Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданында теңіздің арғы бетіндегі ауылдарда тұрақты дәрігер жоқ

Арал ауданында теңіздің арғы бетіндегі ауылдарда тұрақты дәрігер жоқ

Арал өңірінде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Коронавирус инфекциясын жұқтырған 120 тұрғынның 114-і дерттен айығып шықты. Қалғандары да аралдық дәрігерлердің тікелей бақылауында. Аудан орталығындағы аурухана, емханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Енді емдік препараттар теңіздің арғы бетіндегі шалғай ауылдардағы медициналық бекеттерге жеткізіліп жатыр. Бірақ қатынас қиын, елді мекендердегі емдеу мекемелеріне берілген жедел жәрдем көліктерінің тозығы жеткен, деп хабарлайды Хабар 24.
Маусымның аяғы мен шілденің басында Арал ауданында пневмониядан 19 адам қайтыс болды. Дәрі-дәрмек тапшылығы айқын сезіліп, жұрт арғысы Алматы, Нұр-Сұлтан бергісі Ақтөбе, Қызылордадан сұрау салып іздеді. Бірақ қазір жағдай реттелді. Медициналық препараттар мен қажетті құрылғылар жеткілікті көлемде әкелініп жатыр.     
«Келесі апта ішінде жеке компания арқылы тағы да 7 оттегі концентраторы келу керек. Жеке кәсіпкердің көмегімен қосымша дәрі-дәрмектер алыну жоспарланып жатыр. Аудан бойынша 20 мобильдік топ құрылды. Барлығында дәрігер, орта буын қызметкерлері қамтамасыз етілген. Аудан әкімдігі көмегімен қосымша автокөліктер бөлінді»,- дейді Арал аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Лаура Әбілдаева.
Аудан орталығынан 350 шақырым жерде орналасқан Құландыда COVID-19 тіркелген жоқ. Дегенмен, басы ауырып, балтыры сыздағандар көбейіпті. Жергілікті медициналық бекетте дәрі қоры жасақталған. Тұрғындардың айтуынша, шалғай болғасын мұнда маман тұрақтамайтын көрінеді. Жұртшылық амбулаторияда тұрақты түрде жұмыс істейтін дәрігер болғанын қалайды.  
«Аяғым мазалап еді, мына балама келіп, система салдырып, демалып жатырмын. Жақсы боламын деп ойлаймын. Жас балдар осы қыстай 4 рет ауысты, осы бала 2-3 ай болды келгеніне төртінші дәрігер. Аудан әкіміне отбасылы дәрігер сұрап жатқаным сол. Бізге тұрақты қарайтын маман керек. Азғантай ауыл болса да ауру-сырқау көп. Үлкендер, жастар ауырады, бәрі ем іздейді. Дәрігер ауадай қажет. Мына бала да жақсы, шақырсақ үйге келеді, уколын салады»,- дейді Құланды ауылының тұрғыны Манат Жұбаназарова.«Жоқ тыныш, COVID-19, пневмония тіркелген жоқ. Қазіргі көбінесе ем алып жатқандар ЖРВИ-мен ем алып жатқандар. Күніне тұмаумен 1-2 адам тіркеліп жатады. Халық жағдайы жақсы. Бәсеңсіді, бұрынғыдай қапылып жатқан жоқ. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Айына өз мөлшерімен әкелінген дәрілер халыққа таратылып, салынып жатыр»,- дейді ауылдық амбулатория фельдшері Ернар Аймырзаев.
Құланды, Ақбасты мен Қосаманнан аудан орталығына жететін жол жоқ. Қыс түсіп, жер бетін қар басқанда қатынас мүлдем үзіледі. Жедел жәрдем көліктері құмды, қатқақ соқпақ-сүрлеумен жүйіткіп, әбден тозған. Оқыс оқиға болып, науқас жағдайы нашарласа ауруханаға жеткізу жағы қиынға соғып тұр.
«Жедел жәрдем көліктерінің нашарлауы бар. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасымен келісім бар, ұсыныс беріп жатырмыз. Ауылдық округ әкімдерінің автокөліктерін біз осы шалғай елді мекендерге бекітіп қойдық. Сол жердегі мобильдік топтармен бірігіп жұмыс жасайды. Егер науқастардың жағдайы күрделене түсетін болса, орталыққа жеткізу мақсатында ауыл әкімдерінің көліктерін пайдаланады. Бірақ қазіргі таңда ауылдардағы жедел жәрдем көліктеріне біз қосалқы бөлшектер алып беріп, алдағы уақытта толық іске қосамыз»,- дейді Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев.  
Ауданда жалпы 100 провизорлық және 40 инфекциялық төсек орын дайындалған. Алыс ауылдардың барлығында кемі бір айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталды.
https://kyzylorda-news.kz/
02 тамыз 2020 ж. 645 0