Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Атқарылған жұмыс сараланып, алдағы меже айқындалды

Атқарылған жұмыс сараланып, алдағы меже айқындалды

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өткен сәрсенбі, бейсенбі күндері салалық орынбасарлары мен Қызылорда қаласы және аудан әкімдерін, басқарма басшыларын қабылдап, биыл атқарылған жұмыс пен алдағы жылға арналған жоспарлар жайын талқылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орынбасары Бақыт Жахановты қабылдап, жыл бойғы жұмыстарды саралады.
Жалпы 2012-2020 жылдар нәтижесімен 670,1 мың гектар ауыл шаруашылығы жері сауда-саттық жолымен және мемлекеттік бағдарламалар арқылы айналымға енгізілді. 2020 жылға облыс бойынша 60 мың гектар жерді қосымша ауыл шаруашылығы айналымына алу жоспарланған. Аталған жұмыстарға жергілікті бюджеттен 36,2 млн теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде осы жылы 66,3 мың гектар  жер табысталған.
Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында бүгінгі күні облыста 99678 азамат кезекте тұр, оның ішінде 60661 адам Қызылорда қаласының еншісінде. 2014-2019 жылдары барлығы 10741 учаске берілсе, биыл 1469 жер учаскесі тұрғындарға табысталған.
Осы жылы мақсаты бойынша пайдаланылмаған не заңнаманы бұза отырып пайдаланылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі 11193,5 гектарды құрайтын 48 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.
Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов агроөнеркәсіптік кешенінің негізгі индикаторларының орындалу барысын да сөз етті. Есепті кезеңде 136,0 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 1,4%-ке артқан. Ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция 10,7 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есеге өскен. Сондай-ақ, тамақ өнімдерін өндіруде негізгі капиталға 1,2 млрд теңге инвестиция салынып, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,6 есеге ұлғайса, осы жылдың 10 айында облыстан 29,1 млн долларды құрайтын 87,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылмен салыстырғанда 114,0 процент өсім алған.
Биыл 551 мың тоннадан астам күріш жиналды. Сонымен қатар, есепті кезеңде 33,8 мың тонна ет, 81,3 мың тонна сүт және 6,9 млн дана жұмыртқа өндіріліп, 2019 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда ет өндірісі 2,6 және сүт өндірісі 2,6%-ке артты.  Осы жылдың қаңтар-қараша айларында ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция 10,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылдан 1,6 есеге ұлғайған.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­масы бойынша аумақтарды дамыту бағ­дарламасына сәйкес қалдықтарды басқару бағытында негізгі 2 нысаналы индикатор белгіленген. Қалдықтардың өңдеу үлесін арттыру бағытындағы алғашқы индикатор бойынша жоспар 18% орындалған. 2020 жылы жинақталған 117 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың  21 мың тоннасы өңделген.
Екінші индикатор негізінде экология­лық және санитариялық талапқа сай келетін полигондар үлесі 4,82 % жеткізілген.
Қызылорда облысының ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша алдағы 5 жыл ішінде 213,1 мың гектар жерге 177,5 млн дана ағаш егілмек.
Кездесуде облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының осы жылы атқарған жұмыстары да талқыланды. Биыл 77,5 млрд теңгенің 1517 сатып алу конкурсы өткізіліп, нәтижесімен 4,6 млрд. теңге үнемделген.
Кездесуде ветеринария саласында атқарылған жұмыстар да сараланды. Облыс көлемінде ауру ошақтарын бол­дырмау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында   2020 жылы аса қауіпті 15 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы республикалық бюджет есебінен бөлінген 5641,1 мың доза ветеринариялық препараттар уақытылы тасымалданып жеткізілді. Эпизоотиялық іс-шараларды орындауға  984,6 млн теңге қаржы бөлінді. Бекітілген жоспарға сәйкес, алдын ала вакцина егу және диагностикалық зерттеу іс-шаралары жүр­гізіліп, бөлінген қаржы толық игерілді.
