Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДАҒЫ ЖАҒДАЙМЕН ТАНЫСТЫ

АУДАН ӘКІМІ ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДАҒЫ ЖАҒДАЙМЕН ТАНЫСТЫ

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудан орталығынан шалғай орналасқан Беларан, Құланды, Қосаман ауылдық округтерінде болып, қазіргі жағдаймен танысты.
Алдымен елді мекендердегі медициналық бекеттерге барып, дәрігерлердің жұмысына қанық болды. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектер қорының сақталуын тексеріп шықты. Дәрігерлерге алғашқы медициналық көмек үшін қолданылатын қажетті дәрілердің жеткілікті болуын, дәрі тапшылығын болдырмау үшін тиісті шараларды жүргізуді тапсырды.
Аудан басшысы ауыл ақсақалдарымен кездесіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Кездесу барысында пандемияның таралуына байланысты тұрғындарға өз денсаулықтарын сақтау үшін қауіпсіздік ережелерін орындап, үйде оқшауланудың маңыздылығын айтып өтті. Сондай-ақ, карантин талаптарына сәйкес, көпшілік орындарда жиналмауды және той-томалақ сынды дәстүрлі шараларды шектеп, өткізбеуді бұл жөнінде халық арасында кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті.
Құланды, Ақбасты, Қосаман елді мекендеріне жасаған сапары барысында аудан әкімі ауылдағы білім ошақтарында болып, мектептердің жаңа оқу жылына және жылу маусымына дайындық барысымен де танысып өтті. Мектеп директорлары аталған мәселелер бойынша тиісті шаралар өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Айтып өтейік, қазіргі таңда шалғай орналасқан ауылдардағы медициналық бекеттерде тұрғындарға алғашқы көмек үшін қолданылатын дәрі-дәрмек қоры жеткілікті мөлшерде сақталған. Бұл елді мекендерде COVID-19 инфекциясын жұқтырған тұрғындар тіркелмеген. Ал пневмония диагнозы қойылған бірер тұрғын дәрігерлердің бақылауында үйден тиісті ем-дом шараларын қабылдауда.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
30 шілде 2020 ж. 513 0