Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандағы ахуал қалыпқа түсті

Аудандағы ахуал қалыпқа түсті

Бір айдан астам уақытқа созылған шектеу шаралары өз нәтижесін көрсетті. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметінше, елімізде коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтап, жағдай айтарлықтай жақсарған. Облыста індетке шалдыққан науқастардың 80 пайызы ауруынан айығып шықты. Ал аудандағы ахуалға келсек...
«Өзі саққа Құдай жақ»
«Мен ұзақ жыл мал шаруашылығы саласында еңбек еткен зейнеткер анамын. Ұл-қыздарым жан-жақта. Карантин кезінде көпшілік жиналатын шараларға тыйым салынғанымен, «Олар менің балаларымның қуанышына келіп еді» деп шақырған тойлардан қалмай жүрдім, садақаларға да бардым. Бірақ шілде айының ортасында кезекті тойдан келгеннен кейін қалпақтай ұшып ауырдым. Созылмалы ауруларым, оның ішінде қант диабетім де бар еді. Қара терге түсіп, әлсірегенім соншалық, орнымнан қозғала алмай қалдым. Балаларым «жедел жәрдем» шақыртты. Көп уақыт өтпей-ақ, жедел бригада келгенде олардың үстіндегі қорғаныш киімдерінен қорқып, «Дәрі-дәрмек беріп кетіңдер, үйде емделейін» дедім әліме қарамай.  Бірақ тәжірибелі дәрігер Зәмзагүл Толыбайқызының «Апа-ау, сіз секілді ауырған адамдар аз ғана уақытта жазылып шығып жатыр. Созылмалы ауруларыңызға да ем аласыз. Дәрі-дәрмек жеткілікті» деген сөзі үлкен күш берді. Сөйтіп ауруханада бір аптадай ем алдым. Шүкір, өз-өзіме келіп, тәуір болып шықтым. Одан бері дәрігерлердің тағайындаған емі мен кеңестерін бұлжытпай орындаудамын. Қиналған сәтімде жылы сөздерімен демеп, емдеген жедел жәрдем бөлімшесі мен аурухананың барлық қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. «Өзі саққа Құдай жақ» дегендей, аудан халқына белгіленген санитарлық тәртіпті сақтап, бір-бірлеріңе жанашыр бола біліңдер дегім келеді» деді, редакцияға қоңырау соққан Марал ана.
Бұл – бір адамның ғана алғысы, пікірі. Иә, көп адам кезінде бейқам қарады. Алайда, қазір көпшілік түсінгендей. Енді босаңсуға болмайды.
Жедел жәрдем шақырушылар азайды
Қырық жылға жуық уақыттан бері денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқан Зәмзагүл Ұйқасова бұл індеттің халыққа қиын тигендігін, әсіресе маусым, шілде айларында жедел жәрдем көмегіне жүгінгендердің өте көп болғандығын айтты. Күшейтілген кесте бойынша жұмыс істеген бөлімше қызметкерлері 3 бригадамен тәулігіне 80-90 шақыртуларға дейін барған. Ауырғандардың басым бөлігін егде жастағы адамдар құрап, пневмония мен асқыну жағдайлары  көп болған. Сондай-ақ қант диабеті, қан қысымы, жүректің ишемиялық аурулары және екіқабат әйелдер мен балалардың ауруларына да шақыртулар жиі түскен.
 – Жедел жәрдем қызметкерлері қала аумағымен ғана шектелмей, сонау Ырғызға дейінгі жол бойында болған жағдайларға да көмекке барады. Сондай-ақ Сексеуіл кентінен келетін науқастарды ауруханаға дейін жеткізіп, Жақсықылыш халқының шақыртуларына да жедел жетуге тырысады. Ал жаһанға жайылған індетке байланысты елімізде төтенше жағдай мен карантин жарияланған кезден бастап, уақытпен санаспай еңбек еттік. Коронавирустық инфекцияны диагностикалау және емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес, пациенттерге жедел көмек көрсету алгоритміне сай қызмет көрсету кезінде бірінші кезекте науқастың жалпы жай-күйі, ентігуінің бар болуы, минутына тыныс алу жиілігі, дене қызуы және қанының оттегімен қанығуын бақылауға алдық. Ауырған адамдарда ауыр немесе орташа ауыр ағымы, сондай-ақ қауіп факторы бар, яғни жасы 60-тан асқан, қант диабеті, өкпенің созылмалы аурулары сияқты аурулары болған кезде одан ары емдеу үшін стационарға жеткізіліп отырды. Қызметкерлер қажетті жабдықтармен және қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілді. Медицина қызметкерлерін ынталандыру және қолдауға арналған қосымша төлемдер де төленді, – дейді.
Бүгінде жағдай бірқалыпқа түсті. Жедел жәрдемге түсетін қоңыраулар саябырсыды. Қазір қызметкерлер бұрынғы жұмыс кестесіне оралып келеді.  Ауырған адамға алғашқы көмек көрсетуді басты міндет деп санайтын дәрігерлер мен фельдшерлердің, тазалықшы, механик және көлік жүргізушілерінің бірлесе атқарған еңбектерінің нәтижесінде жедел көмек иелеріне көпшілік  тарапынан айтылар жылы лебіздер үзілген емес.