***
Бақыт Жахановты қабылдауда өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де сараланды. Кездесу облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік бағыттағы негізгі индикаторлардың орындалуы бойынша да есеп берді. Сондай-ақ, алдағы 2021 жылға арналған әлеуметтік басым бағыттағы жоспарлар тарқатылды.
Жыл ішінде негізгі әлеуметтік саланың бірі – білім беруде мемлекеттік бағдарламалардағы көрсеткіштер толық орындалған. Айталық, 1-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту жоспары 81 процентке құрауы керек болса, 11 айдағы нәтиже 84,9%-ке жеткен. Ал, 3-6 жастағы балаларды қамту 100 % орындалған. Биыл 70 орынға арналған 3 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылды. Ал, 2021 жылға қарай 1500 орынды құрайтын 18 жеке балабақша, 610 орындық 34 қосымша топ ашу межесі тұр.
Биыл өңірдегі 3 апатты мектепті жою бағытында жаңа 140 орындық бір мектеп пайдалануға беріліп, 600 орындық мектеп құрылысы іске асуда. Жеке мектептердің үлесі артып, 500 орындық жаңа «Зерде» мектебі ашылды. Сонымен бірге 2021 жылы  Арал ауданы, Сексеуіл кентінде 300 орындық, Жаңақорған ауданы, Майбекет мөлтек ауданында 300 орындық мектеп ел игілігіне беріледі. Мұнан бөлек, келесі жылы Арал қаласындағы №71 мектептің құрылысы басталады. Ал, Қызылорда қаласынан «Бәйтерек» шағын ауданынан 600 орындық, жеке инвестор есебінен «Сая­хат» шағын ауданынан 300 орындық мектеп құрылысы іске асуда.
Арнайы Жол картасы арқылы өңірде бір жыл ішінде 48 балабақша мен 43 мектепте инклюзивті кабинеттер ашылған.
Денсаулық сақтау саласында да негізгі көрсеткіштерді орындау межесі 4 индикатор бойынша қорытындыланды. Аймақтық даму жоспарында өмір сүрудің орташа күтілетін ұзақтығы, ана, сәби және жалпы өлім-жітім көрсеткіштері талқыланды.
Денсаулық сақтау саласын дамыту­дың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада 15 индикатор бекітілген. Өңірде дәрігерлердің орташа айлық жалақысының көрсеткіші индикаторға сәйкес жүргізілген. 12 нысаналы индикаторға қол жеткізіліп, 2 индикаторға қол жеткізілмеді. Одан бөлек, 2020 жылдың 11 айымен медициналық ұйымдардың медициналық техникамен жарақтандыру көрсеткіші жыл қорытындысымен орындалады. Мұнан бөлек, 5 жасқа дейінгі балалар өлімінің коэффициенті 11,1 және неонатальды өлім көрсеткіші 6,9 межесін көрсетіп отыр.
Аймақта халықты жұмыспен қамтудың белсенді шаралары нәтижесінде бүгінгі күні 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, оның 14 мыңы тұрақты жұмыс көзін құрады. Сонымен бірге «Еңбек» бағдарламасына 35 мыңнан астам азамат тартылған. Ал, дағдарысқа қарсы шара ретінде қабылданған 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамту Жол картасы» аясында 291 жоба іске асырылып, 9944 адам еңбекпен қамтылған. Бағдарлама аяқталғаннан кейін жаңа нысандардың құрылысы арқылы 452 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Өтпелі қиындықтарға қарамастан өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталуда.
Өңірде жұмыс берушілердің сұра­нысына сәйкес қысқа мерзімді оқыту бойынша 1036 жұмыссыз азамат жолданса, «Бастау-бизнес» жобасы шеңберінде «Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» курсын 2181 азамат аяқтап, 823 адам шағын несие алды. Ал, 4692 адам жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қажетті мемлекеттік грант алып, өз кәсібін ашты.
