Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қала тазалығы өз қолымызда

Қала тазалығы өз қолымызда

Елімізде жыл сайын 5 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық жиналып, оның тек 15 пайызы ғана өңделеді. Мұның бәрі қоршаған ортаны одан әрі күрделендіре түсетіні даусыз. Түрлі рейдтер мен салынған айыппұлдар, экологиялық айлықтар нәтижесінің мардымсыздығынан елді мекендер маңындағы бей-берекет қоқыс үйіндісі мәселелері шешілмеуде. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Экология министрлігі тарапынан жүйелі жұмыс жасалуы қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі аурулардың көптеген түрінің қоршаған ортадағы келеңсіз өзгерістермен тікелей және жанама түрде байланысты болғанымен, халықтың науқастануының экологиялық факторлары мен себеп-салдарына әзірге елімізде жеткілікті деңгейде назар аударылмай отырғандығын, соған орай халық арасында жүргізілетін маңызды мәселе экологиялық сауатсыздықты жою екендігін баса айтты.
Жыл өткен сайын көлемі ұлғайған Арал қаласының көшелері түрлі нысандармен, зәулім тұрғын үйлермен көріктене түсуде. Ал сап түзеген сәнді ғимараттар мен үйлердің маңы лас-қоқысқа толса, тұрғындар елге елеулі азаматтардың есімін иеленген көшелердің тазалығына немқұрайлы қараса, тіршілік қамы үшін кәсіппен айналысып, халыққа қызмет көрсетіп отырған азаматтар көпшілік келетін орындардың тазалығына мән бермесе, қаншама жандардың уақытпен санаспай еккен талдары мен көшеге көрік берген гүлзарларды малдар таптаса, қаладан ажар таятыны белгілі. Санамыздағы «Қала тазалығы – қала тазалығын сақтайтын мекемелердің шаруасы» деген ойдан арылатын уақыттың жеткенін дәл қазіргідей қиын шақта түсінгеніміз жөн. Ұзақ уақыт үйде болып, азық-түлік пен дәрі-дәрмек алуға немесе кешкі мезгілде таза ауа жұтуға далаға шыққаныңызда, өзіңіз тастаған лас-қоқыстың иісіне тұншықсаңыз не болады? Мұндай әрекетпен жақынымызға, бір-бірімізге қалай жанашыр боламыз?
Сауал көп, алайда осы сауалды өзіне қоятындар аз. Мәселеге орай тиісті мекеме өкілдерін сөйлетіп көрдік.
 «Арал тынысы» ЖШС директоры М.Балсүгіров:
– Коммуналдық автотехниканың көмегімен қала көшелерін қатқыл лас-қоқыстардан, қыс айында қардан, көктемде қар, жаңбыр суларынан тапсырысқа сәйкес, қала халқының, мекемелердің қоқыстары мен лас суларын тазалаумен айналысудамыз. Жыл басынан бері тұрғындардан 5800 текше метр лас-қоқыс, 1730 текше метр лас су тазартылды. Көше бойынан 4107 текше метр жиналған қатқыл лас-қоқыстармен қатар, мекемелерден 1363 текше метр лас-қоқыс шығарылды. Тазалық жұмысының оңай атқарылмайтыны белгілі. Осы істерді атқаруда мекемеде ұзақ жылдардан бері аянбай тер төгіп келе жатқан жұмысшылар мен механизаторлардың еңбегі зор. Автокөлік жүргізушілері Б.Бимағанбетов, Ж.Айтенов, Б.Малбасаров, автопогрузчик жүргізуші Н.Өксікбаев, жұмысшылар С.Төреев, Қ.Құлжұмыровтың еңбегін атап өткен орынды. Бір мәселе, қазіргі уақытта пайдалануда жүрген автотехниканың көбісі көнерген, – дейді.
Айтса айтқандай, қыстың аязы мен боранында, жаздың аптабында, жауын-шашында техниканың жарамды болғанына не жетсін. Ондай кездері тұрғындар тарапынан да түсінбеушіліктің  орын алмайтыны анық.
