Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасылар арасында эстафеталық жарыс өтті

Отбасылар арасында эстафеталық жарыс өтті

Арал қаласы № 64 орта мектебінің спорт залында «Арал Аудандық Орталық Мешітінің» мешітінің ұйымдастыруымен «Əкем, анам жəне мен спорт сүйер отбасымыз» атты ұранымен жанұялар арасында аудандық эстафетадан жарыс өтті.
Эстафетаға ауданға қарасты кент, ауылдық округ және елді мекен мешіттерінің қызметкерлері қатысты. Салауатты өмір салтын ұстану – саналы қоғамның таңдауы. Денсаулықты шынықтырып, күш-қуатты арттыратын спорт саласынан мұсылман жұртшылығы, әсте, алыс емес. Себебі, адамзат игілігіне арналған жаттығу жарыстары өзіндік талап-ережелерге сәйкес, шариғатта құпталатын амал. 
Әз пайғамбар өсиетінде «Қуатты мүміннің әлсізге қарағанда Аллаға жақын әрі сүйікті екені» ашық айтылған. Демек, бүгінгі білек сыбанып, күш сынасатын сайыстың аралдық мұсылман жамағаты үшін мән-маңызы айрықша болмақ.
Командалар аламан жарыста «Кедергілер арасымен жүгіру», «Қаз -қатар жүрелеу», «Аламан», «Қаппен секіру» бойынша күш сынасты. 
Қазылар алқасы бес тур бойынша балдық жүйемен топтың белсенділігін бағалап, шын жүйрікті анықтауға ден қойды. Әділ қазылардың ортақ ұйғарымымен «Алға» командасы – 1 орын, «Жалын» командасы – 2 орын, «Ерімбетжаға» командасы 3 орынға ие болды. Жарыстан қалыс қалмаған өзге топтар да арнайы марапаттау, алғыс хаттарымен, бағалы сый-сияпаттармен марапатталды.
15 мамыр 2018 ж. 2 853 0