Қызылорда аймағында мүгедек адамдардың құқығын қорғау мен өмір сүру сапасын жақсартуға арналған 2025 жылға дейінгі 10 бағыт, 66 іс-шараны қамтитын «Жол картасы» қабылданды. Бұл ретте бөлінген қаражат нәтижесінде облыс бойынша жеке оңалту бағдарламасының орындалуы 83,6 процентке жетіп, облыс рес­публика бойынша 6-орынға шықты.
Еңбек заңдылығын сақтау бойын­ша тиісті тексеріс жұмыстары да қоры­тындылануда. 2020 жылғы 11 айда ықпал ету шаралары нәтижесінде 18 кәсіпорынның 4634 жұмыскеріне 616,7 млн теңге жалақы қарызы төленді.
2019 жылғы кезеңді салыстырғанда осы жылғы 11 айда жазатайым оқиғалар саны 34%-ке, зардап шеккен адамдар саны 16%-ке, қаза болған адамдар саны 61% -ке азайған.
Кездесу соңында облыс әкімі негізгі тірек салаларды дамыту бағытындағы жұ­мыс­тарды жалғастыруды және 2021 жылы іске асатын жобаларды қарқынды түрде жүргізіп, халықты жұмыспен қамтуда белсенді шаралар қабылдауды тапсырды.
***
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орынбасары Серік Сүлейменов жетекшілік жасайтын салалар бойынша жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың есебін және алдағы жоспарларды тыңдады.
Атап айтсақ, 2021 жылға барлық қаржыландыру көздерінен құрылыс жұмыстарына бюджеттен 18,7 млрд теңге бекітілді. Мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік саладағы 15 нысанның құрылысына 7,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, 2021 жылы 12 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарлануда.
Облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі арасындағы Меморандумға сәйкес 2020 жылы пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің жалпы ауданы 591,5 мың шаршы метр болып белгіленді. Нәтижесінде көрсеткіш 100%-ке орындалды.
2021 жылға «Нұрлы жер» мем­лекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына және инженерлік-комму­никациялық инфрақұрылымды дамытуға бюджет есебінен 10,5 млрд теңге бөлінді. 1572 пәтерлік 76 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарда тұр.
Осы жылдың желтоқсандағы мәлі­меті бойынша бюджет және жеке инвестициялар есебінен салынатын 487 нысанға құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған. Оның 211-і Қызылорда қала­сында, 276-сы аудандарда орналасқан.
Құрылыс сапасына бақылау кү­шейтіліп, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша 97 жоспардан тыс тексерулер ұйымдастырылып, анықталған ақаулар мен кемшіліктерді жою жөнінде 25 нұсқама берілді. 172 нысанға қатысты әкімшілік шара көрілген.
Сонымен қатар, биыл құрылыс объектілеріне бару арқылы профилак­тикалық сипатта жүргізілетін тексеру жоспарына 85 кәсіпкерлік субъектісі енгізілген болатын.
Есепті мерзімде сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты жалпы 172 әкімшілік іс қозғалып, кінәлілерге 49 млн 622 мың теңге айыппұл салу жазасы қолданылды.
«Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған  Жол картасы» әзірленді. Оған облыстық және аудандық маңызы бар 73 жоба енгізілген. Оның ішінде құрылыс және қайта жаңарту бойынша 14 жоба, күрделі және орташа жөндеу – 36 жоба, көпір өткелдерін жөндеу – 23 жоба. Сонымен қатар жол картасында Қызылорда қаласы мен 7 ауданның орталықтары және елді мекендер көшелерін жөндеуден өткізу жұмыстары да қарастырылған. 2021 жылы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық көрсеткішін 75%-ке жеткізу жоспарланып отыр. Осы индикаторлық көрсет­кішке жету мақсатында «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – ел бесігі», «Кіші қалаларды дамыту (моно)»  бағдарламалары аясында республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Әуе, автомобиль, темір жол көлігі салалары бойынша да үлкен қозғалыс бар.
