Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өткізілді

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өткізілді

Кеше аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұловтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізілді.

Комиссия отырысында аудан әкімінің орынбасары Арал аудандық мәслихатының 2020 жылғы 12 қараша күнгі №414 шешіміне сәйкес комиссия құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгендігін тілге тиек етіп, комиссия мүшелігіне аудандық полиция бөлімінің бірінші орынбасары Н.Шегебаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғ.Тоғысова, Арал қаласы бойынша мүмкіндіктері шектеулі мүгедектерді қорғау және қолдау қоғамдық бірлестігінің президенті И.Жұмашева енгізіліп отырғанын хабарлады.

Күн тәртібінде өзекті деген бірнеше мәселе қаралды.
Алдымен аудандық білім бөлімінің бас маманы Ғ.Сейітова білім беру нысандарында ерекше тәртіп бойынша өрт-техникалық тексерулер жүргізу барысында анықталған кемшіліктерді жою және тиісті қаражат бөлу, есепте тұрған, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру және кешкі және түнгі беймезгіл жүрістерін ырықтау, олардың тарапынан қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын-алу шараларының жүргізілуі мен мектеп психологтары жұмыстарының сапасын арттыру бойынша қабылданған шаралар туралы өз баяндамасында кеңінен тоқталып өтті.

Одан соң кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылық жағдайының көрсеткіштерін талдау және профилактикалық шараларды күшейту, балалардың жол көлігі жарақатының алдын-алу профилактикасы бойынша аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторы Д.Жолмырзаевтың хабарламасы тыңдалды.

Комиссия отырысында білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін арттыру және өрт болған жағдайдағы іс-әрекет жайы да назардан тыс қалмады. Бұл жөнінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы М.Жиенбаев сөз алып, өрт болған жағдайда балалардың іс-әрекеті мен жүріс-тұрыс ережелері туралы толыққанды баяндап өтті.

Мұнан соң Арал ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Л.Әділбаева суицидтік мінез-құлқы бар «тәуекел тобындағы» балалармен жасөспірімдерге көмек көрсету кезінде білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының өзара іс-қимыл алгоритмінің іске асырылуы мен балалар мен жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алу профилактикасы жайын хабарласа, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Т.Әлжанов жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және оларды спорттық секцияларға тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Отырыста қаралған мәселелерге орай комиссия мүшелері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында комиссия төрағасы Бектемір Жұмағұлов кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жат әдет-қылықтардын аулақ болуы, қажетті деңгейде білім мен тәрбие алуы, олардың құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

25 қараша 2020 ж. 818 0