Тегін дәрі-дәрмек беріледі
«Не жоқ болса, сол – зәру, не зәру болса, сол – дәру» демекші, індет дендеген шақта дәрі-дәрмек те біршама уақыт тапшы болды. Қадағалаудың пәрменділігімен іздеген дәрі-дәрмекке де  қол жеткіздік. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мына бір жаңалығы халыққа пайдалы болды. Егер сырқаттанып, вирус жұқтыру бойынша күдіктенсеңіз, өзіңіз тіркелген емханаға барып қаралу керек. Вирус жұқтырғаныңыз анықталса, бұрынғыдай дәріхана жағалап жүрмейсіз. Өйткені, қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті және ақысыз беріледі. Провизорлық орталықтарда дәрі-дәрмектермен толықтыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Қазіргі уақытта коронавируспен және КВИ-ға ұқсас белгілері бар пневмониямен сырқаттанған науқастар үшін алдын ала бір айлық қорға есептелінген препараттар сатып алынған және еліміздің өңірлеріне 8,7 миллиард теңге болатын 91 түрлі дәрі-дәрмек жөнелтілген.
Бұл жаңалыққа байланысты Арал ауданаралық ауруханасының дәрігер сарапшысы Б.Сүйінова:
– Қазіргі COVID-19 коронавирустық инфекциясымен  үй жағдайында ем қабылдап жатқан науқастарға, соның ішінде ересектерге парацетамол, ибупрофен және ривароксабан таблеткалары босатылса, «Ауруханадан тыс пневмония» нозологиясының жеңіл және орташа ауырлық дәрежесінде амоксициллин, азитромицин дәрілік заттары тегін қарастырылған. Аудандық клиникалық-диагностикалық емханасында орналастырылған арнайы дәріханадан дәрінің таратылу жұмыстары ұйымдастырылды. Науқас ең алдымен тұрғылықты емханасындағы дәрігерінің қабылдауында болып, ұсынылған зертханалық-диагностикалық шаралардан толық өткеннен кейін, диагнозына байланысты емі тағайындалып, рецепт дәрігердің қолтаңбасы және мөрі арқылы клиникалық-диагностикалық емханасындағы арнайы дәріханадан тегін босатылады. Ал стационарлық жағдайда ем қабылдап жатқан науқастарға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметтің сапасы бойынша біріккен комиссияның 15.07.2020 жылғы №106 «COVID-19 коронавирустық инфекция» клиникалық хаттамасында көрсетілген препараттармен ем жүргізіледі, – дейді.
Білікті дәрігер-сарапшы хаттамада көрсетілген әрбір дәрілік затты саралап түсіндіріп, нәтижесімен де бөлісті.
Қайталанған дерт жаман
Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерттің таралуына байланысты денсаулық сақтау саласына көп ауыртпалық түскені белгілі. Бірақ бірліктің арқасында қарсы тұра білдік.
Арал ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Қ.Үмбетов аудандағы ахуал жайлы айтып берді.
– «Індет айтып келмейді» демекші, жаһанды шарлаған коронавирусты алғашында елемегенімізбен, басымыздан өткергеннен кейін, сақтану шараларын жасадық. Ауданда алғаш рет наурыз айында коронавирус инфекциясына дайындық жұмысы жүргізіліп, 100 провизорлық және 20 инфекциялық төсек орын ұйымдастырылды. Коронавирус инфекциясы анықталған 129 науқас тіркеліп, аудандық жұқпалы аурулар бөлімшесінде 55 адам ем алды. Провизорлық бөлімшеге 278 науқас қабылданып, емделіп шықты. Қазір солардың арасынан тек 14 адам ем алуда. Инфекциялық стационарда науқастар жоқ. Инфекциямен күресте медицина қызметкерлері заңдылыққа сәйкес қосымша үстеме ақысын уақытылы алып отырды. Қиын кезде медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қол ұшын созған ел азаматтарына алғысымыз шексіз. Міне, осы аптада ауруханаға «Аралтұз» АҚ мен «Аралсода» ЖШС-ның демеушілігімен ауданның провизорлық стационарларының қажеттіліктері анықталып, керекті медициналық құралдар мен материалдары алынды. Елімізде жарияланған төтенше жағдай мен шектеу шаралары айтарлықтай нәтижесін берді. Медицина қызметкерлері де біршама тәжірибе жинақтады. «Қайталанған дерт жаман» дегендей, санитарлық талаптарды орындағанда, қатаң сақтағанда ғана бұл індетті жеңеміз, – деді.
Алдағы аптадан бастап карантин уақыты аяқталып, елімізде коронавирус инфекциясына байланысты енгізілген карантин шаралары жеңілдетіледі. Бірақ өткеннен сабақ алып, талаптарды қатаң сақтаған жөн.
18 тамыз 2020 ж. 564 0