Кездесу барысында халықты орталық­тандырылған сумен қамта­масыз етуге қатысты да есеп берілді. Тұрғындардың 97,5%-ті орталық­танды­рылған сумен жаб­дық­талған. Биыл бұл көрсеткіш 98%-ке жет­пек. Сондай-ақ, 2021 жылы Төретам кен­тінде су құбыры желілерін салу жобасы іске асырылады. Оның құны – 160 млн. теңге.
2020 жылдың соңына Қызылорда қаласы және қала маңындағы елді мекен­дердің бір бөлігі (Тасбөгет, Қызылжарма, Талсуат, Белкөл, Қарауылтөбе, Досан), 5 аудан орталығы (Арал, Әйтеке би, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған) және Байқоңыр қаласы, 5 ауылдық елді мекен (Арал ауданы – Жақсықылыш кенті, Қазалы ауданы Ғ.Мұратбаев ауылы, Шиелі ау­да­нының – Жақаев, Бидайкөл, Байсын ауылдары) табиғи газбен қамтамасыз етілді. Табиғи газға қол жеткізе алатын халықтың үлесі 63% құрады.
Сонымен қатар, 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында жалпы халық саны 59 мың адамнан асатын 10 елді мекенді газбен жабдықтау қолға алынады.
Облыс бойынша 1812 қосалқы станция және 9834,74 шақырым түрлі кернеулі электр желілері бар. 2020 жылы республикалық және облыстық бюджеттен 3 млрд 53 млн теңге бөлініп, 2 қосалқы станция және 100 км электр желілері қайта құрылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыстың электрмен жабдықтау желілерінің тозуы 71% – тен 69% – ке дейін төмендеді.
2021 жылы Қызылорда қаласында облыстық бюджет есебінен 4 қо­салқы станцияны қайта жаңарту жос­парлануда.
Облыста 204,5 шақырым жылу желілері бар. «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында 2020 жылы 7,8 км жылу желілері қайта жаңартылды, нәтижесінде жылу желілерінің тозуы 42%-тен 39%-ке дейін төмендеді. 2021 жылы 4 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 6,5 км жылу желілерін қайта құру жүргізіледі.
2020 жылы 34 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге республикалық бюджеттен 2,0 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді (32 – Қызылорда қаласында, 1 – Жаңақорған ауданында және 1 – Шиелі ауданында). Нәтижесінде облыс бойынша кондоминиум объектілерінің үлесі 51,1%-ке 47,2%-ке дейін төмендеді.
***
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сондай-ақ қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевты қабылдап, облыс орталығында атқарылған жұмыстар туралы есебін тыңдады.
Биыл қалада өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 440,2 млрд теңгеге жетіп, негізгі капиталға салынған инвестиция 110,9%-ке орындалып, 128,4 млрд. теңгені құрады. Облысқа салынған инвестицияның 53,6 проценті Қызылорда қаласының үлесінде.
Индустриялық-инновациялық даму­дың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай қалада өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген жалпы құны 67,5 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске қосылғанда  1000-нан аса қызылордалық жұмыспен қамтылатын болады – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
«Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы негізінде бүгінгі таңда жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын 139 жоба қаржыландырылса, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру бағыты бо­йынша комиссия шешімімен құны 56,5 млн. теңге болатын 30 адамның жобасы қолдау тапқан.
«Қарапайым заттар экономикасын дамыту» жеңілдікпен несиелеу арқылы құны 968,3 млн теңгені құрайтын 13 жоба қаржыландырылған.
Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында қала бюджетіне 10 млрд 889,7 млн теңге бөлініп, 55 жоба қаржыландырыл­ған. Нәтижесінде бірнеше мәдениет, білім нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, «Тағзым» мемориалы, «Сыр Ана» мону­менті, «Темір жол» паркі, Назарбаев даңғылы абаттандырылды. Көппәтерлі тұрғын үй аулаларына 30 спорттық және 3 стритбол алаңдары, 70 дана аялдама орнатылды. 2 млрд теңгеге 68 көшеге тротуарлар салынған.  Аталған жобалар аясында барлығы 5379 жұмыс орны құрылды.
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Ақсуат ауылдық округіндегі №143 мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, 16 көшенің жолы жөнделген.
Кездесуде өңір басшысы қала әкіміне об­лыс орталығының экономикалық дамуын арт­тыруда бірқатар тапсырма жүктеді.
***
Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев қабылдауда аудандағы жыл бойғы атқарылған жұмыстарды саралады.
Ауданда жыл басынан бері өнеркәсіп орындары 14,4 млрд теңгеден астам өнім өндіріп, салыстырмалы көлем индексі 110,6%-ті көрсетуде.
Жыл ішінде аудан бойынша барлығы 783,6 мың тонна тұз қазылып, 219,1 мың тонна йодталған тұз, 5,4 мың тонна балық, 240 тонна ет, 788 тонна нан және нан өнімдері, 92,4 мың текше метр кварц топырағы өндірілген.
Бүгінде аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4150 бірлікті құрайды. Мал шаруашылығын дамытуда 564,2 млн теңге болатын 119  жоба қаржыландырылған. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2025» мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында екінші дең­гейлі банктер арқылы 173,0 млн теңге болатын 7 жоба субсидияланған.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі  8,9 млрд теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 102,0 %.
Мүйізді ірі қара 0,1 пайызға, жылқы 2,8 %-ке, түйе 5,7 %-ке, қой мен ешкі 1,3%-ке өскен.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласы бойынша 26 заңды тұлға мен 856 шаруа қожалығы бар, оның ішіндегі 7 құрылым асылтұқымды мал өсірумен айналысады.
Жалпы негізгі капиталға салынған инвестиция ауыл шаруашылығы саласы бойынша 11 айда 156,3 млн теңге болып, 299,4 %-ке орындалса, тамақ өнімдеріне салынған инвестиция 304,4 млн теңгені құрады.
Сонымен қатар, ауданнан «Қамышорда» ЖШС арқылы Германия, Голландия мемлекеттеріне 594 тонна қамыс және Өзбекстан Республикасына «КZ-MBK» ЖШС арқылы 136 тонна I сұрыпты «Аралым ұны» экспортталған.
Ал ағымдағы жылы 6 214 тонна балық ауланып, оның 5 388 тоннасы өңделген.Оның ішінде 2 159 тоннасы Ресей, Қытай, Германия, Польша, Грузия мемлекеттеріне экспортқа шығарылды. 
Облыс әкімі аудан басшысына бірқатар тапсырма жүктеді.
***
Облыс әкімі Қазалы ауданының да әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты индикаторларды бағамдап, негізгі жұмыстармен танысты. Өз кезегінде аудан әкімі Мұрат Ергешбаев 11 айдың қорытындысын баяндады. Алдағы жыл межесі де айтылмай қалған жоқ.
Қазалы ауданында жалпы өсім қалып­тасқан. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 2,9%-ке артып, 14,0 млрд тең­генің өнімі өндірілген. Негізгі қорға тартылған инвес­тиция 11 млрд 541 млн теңге. Құрылысқа 4 млрд. 616 млн теңге бөлінген.
Ауданда есепті мерзімге 14 млрд 528,8 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, 21 951 тонна күріш жиналған. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында құны 3 млрд 11 млн 89 мың теңге болатын 42 жоба іске асырылды. Осының нәтижесінде жүздеген тұрғынға жұмыс табылып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылудан өткізілді. Бағдарлама шеңберінде Ғ.Мұратбаев ауылына табиғи газ жетіп, Ақсуат ауылынан 150 орындық клуб салынды. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы арқылы Бекарыстан би ауылында 930 млн теңгенің жұмысы атқарылды.
