Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.
Аймақ басшысына облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин мен «Қазсушар» кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Хамит Бейімбетов, Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев және Қармашы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берді.
Былтыр қараша айының соңында Сырдария өзені арнасындағы мұз қату процессі Арал, Қазалы аудандарынан басталып, Қармақшы-Жалағаш аудандарының шекарасына дейін жеткен болатын. Ал Қызылорда қаласы мен өзге аудандарда өзеннің кей жерлерінде ғана мұз қатты.
«Биыл облыс аумағында су тасқыны кезеңі шығынсыз өтті. Дегенмен «От пен су тілсіз жау»,- демекші, алдағы уақытта су тасқына жол бермеуіміз қажет»,- деді облыс әкімі.
Былтыр «Қазсушар» мекемесіне тиесілі Сырдария ауданында орналасқан «Әйтек» су торабының төменгі ағысында су шаюдың нәтижесінде бетон қабырғалары опырылып, ұзындығы шамамен 17 метрдей аумағы зақымдалған болатын. Оны қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 48 млн. теңге бөлінді. Жиын барысында аймақ басшысы «Қазсушар» мекемесінің басшысына су торабының стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтап, қыс мезгілінде қажетті материалдық техникалық қорларды қалыптастыру жөнінде тапсырма берді.
«Нысанды қалпына келтіру бойынша қажетті қаржысы бөлінген. Алдағы мұз жүру кезеңіне дейін су торабынан төмен орналасқан Сырдария, Жалағаш аудандарының елді мекендерін, ондағы егіс алқаптарын су басудан қорғау үшін қалпына келтіру жұмыстары уақытылы аяқталуы тиіс»,-деді Г.Әбдіқалықова.
2020-201 жылдарда ықтимал су тасқынына дайындық шараларын ұйымдастыру мақсатында жұмыс тобы құрылып, Сырдария өзені бойындағы көктемгі мұз жүру кезінде зақымдалған қорғаныс бөгеттері мен су шаруашылығы нысандарының қазіргі жағдайы зерттелді. Нәтижесінде облыс бойынша қалпына келтіруді қажет ететін барлығы 11 нысан анықталды. Қызылорда қаласы бойынша -1, Арал ауданында – 2, Қазалы ауданында – 1, Қармақшы ауданында – 4, Жалағаш ауданында -1, Сырдария ауданында -1, Шиелі ауданында – 1 нысан жөндеуді қажет етеді.
«Ертеңгі күні қапыда қалмас үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып, тасқын су кезеңіне дайындықты күшейтуіміз керек. Осы ретте, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне ағымдағы жылғы 1-ші қазанға дейін қажетті резервтегі қаржы көлемдері, жанар-жағармай, қап қорлары, су басу аймақтарындағы қауіпті учаскелерге бекітілген мекемелер, олардағы техника мен адам саны, эвакуациялық жинақтау және қабылдау пунктері,материалдық-техникалық қорларын толықтай қалыптастырып,аяқтауды тапсырамын»,-деді Г.Әбдіқалықова.
Сондай-ақ Сырдария өзенінің бойындағы әрбір қауіпті учаскелерге бекітілген арнайы техникалары бар жауапты мекемелердің дария бойы кезекшілігін ұйымдастыруды және су басу қаупі бар аумақтардағы тұрғындарға дер кезінде хабарлама беру, мал-мүліктерін қауіпсіз жерлерге көшіру дайындықтары бойынша жұмыстар жүргізу жөнінде тапсырма берді.
Сонымен қатар аймақ басшысы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жоюға тартылатын күштер мен құралдардың, апаттық-құтқару қызметтерінің су тасқынының алдын алу кезеңіне дайын болуды, «Казгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесінің Қызылорда филиалына 15 қазаннан бастап ауа-райы болжамы және облыс шекарасындағы су бекетінен өтіп жатқан су көлемі жөнінде нақты мәлімет беріп отыруды тапсырды.
kyzylorda-news.kz
06 тамыз 2020 ж. 437 0