақбай ауылындағы өнімдер сатылымға шыға бастады. Сондай-ақ, баға тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік дүкендерде азық-түлік өнімдері төмен бағада босатылуда.
Мәжіліс соңында аудан басшысы бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді қолдануды тапсырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта жылу беру маусымына және жаңа оқу жылына дайындық шараларын күшейтуді аудан әкімінің орынбасарларына жүктеді.
Жиын қорытындысымен жұмыс барысында бірқатар кемшіліктерге жол берген Аралқұм, Бөген, Райым, Мергенсай ауылдық округтерінің әкімдеріне «ескерту», ал Қосжар, Жіңішкеқұм, Қаратерең, Атанши, Жаңақұрылыс, Жетес би ауылдық округ әкімдеріне «сөгіс» берілді. Сондай-ақ, Қамыстыбас, Беларан ауылдық округінің әкімдеріне «қатаң сөгіс» жарияланды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
29 шілде 2020 ж. 356 0