Қабылдау барысында аудан әкімі эпедимиологиялық ахуал тұрақты екенін, жыл соңына дейін оттегі баллондарын толтыратын цех іске қосылатынын да тілге тиек етті. Бұл цех іске қосылған уақытта аудан тұрғындарымен қатар, көршілес Қармақшы және Арал ауданы, Байқоңыр қаласын да оттегімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
Облыс әкімі аудан халқының әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жобаларды жалғастыруды тапсырды.
***
Сондай-ақ облыс басшысына Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп берді.
Аудан аумағына 2 кент, 12 ауылдық округ кіреді. Өнеркәсіп саласында  11 айда 3234,0 млн теңге өнім өндіріліп, өткен жылдың есепті мерзімінен салыстырғанда 112,2%-ті құраған.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жоғары.
Есепті кезеңде 24100 шаршы метр тұрғын үй іске қосылған.
Мал шаруашылығын дамыту бағы­тында қарқынды жұмыс бар. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-қараша айларымен салыстырғанда мүйізді ірі қара 4,8 %, уақ мал басы 3,4 %, жылқы 2,9 %, түйе 3,9 %, құс 4,8 % өскен.
Аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8465,0 млн теңгені құрайды. Ал, шағын кәсіпкерлікті дамытуда жыл басынан аудан бойынша 42 өндірістік шағын жобалар іске асырылған.
Аймақ басшысы аудан әкіміне мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыссыздық мәселесі бойынша бірқатар нақты міндеттемелер жүктеді.
***
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шәменовті қабылдап, ауданның биылғы 11 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есебін тыңдады.
Жалағаш ауданында 2020 жылдың 1 желтоқсанына жоспарланған макро-экономикалық көрсеткіштері бойынша жалпы өсім қалыптасқан. Аудан әкімінің айтуынша, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 130,5 пайызға жетіп,  9,2 млрд теңгенің өнімдері өндірілген. Бұл көрсеткіш был­тырғы жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 2 есеге жоғары. Негізгі қорға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 15 млрд 612 млн теңге. Бұл өткен жылға қарағанда 110,5 процент. Құрылыс жұмыс­тары 2,5 есеге ұлғайған. Сонымен қатар биыл жалпы құны 4 млрд 897 млн теңгеге 174 жоба қаржыландырылып отыр.
Сондай-ақ Асылбек Шәменов есепті кезеңде 21 млрд 541 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілгені жөнінде ақпарат берді. Қамбаға 149472 тонна күріш жиналып, жақсы көрсеткішке қол жеткізілген.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарлама аясында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін 1,8 млрд теңге тартылып, 700-ге жуық жұмыс орны ашылған.
Кездесу соңында аймақ басшысы аудан әкіміне бөлшек сауда көрсеткішін жақсарту, шағын және орта бизнеске қолдау жасау, экономикалық жобаларды әртараптандыру бағытында бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар, облыс әкімі аудандағы эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. 
***
Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев та облыс әкіміне ауданның 11 айдағы көрсеткішін баяндап, 2021 жылға жоспарымен бөлісті.
Ауданда биылғы жылдың қаңтар-қараша айында өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 3463,0 млн теңгенің өнімін өндірген. Өткен жылдан өсім бар. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 2891,0 млн теңге.
Сырдария ауданында ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 1,7%-ке артқан. Есепті мерзімде ет өндірісі 0,6 %, сүт өндірісі 0,8 %, жұмыртқа 1,6 % өсіп отыр.
Пандемияға қарамастан ауданда құрылыс жұмыстары қарқын алып, кәсіпкерлік субъекті саны 2291-ге жетті.
Облыс әкімі ауданда атқарылған ауқымды жұмыстарды саралай келе, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын түсірмеуге, бюджеттің толық игерілуіне және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты сақтауға қатысты бірқатар тапсырма берді.