Ал Арал қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы Б.Әнесов «Қазіргі уақытта қоғамдық ақылы негізде жүзден астам жұмысшы қаладағы жасыл желектерді суарумен бірге көшелерді тазалау ісімен де айналысуда. Бірақ тазаланған жерді қайта ластау, яғни қоқыс тастау тыйылмай тұр. Арнайы тексерулер барысында көше тазалығын бұзған азаматтар анықталып, оларға бірінші кезекте «ескерту» беріліп, қайталанған жағдайда әкімшілік жазаға тартылатындығы жөнінде айтылуда. Сонымен қатар «Арал қаласы әкімі аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен «Ақ-Нар-Транс Сервис» ЖШС арасындағы қала көшелерінде қараусыз жүрген үй жануарларын уақытша ұстау орнын белгілеу жөніндегі меморандумға сәйкес, қала әкімшілігі жергілікті полиция қызметімен бірлесіп жоғарыда аталған мал иелеріне ҚР ӘҚБтК-не сай әкімшілік шара қолдану жұмыстарын жүргізуде» дейді.
Арал ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің мәліметінше, биылғы жылдың 7 айында қала тазалығын сақтамаған 523 құқық бұзушыға жалпы 3 573 897 теңге айыппұл салынып, 351 құқық бұзушыға ескерту шарасы көрілген.
«Қала көшелерін, сорлы аумақтарды қанша тазартқанмен, қала тұрғындары кафе, дүкендерінен шыққан қалдықтарды қаланың кез келген жеріне, тіпті көше бойы мен қиылыстарына, қала сыртына тастауды әдетке айналдырған. Қала сырты толған неше түрлі қалдықтар, босаған шынылар мен қалбырлар, тіпті жарамсыз тұрмыстық заттарды да тастаған. Біріншіден, қала тұрғындарын, дүкен, кафе иелерін тиісті органдар тәртіпке шақырып, қажет болса айыппұл салып, газет бетіне аты-жөндері мен қызмет орындарын көрсете отырып жарияласа дейміз. Сөйтіп, бір тыйым бермесе, толастар түрі жоқ. Екіншіден, қала ішінде кезіп жүрген  түйе мен сиыр малдарының иелері жоқ па екен? Еңбекпен егілген гүлзарларды таптап, талдарды жеп, сындырып кетуде. Гүл егілген әрбір алаңға күндіз-түні күзет қойылуда. Мал иелерін тауып, тиісті шаралар көріліп, қамап, айыппұл салатын уақыт жеткен сияқты» деген М.Балсүгіровтің пікірін қаладағы  З.Шүкіров көшесінің көше комитетінің төрайымы Г.Төлебаева да қоштады. «Ең сорақысы, тұрғындар  өз ауласынан шығарған қоқысты көршісінің үйінің алды-артына төге салуды әдетке айналдырып алды. Көшенің шетінде тұратын көршімнің  үйінің жанына апта сайын қоқыс әкеліп тастайды. Түн қатқан ұрыдай мезгілсіз уақытта жортатындарды қашанғы аңдып отырады. Амал жоқ, өздері тазалауда. Бала-шағаға қандай үлгі көрсетіп отырмыз?! Айтылудан кенде емес. Жалғыз амал – айыппұл салу» дейді ол.
Жағымды бір жаңалық, «Birgemiz: TazaAlem»  жалпыұлттық жобасы аясында «ЖасҰлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған экологиялық жобалар конкурсында Арал ауданының бастамашыл тобының ұсынысымен дайындалған «Таза қала» жобасы 300 000 теңге шағын грантқа ие болды. Экологиялық ағарту жұмыстарын насихаттайтын еріктілер тобына жасөспірімдер мен жастарды тарту арқылы өскелең ұрпақтың экологиялық сауаттылығын арттыруды мақсат еткен жобаның жетекшісі Қ.Махамбетова атқарылар жұмыстар жөнінде:
– Басты міндетіміз – қала тұрғындарына тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау тәсілін үйрете отырып, қалдықтарды тастаудың мәдениетін қалыптастыруды және қаламыздағы сұрыптап тасталатын қоқыс жәшіктерін қолдануды насихаттау. Осыған орай, арнайы семинарлар мен сабақтар өткізу арқылы еріктілер тобының мүшелеріне ерікті болудың негізгі мақсаты мен міндеттері түсіндіріледі. Жоба іске асырылатын көшелерге экологиялық ағарту жұмыстарын насихаттайтын билбордтар дайындалып ілініп, көше тұрғындарына экологиялық ағарту жұмыстары жүргізіледі. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау туралы арнайы бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілерде және көше тұрғындарына таратылады. Көше тұрғындарымен  бірлесе арнайы экологиялық акциялар ұйымдастырылады, – дейді.
Жастар осындай жаңашыл бастаманы қолға алғанда баршамыз қолдау білдіріп, бір көшенің тұрғындарындай білек сыбана кіріссек, ортақ үйіміз ажарлана түсер еді.
11 тамыз 2020 ж. 1 038 0