***
Шиелі ауданында биыл өнеркәсіп орындары арқылы 33,8 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 167,1 %-ке орындалған.
Бұл туралы аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков қабылдауда мәлімдеді.
Тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 5180 субъектіге жетті. Кәсіпкерлік саласы бойынша мем­лекеттік бағдарламалар аясында 747 жоба  қаржыландырылып, жоспар 106,1 процентке орындалып отыр.
Ауыл шаруашылығында 30 млрд 653 млн теңгенің өнімі өндірілген.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Шиелі кентінде үшқабатты 18 пәтерлі 5 тұрғын үйдің және бірқабатты 25 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада үшқабатты 18 пәтерлі 1 тұрғын үй табысталатын болады.
«Өңірлерді дамытудың – 2020» мем­лекеттік бағдарламасы аясында Тартоғай және Сұлутөбе елді мекендерінің ауызсумен қамту жүйелерінің және бас су қоймасының құрылыстары жүргізілген.
Жақын күндері Жаңатұрмыс ауылдық округі бойынша 205 тұрғын үй табиғи газға қосылмақ.
«Самара-Шымкент-Майлытоғай» автомобиль жолы орташа жөндеуден өткізілсе, «Жиделіарық елді мекеніне кіреберіс» автомобиль жолын жөндеу, «Самара-Шымкент» автомобиль жолының ауданға қатысты 6,5 шақырымын қайта құрылымдау жұмыстары жүруде.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында және аудан бюджетінен Шиелі кенті бойынша ұзындығы 23,5 шақырым 68 көшеге және 11 елді мекенде ұзындығы 23 шақырым 27 көшеге  күрделі, орташа және жай жөндеу жұмыстары атқарылды.
Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты қашықтан оқитын оқушылар үшін электронды техникалар алынып, үкімет резерві қорынан бөлінген қаржыға 730 планшет, 290 компьютер жеткізіліп, құрылғысы жоқ балаларға таратылды.
Кездесу соңында өңір басшысы ауданның экономикалық көрсеткішін арттыру бағытында бірқатар тапсырма беріп, эпидемиологиялық ахуалды ұдайы назарда ұстау қажеттігін жеткізді.
***
Облыс әкімі сонымен қатар Жаңақорған ауданы әкімі Руслан Рүстемовтің есебін тыңдады.
2020 жылы ауданның бюджеті 126,6 процентке орындалып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру есепті кезеңмен салыстырғанда 102,5 процентті құраған.
Жаңақорғанда өндірілетін құрылыс заттары республиканың басқа облыстарына да жеткізілуде. Биыл 73,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Бюджет қаржысы есебінен 8,3 млрд теңгеге әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізіліп, күрделі жөндеуден өткізілді, сондай-ақ ауданішілік жолдарды жөндеу мен аяқсу арнасын тазалау ұйымдастырылды. Оның ішінде Жаңақорған кентінде 600 және 300 орындық екі мектеп 2021 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында 9 спорт нысанының құрылысы аяқталды. Ал, 6 нысан 2021 жылы пайдалануға берілмек.
Ауданда кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық жаңа жобалар жүзеге асуда. 10 Мвт энергия қуатын күн сәулесінен өндіретін құрылғы орнатылмақ. Жоба құны – 3,8 млрд теңге. Одан бөлек, 2021 жылы 3,3 млрд теңгеге құс етін өндіретін фабрика салынады деп күтілуде.
Облыс әкімі 2021 жылдың міндеттері мен мақсаттары бағытында нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде облыстық бюджет қаржысына Ақүйік ауылдық округіндегі 90 орындық балабақша құрылысы мен аталған елді мекенге газ желісін тарту мәселесін атап өтті. Сондай-ақ, ауылшаруашылық дақылдарын әрта­раптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыссыздық мәселесін шешуге басымдық беру қажет екенін айтты.
syrboyi.kz
26 желтоқсан 2020 ж. 461 0